«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеңілдікпен жүру қағидаты

0 230

Елордада жеңілдікпен жүретін азаматтар арасында электронды төлеу жүйесіне көшуге байланысты бірқатар түсініспеушілік туындаған еді. Кеше «Астана LRT» компаниясының басшысы Бекмырза Игенбердинов журналис­терге арнап брифинг өткізіп, мәселеге нүкте қойды.

2018 жылдың басында жа­ңар­тылған мәліметке сәйкес, елордада 114 мыңға жуық астаналық қоғамдық көліктегі әлеуметтік жәрдемақы кітапшасын пайдаланады. Оларға зейнеткерлер, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, соғыс ардагерлері және мүмкіндігі шектеулі азаматтар кіреді. Бүгінде 76 мың адам ғана есімдері жазылған кітапшаны атаулы көлік картасына алмастырған. Алайда оның тек 50 мыңы ғана іс жүзінде пайдаланып келеді. Жеңілдікпен жүретін азаматтардың көбісі картаны автобус терминалына тигізбейді. Соның салдарынан жолаушылар легін саралау, қажет болған жағдайда автобус маршруттарын көбейтіп, көлік кептелісін азайту қиындай түседі.
– Кейде кондукторлар біздің нұсқауларды дұрыс түсінбей жатады. Олар зейнетақы кітап­шаларын көрсеткен аза­маттарды электронды карталарының жоқтығын айтып, автобустан түсіріп тастағысы келген жағдайлар кездесті. Бұл жөнінде автобус парктеріне барып түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Біз зейнетақы куәліктерімен жүруге шектеулі уақыт береміз. Одан кейін тегін Astra Plat картасын алуға міндетті. Қоғамдық көліктегі жеңілдікке ие азаматтардан карталарын валидациядан өткізуді сұраймыз. Бір ескертетін жайт, егер валидатор істен шықса, кез келген жолаушы тегін жол жүруге құқылы, – дейді Бекмырза Игенбердинов.
Арнаулы көлік карталары зейнеткерлер мен жәрдемақы алушыларға тегін беріледі. Ал жеке адамның мәліметтері Астана қаласының зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан алынады. Жаңартылған деректер базасы үш айда бір рет берілетіндіктен, жеңілдігі бар азаматтар жеке көлік картасын зейнетақы куәлігін алған сәттен бастап 3 ай өткен соң ғана ала алады.
Сізге тиесілі жеңілдік картасын Қажымұқан көшесі, 14 мекенжайы бойынша орналасқан төлем департаменті жүйесінен алуға болады. Ол үшін зейнетақы куәлігін көрсетіп, фотоға түсу керек. Карта 5 жылға дейін жарамды.
Сонымен қатар, Бекмырза Игенбердинов қоғамдық көліктегі жолақының көтерілуіне қатысты сұраққа да жауап берді.
«90 теңгелік жолақыны көтеру-көтермеу туралы шешімді қалалық мәслихат қабылдайды. Биыл сәуір айында нақты ұсыныстарды мәслихаттың қарауына жібереміз» деген компания басшысы жақын арада жаңа тарифтер сараланған жүйе бойынша енгізілетінін жеткізді. Демек, Астана тұрғындары үшін жол жүру ақысын қолма-қол төлегеннен гөрі электронды картамен төлеген тиімдірек болмақ. Жол ақысының қаншалықты көтерілетіні әлі белгісіз. «Сарапшылармен әрдайым кеңесіп отырамыз. Олар елордадағы жол ақысының негізгі құны – 500 теңгеге тең екендігін айтады. Әрине, бұл сомаға ешкім келіспейді. Сондықтан біз халық таңдауына түрлі тарифтерді ұсынамыз. Мәселен, бір сағаттың ішінде келесі автобусқа міну – тегін. 400 теңгелік AstraPlat картасына 10 рет жол жүруге арналған төлемді сатып алсаңыз, оған 11-інші рет жол жүріп өту – тегін» дейді ол.
Сондай-ақ, биыл автобус­тарда тегін жүруге мүмкіндік беретін зейнетақы кітапшаларын алып тастау көзделген. Оның орнына ақысыз жүруге арналған электронды карталар беріледі. Бұл – электронды жүйеге толығымен көшудің алғышарттарының бірі.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды