«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеңілдетілген автонесие: жеңіл ме, ауыр ма?

0 7

Нұр-Сұлтан қаласының автосалондарында өткен аптада ұзын-сонар кезек пайда болды. Себебі сәуір айының соңынан бастап елімізде құрастырылатын жеңіл автомобильдерді 4 пайыздық жеңілдетілген несиемен сату бағдарламасына қомақты қаржы бөлініп, оны алуға үміттілер саны артты.

627235b3eb3b7284140745+++

Үмітті көп, көлік кем

Қорғалжын тасжолы бойындағы MITSUBISHI орталығы Астана «TERRA MOTORS» компаниясына келдік. Мұнда жапа-­тармағай таласқан кезек көрінбеді. Өйткені осының алдыңғы күні ғана «Еуразия» банкі жеңілдетілген несиеге автокөлік алуға өтініш қабылдауды тоқтатыпты. Мұның мән-жайын сол жердегі аталған банктің жауапты маманы Диана Асылбековадан сұрағанымызда, ол былай деді:

«Біріншіден, біз бір аптаның ішінде бес жүзге тарта өтініш қабылдадық. Алайда салондарда әлі жеңілдікпен берілетін көлік жоқ. Ол көліктер бір ай, бір жарым айда келеді деп күтіліп отыр. Еуразия банкі тілек білдіруші азаматтардан өтінішті ерте қабылдап қойды. Сондықтан тиісті автокөліктер салондарға жеткізіліп, автодилерлер көліктің құжаттарын рәсімдеу жұмысын бастағанша, азаматтардан өтініш қабылдауды тоқтата тұруға шешім қабылдадық».

Жыры жыл басында басталған жеңілдетілген несиемен көлік алу жайы қазір кім-кімнің де қызығушылығын туғызып тұр. Бірақ түптеп келгенде, оған екінің бірінің қолы жете бермейді екен. Біріншіден, бұл жеңілдік жасы алпыстан асқандарға берілмейді. Екіншіден, 4 пайызбен автокөлік алғысы келетіндердің айлық табысы 290 мың теңгеден кем болмауы қажет. Үшіншіден, басыңызда бұрын банктен алған кредитіңіз болмауы қажет. Міне, осы басты критерийлер сізге қатысты болмаса, кез келген автосалонға барып, жеңілдікті автокөлік алуға кезекке тұруға мүмкіндігіңіз бар. Алайда төрт пайыздық кредит тек жеті жылға ғана беріледі. Тілек білдірушілерге, негізінен, мынадай: «Chevrolet Nexia», «Chevrolet Cobalt», «Hyundai Accent», «Kia Rio», «Kia Cerato», «Kia K5», «Hyundai Elantra», «Hyundai Sonata», «JAC», «LADA» маркалы машиналар ұсынылады. Бұлардың бағасы да 5,9 миллион теңгеден 16,7 миллион теңге арасында көрінеді. Бірақ сатып алатын көлігіңіздің бағасы 15 миллион теңгеден аспауы керек. Банк әр адамға тек он миллион теңге ғана кредит береді. Ал он миллион теңгеден асқан көліктің бағасын өз қалтаңыздан төлеуге тура келеді.

Қазір жеңілдетілген көлік несиесі бағдарламасына мемлекеттен 100 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінгені белгілі болды. Енді сол қаржыландыру жүйесінің әділ де ашық болуы үшін екінші деңгейлі банктерге Қазақстанның Индус­трия және инфрақұрылымдық министрлігі тілек білдірушіні қаржыландырудың уақыты мен көлемін бақылап, көрсетіп отыратын автоматтандырылған жүйені іске қосуға тапсырма берді.

Ереже талабы да өзгеше

Жақында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев брифинг өткізіп, «елімізде құрас­тырылатын жеңіл автомашиналарға ресейліктердің сұранысы артып отыр» деген бекер сөз. Көлік бәріңе жетеді әрі өзіміздің көлік тек өз азаматтарымызға ғана сатылады» деп кейбір алып-қашпа әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Бірінші кезекте жеңілдетілген кредит тек қазақстандық азаматтарға беріледі. Әрі оны тек жаңадан кезекте тұрғандар ғана ала алады. Бұрынғы кезек енді жарамсыз болып қалды. Сондықтан кейбіреулер жете түсінбей, «мен екі жыл бұрын тұрып қойғанмын, мен бір жыл бұрын өтініш беріп қойғанмын» деген сөздер айтылып жатыр. Тағы да қайталап айтамын, бұл жаңа бағдарлама, жаңадан қаржыландырылып жатыр. Сондықтан ережесі де, талаптары да бұрынғыға қарағанда өзгешелеу» деді ведомство басшысы.

Жеңілдетілген 4 пайыздық кредитті төрт банк береді. Олар: «Қазақстан Халық банкі», «Центр­Кредит» (БЦК), Forte және «Еуразия» банкі. Әр банктің өз лимиті болады. Барлық бөлінген қаржы – 100 млрд теңге.

– Бұл бағдарлама халықтың көңілінен шығып жатыр. Менің жасым 27-де, қасымдағы жолдас жігіт – 33 жаста. Екеуміз бір мекемеде – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жұмыс істейміз. Еңбекақымыз да жаман емес. Көлік алу үшін жеңілдетілген кредит беру шарттарына толық сәйкес келіп тұрмыз. Жаңа ғана «ЦентрКредит» банкке есеп шот ашуға кезекке тұрдық. Келесі аптада бізге рұқсат беретін, бермейтіні белгілі болады, – дейді.

Қазір банктерде электронды кезек жүзеге асырылуда. Кез келген үміткер өзінің қандай дәрежеде тұрғанын сол арқылы тексере алады. Бұл бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – банктер тілек білдірушіден өтінішті тек төлем шотыңызда VIN-коды болған жағдайда ғана қабылдайды. Ол үшін әуелі сіз алатын көлік автосалонға әкелінуі керек. Бұл енді банктерде кезектің ұзаққа созылып кетпесі үшін жасалып отырған сақтық амалы екені белгілі.

«Бағдарламалар іске қосылып, автокөліктер жаппай сатыла бастаған кезде, автосалондар бағаны көтеріп жібермей ме?» деген қауіп те айтылып қалды. Оған Қазақстан автобизнесі қауымдастығының техникалық реттеу директоры Ербол Сейпілов: «Ондайға жол берілмеуі керек. Өйткені автосалондар жалпы нарықтың 20 пайыз үлесін бағдарламаға қатысқандары үшін алып отыр» деп жауап берді.

Өткен жылы Hyundai Trans Kazakhstan және «СарыарқаАвтоӨндірісі» 90 мыңға тарта машина шығарыпты. Ал 2022 жылы олар өндірісті тағы 20 пайызға арттырмақшы екен. Сондықтан жылдың аяғына дейін еліміздің барлық автосалондарында жоғарыда көрсетілген маркадағы автокөліктер толық жеткізіледі» деді Қазақстан автобизнесі қауымдастығының вице-президенті Анар Макашева.

Тағы бір айта кетерлігі, әрбір автосалонда клиенттерге бронь беріледі екен. Сізді алдын ала сату-сатып алу келісімшарты бойынша автосалон электронды кезекке қойып, алатын көлігіңізді алдын ала брондайды. Сол арқылы барлық үдерісті көріп отырасыз. Автосалонға келіп, таңдаған автокөлігіңізді менеджер арқылы алып кетуге сізге барлық мүмкіндік жасалады. Ал егер сәл де болса автосалонның жұмысына күдік туса, тұтынушыны қолдау қызметіне жүгіне аласыз.

Анар Макашеваның айтуынша, егер сіздің өтінішіңізді бір банк қанағаттандырмаса, екіншісіне баруыңызға болатын көрінеді. Ал банктің қызметкерлері сол автосалонның ішінде отырады.

«Автокредитті қалай рәсімдеу­ге болады?» деп сұрап жатады. Оның да көп қиындығы жоқ. Ең бірінші тұтынушы орталықтың дилеріне келіп, өзінің қандай отандық автокөлікті таңдағанын айтады. Клиент таңдаған машинаның маркасы, түсі, жиынтығы түгел сәйкес келсе, міндетті түрде VIN-коды көрсетілген төлем шотын жазып береді. Есепшот бес банк күнге жарамды. Сол арқылы үміткер банкке барады. Олар оны сол бойда электронды кезекке қояды да, ең бірінші төлем қабілетіне, кредиттік тарихына назар аударады. Бәрі ойдағыдай болса, банк кредит алуға сенім хат береді. Ал клиент банктен алған сол сенім хатын дилерлік орталыққа бес күннен қалдырмай тапсыруы керек. Өтінім бергеннен кейін тұтынушы өзі таңдаған автокөліктің маркасын да, моделін де өзгерте алмайды. Егер алудан бас тартса, электронды кезектен шығарылады да, оның орнына жаңа қатысушы қабылданады.

Сөз бен іс қабыспайды

Ермек Азаматов көптен бері өзіне көлік сатып алғысы келіп жүрген. Үкімет автокөлікке жеңілдетілген кредит береді дегенді естігенде, ойы енді тезірек жүзеге асатындай қатты қуанды. Әр ақпаратқа елеңдеп, автосалонға алғашқы болып жеткен де өзі. Бірақ көп ұзамай көңілі су сепкендей басылды.

Банк кеңесшісі оған «өзіңіздің төлеп жатқан кредитіңіз бар екен. Табысыңыз да айына 280 мың теңгеге жетпейді» деп өтінішін мақұлдамайтынын білдірді.

«Сонда бұл кімдер үшін дайындалған бағдарлама?!» деп мұңаяды ол.

Ал екінші бір үміткер Жансая Сұлтанова «КАСКО» сақтандыру компаниясы сатып алынған автокөліктің сақтандыру құнын жеті жылға бірден алатынын естіп, ренішін жасыра алмады.

«Бізге о баста сақтандыру ақысын жыл сайын төлеп тұрасыңдар деген. Енді келіп жеті жылға бірден алатынын білгенде көңіл күйіміз түсіп кетті. Өйткені жеті жылға 1 миллион 200 мың теңгедей ақша төлеуіміз керек екен. Ол біз үшін үлкен салмақ болайын деп тұр» дейді.

Міне, жеме-жемге келгенде о баста айтылған сөз бен істің қабыспай жатқан сәттері көрініп қалып жатыр. Оны жауапты адамдар «көш жүре келе түзеледі, бара-бара бәрі реттеледі» деп сабырға шақырғанмен, расында да, бағдарламаға қарапайым адамдардың қол жетпейтіндей олқы тұстары анық байқалуда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды