Жеңіс алға жетеледі

0 22

«Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары, дәлірек айт­қанда, танымал «Astrobones» квартетінің мүшелері Фархад Болатов, Алмас Сағымбаев, Альбина Өтегенова және Ерасыл Әмешов GRAND MUSIC ART бейнежазбалары бойынша музыканттар арасындағы X үлкен халықаралық байқауда топ жарып, бірінші жүлдеге қол жеткізді.

Халықаралық байқауға 200 қаладан 2760 музыкант қатысып, бақ сынады. Олардың өнерін Ресей және басқа да шет мемлекеттердің жетекші музыканттары сарапқа салды. Әсіресе «Үрмелі және соқпалы аспаптар» аталымында өнерпаздардың талантын Мәскеу консерваториясының доценті, Ресей мемлекеттік академиялық Үлкен театры оркестрінің солисі Алексей Корнильев, Ресей мемлекеттік академиялық Үлкен театры оркестрінің кларнеттер тобының концертмейс­тер-солисі Сергей Петров және Мәскеу консерваториясының профессоры, Шнитке атындағы МММИ профессоры, Ресей мемлекеттік академиялық Үлкен театры оркестрінің солисі Эркин Юсупов бағалады.
– Әрине, біз үшін күтпеген оқиға болды. Бұл жолы біз жаңа құраммен шықтық, ептеп қобалжысақ та, өнерімізді лайықты көрсете білдік. Және жеңіске Наурыз мерекесі қарсаңында қол жеткізгеніміз қуанышымызды еселей түсті. Мұндай халықаралық деңгейдегі байқаулар музыканттарға күрделі жаңа шығармаларды әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл жеңіс бізге үлкен шабыт берді, алға жетеледі. Енді жиі концерттер мен түрлі қызықты бағдарламалар дайындауды жобалап отырмыз. Алдағы уақытта Ресейде концерт берсек дейміз. Сонымен бірге қазіргі эпидемиологиялық ахуал мүмкіндік берсе, онда біз өз өнерімізді Өзбекстанға да ұсынатын боламыз, – деп атап өтті квартеттің жетекшісі Фархад Болатов.
Айта кетейік, GRAND MUSIC ART байқауы бейнежазбалар бойынша өтті. Халықаралық байқауға қашықтан қатысу орындаушыларға заманауи жағдайда жаңа мүмкіндіктер ашты, географиялық бөгеулерді еңсеруге мүмкіндік берді, басты мақсат дарынды өнерпаздардың шеберлігі мен кәсібилігін зерттеуге қол жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 6 =