Жемқорлықпен күресте бірлік керек

0 42

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн. Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын» деген еді.

«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясындағы кезекті эфирде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева мен эфир қонағы, ақпараттық, ағартушылық штаб жетекшісі, қоғам қайраткері, публицист, жазушы Сәдібек Түгел парасаттылық пен адалдықты насихаттау, қоғамдық бақылаудың маңызы турасында әңгіме өрбітті.

Штабты халық қолдап отыр

Жазира Жылқышиева: – Сәдібек ағамыз былтырдан бері рес­публикалық агенттік жанынан құрылған ақпараттық-ағарту штабында жетекшілік етеді. «Антикор» орталық алаңында елорданың барлық мемлекеттік органындарына қатысты үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Штабтың жұмысы жемқорлықтың, жалпы құқықбұзушылықтың алдын алу, заңды түсіндіру, ақпараттандырудан басталады, ол орындалмаған жағдайда қандай жауапкершілік барын түсіндіреді.
Сәдібек Түгел: – 11 адам мүше болып, футбол командасы сияқты құрылғанына 11 ай болады, соның бас бапкері Жазира Жақсылыққызы өзіңіз, осы аралықта атқарылған шаруаның біраз жемістерін көріп отырмыз. Бұл ақпараттық-ағарту штабының негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың бастамаларын, қабылданған заңдарды, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың осы кеселге қарсы бағыттарын, ұстанымын насихаттап дәріптеу, түсіндіру. Оны тек қана түсіндіріп қоймай, халықты, қоғамды, оның ішінде жастарды жемқорлыққа төзбеу­шілікке тәрбиелеу, осы кеселден жиіркендіру керек. Бұл шын мәнінде, алға басып бара жатқан Қазақстанға қолбайлау, тосқауыл болып тұрған кеселден құтылуда сіздердің ұсыныстарыңызбен, Алик Жатқамбайұлының қолдауымен өмірге келген штабты халық қолдап отыр. Сондықтан біз дұрыс жолдамыз, дұрыс бағыттамыз.

Халықпен бірлесіп қана тойтарыс бере аламыз

Сәдібек Түгел: – Цифрлар туралы айтып кететін болсақ, осы 11 ай ішінде 140-тай еңбек ұжымдарымен кездесу өткіздік. 38 мың адам қатысты. Олардың әрбіреуі отбасы мүшесі, барғаннан кейін өз шаңырағында түсіндіреді. Карантин кезінде «Антикор» орталығы бір сәтке де тоқтаған жоқ, онлайн режимде жұмыс жүргізіп отырды. Менің өзім 151 тікелей эфирге қатыстым. Бұл менің оқырмандарым үшін қажет, мысалы, «Жастар және жемқорлық» тақырыптары қажеттіліктен көтеріліп отыр. Бұл істі әрі қарай жалғастыра береміз. Біздің құрам өте сапалы құрам, ішінде қоғам қайраткерлері, жазушылар бар, бұл жерде мән беретін нәрсе – әділдікті, парасаттылықты уағыздап жүрген біздің парасатты азаматтар. Мұның жемісі арта түседі, алдымызда асулар мен белестер тұр. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 тамыз­да және 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында біздің алдымызға қойылған ең үлкен міндеттің бірі де бірегейі – жемқорлықтың тамырына балта шауып, желкесін қию керек, сөйтіп қана Қазақстанның қарыштап дамуына жол ашамыз. Жаратқанның берген, ата-бабалардың қанымен, жанымен, терімен келген байлық арқылы экономиканы дамытамыз, әл-ауқат пен мәдениетті көтереміз, ең бірінші жастарға жол ашылады. Бұл жұмысты ары қарай кеңейте беру керек. 14 желтоқсан күні «Антикор» орталығына бір жыл толады, бұл жай ғана бір жыл емес, ақылмен, ой-ниетпен өмірге келген «Антикор» орталығы қазір бүкіл Қазақстанды көтеріп отыр, бұрын бұл жерде атынан ат үркетін Қаржы полициясы болған болса, қазір мұңын айтып бизнесмендер келеді, қарапайым адамдар келеді мәселесін шешуге, жастар келеді. Осы жерде дөңгелек үстелдер мен кездесулер өтеді, бұл – халықпен бірігу, халықпен жұмыс деген сөз. Біз бұл кеселді халықпен бірлесіп қана тойтарыс бере алатынымызды Президенттің өзі айтып отыр. Сондықтан «Антикор» орталығының алатын орны ерекше.

Қоғамдық бақылау – адалдықтың сақшысы
Жазира Жылқышиева: – «Қоғамдық бақылау» заңын қабылдау туралы Президент өз Жолдауында тапсырма берді. Қазір Үкімет тарапынан дайындалып жатыр. Қоғамдық бақылау болмай-ақ әр мемлекеттік органның қызметкері соған міндетті болуы керек деп есептеймін. Осы заңға енгізілген өзгерістерге байланысты түсіндіру жұмыстарын бастадық, сонда сұрақтар болды. Адамдар неге сұрақ қояды, неге арыз жазады, бұл үшін ең алдымен әр мемлекеттік орган ашықтықты қамтамасыз етуі керек. Қазір «Антикорға» кез келген мәселемен келетін болды. Мейлі ол жол мәселесі, тендер, жоспарлау болсын. Төрағаның тапсырмасымен әрбір арызды қарап, әр мемлекеттік органның қатысы болса жинап, түсіндіріп айтамыз, арыз беруші адам осы жерден кеткенде өз сұрағына жауап алып кетуі тиіс. Кімге қандай ақпарат қажет, соны ала алуы керек. Мысалы, өткен аптада болған эфирдің сұрағына мемлекеттік орган өкілі жауап берді. Әрине, кейде бірден шешу қиын, көзге көрінбейтін жұмыс көп, бірақ, штабтың мақсаты – түсіндіру. Осы жерде айта кетейін, штаб та, басқа да қоғамдық ұйымдар да ешқандай қаржыландырылмайды, бұл – азаматтардың өздерінің елге еңбек етеміз, жақсартамыз деген адал ниеті. Бұл жерге келген адам қаржы алам деп келмейді, бірігіп, елге жемқорлықтың алдын алу туралы айтамыз деп келеді, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектордың адамдарын бір жерге жинап, елдің азаматтарының мәселесін шешуге келеді. Біздің жұмыстарымыздың барлығы әлеуметтік желіде бар, дегенмен елмен кездесіп, бетпе-бет жұмыс істеген бөлек. Ең бастысы, сұраныс бар. Сәдібек аға, сіздің жақында екі аптадай демалысқа барған жерде де осы жұмысты жалғастырғаныңызды білеміз.

Бұл – азаматтық  парызымыз

Сәдібек Түгел: – Бізге тұсау болып тұрған жемқорлық кеселіне қарсы әрекет жасай беру керек. Еркін Қыдыр, Тұрсын Жұртбай, Баянғали Әлімжанов деген азаматтармен демалыста болған кезде де екі рет Абылай хан алаңынан, Кенесары атамыздың үңгірінен түсірілім жасадым, бұл ортақ іске үлес қосу, азаматтық парыз деп білем. Құдайға шүкір, 6-7 немеренің атасымын, үлкендердің тәрбиесін көрдік, ендігі жас ұрпақ қандай қоғамда өмір сүреді, кімдермен жұмыс істейді деген сұрақ мені азамат ретінде толғандырады. Қазір төрт миллион жас келе жатыр, ертең біз соларға жол ашып, мүмкіндік беріп, әл-ауқатты, ең бастысы, әділ де таза қоғам қалдыруымыз керек. Әкем марқұм: «Азамат таза болу керек, азамат таза болса қоғам таза болады, қоғам таза болса мемлекет мықты болады» деуші еді. Жазира Жақсылыққызы, жаңа қоғамдық бақылау туралы жақсы айттыңыз, қоғамдық бақылаудың маңызы үлкен, кезінде өзім Ұлан ауданында халықтық бақылауда болған кезде совхоз директорлары «прокурормен келісуге болады, милиция бастығымен келісуге болады, ал халықтық бақылаумен келісу қиын, оның артында халық тұр» дейтін. Депутаттар өте сапалы заң қабылдауы керек, өзім қатты үміттеніп отырмын, сонда жемқорлықтан ада болып, тұрмыстық жемқорлық жойылады, кландық жемқорлықты шегіндіріп, елімізді тазартамыз. Өзіңіз айтқандай, парасатттылық идеологиясын кіргізуіміз керек. Басшы Шыңғыс бауырымыз бар, өзіңіз бар, бұл бағытта жақсы жұмыс жүріп жатыр, Президент 6 қазанда өз қолымен бекіткен Заңда барлық мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық алуға тыйым салынды, жемқорлықпен сотталған адамдарға рақымшылық болмайтын болды, соттар, депутаттар, лауазымды басшыларға шетелдің банктерінен шот ашуға рұқсат болмайды деді. Осы жерде айта кетейін, Президент айтқан парасаттылық идеологиясын насихаттауда «Жұмадағы жүздесу» хабарын ең үздік деп есептеймін. Оның үздік болатыны құрамға да байланысты, Шәкір Ыбыраев, Шерубай Құрманбайұлы, Әділ Ахметов, Үмітхан Мұналбаева т.б. сияқты белгілі тұлғалар қатысады.
Жазира Жылқышиева: – 19 тамыз күні Президент тапсырма берді, Парасаттылық идеологиясын ілгерілету мақсатында 21 тамыздан бастап «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасын іске қосқанда әдейі академиялық кітапхананы таңдадық. Қай ұлттың әдебиеті болсын, адалдық, тазалық деген мәселені көтереді. Кітап оқыған адам парасат иесі болу керек деп ойлаймын. Ұлттық академиялық кітапхана басшысы ­Үмітхан Мұналбаеваға рақмет, бастамамызды қолдап, 1 тамыздан бері 10 эфирді өткізіппіз. Елге белгілі, ісімен өнегелі адамдар арқылы түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Елмен кездескенде заң тұрғысынан, заңның өзгерістерін, жаңалықтарын айтамыз, ал ел алдында жүрген беделді, көшелі адамдар айтқан кезде бұл басқаша болады. Жаңағы кісілер жүрген жерінде адалдық ұғымын көпшіліктің санасына сіңіріп жүруі керек. Олар бұрында да том-том кітап шығарып жүрген кісілер ғой, дегенмен әңгімелерін біз жаққа бұрып, насихат жүргізсе дейміз. Хал-қадірінше ел дамуына пайдасын тигізу – бұл әр азаматтың парызы деп білеміз.

Дайындаған
Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × three =