«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жемқорлыққа басшылар жауапты

0 144

Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болды. Президент Жолдауында мемлекеттік қызметтер аясында қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайту қажеттігі айтылды.


Әсіресе, жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер – елді мазалайтын мәселе. Бұл салада ешқандай ашықтық жоқ екенін Президент те мойындап отыр. Сондықтан тиісті органдарға жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырды.
Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайы­зы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс. Ол үшін Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң жедел жаңартылмақ. Сонымен қатар, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қолға алынатын болды. Басшылардың жеке жауапкершілігі демекші, бұл мәселе қала әкімдігінде өткен жергілікті атқарушы органдардың кеңесінде де көтерілді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы бойынша департамент басшысы Жазира Жылқышиева жиында жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыс­тарға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру үшін сыйақы және факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа жалақы жүйесін енгізу маңызды қадам болып отыр. Енді жалақының көлемі жұмыстың сипаты мен күрделілігіне, ал бонустарды бөлу түпкілікті нәтижелерге жетуіне байланысты болады. Қазірдің өзінде жаңа жалақы жүйесінің оң әсері байқалған.
Атап өткен жөн, бүгінде №10 емхана, Балалар үйі және №54 мектеп-лицейіне оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қызмет сапасы мен мамандардың жалақысын арттыруға бағытталған миллиондаған теңге үнемделген.
Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департамент басшысы Дулат Әзбергенов шенеу­ніктердің жауапкершілігі туралы айтты. Басшылардың лауазымдық міндеттерін білмеуі және жоғары жеке жауапкершіліктің болмауы ұжымда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға әкеледі, – дейді ол. Мысалы, қызмет бабын асыра пайдаланып, 9 жылға бас бостандығынан айырылған Сарыарқа ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Риза Акчуриннің кезінде ауданның үш әкімі ауысқан. «Алайда олардың бірде-біреуі Акчуринге қатысты тиісті шаралар қабылдаған жоқ» дейді ол.
Іс-шараға қатысқан қоғам өкілдері ұсыныстар айтып, мемлекеттік органдардың жұмысына бірқатар ескертулер жасады. Астана әкімінің орынбасары Асқар Амрин азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесуді арттыру және кәсіби қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдардың жұмысын күшейту бойынша хаттамалық рәсімде нақты тапсырмалар берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды