ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСКЕ ТЫҢ ӘДІСТЕР КЕРЕК

0 106

ERA_4881

Сейсенбі күні өткен «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы талқыланды. Отырысты елорда әкімі, партияның қалалық филиалының төрағасы Иманғали Тасмағамбетов жүргізді.

– Сыбайлас жемқорлық – елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани өркендеуіне кедергі келтіретін бірден-бір фактор. 2008 жылы қабылданған партия бағдарламасы жемқорлықпен күресті жаңа деңгейге көтеруде маңызды рөл атқарды. Алайда, қоғамдағы, жалпы әлемдегі үрдіске назар сала отырып, жемқорлықпен күресте тың әдістер қолдану арқылы жүйелі іс-қимыл жүргізу керектігін түсінеміз. Ауыр індет айықпас дертке айналмауы үшін оны дер кезінде ауыздықтай білуіміз қажет. Сондықтан, осы бағдарламаны халық алдына ашық түрде шығарып отырмыз, – деді баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов.

Астанада партияның 319 бас­тауыш ұйымы жұмыс істейді. Баяндамашының айтуынша, жаңа бағдарламаның жобасын талқылауға осы ұйым мүшелері, жиынтығы 25 мың адам қатысып, жемқорлықты ауыздықтауға қатысты 200-ден астам ұсыныс енгізген. Қалалық филиалда бұл ұсыныстар сұрыптаудан өткізіліп, 21 ұсыныс партияның Орталық аппаратына жолданған.

2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасында «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды қабылдау қарастырылған. Сапар Ахметов партияның қалалық филиалы аталған Заңның қабылдануын қолдайтындығын жеткізді. Ол мекемелердегі қоғамдық бақылауды күшейту үшін қажет. Әсіресе, денсаулық сақтау ұйымдарындағы бақылау кеңестері, білім беру мекемелеріндегі қамқорлық кеңестері қоғамдық бақылаудың сенімді тетіктеріне айналуы тиіс.

Баяндамашының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында өткен жарты жылда мемлекеттік органдар басшылары 143 қабылдау өткізген. Оған 749 адам қатысқан. Кәсіпкерлердің арыз-шағымдары бойынша ағымдағы жылдың наурыз айында қаланың Орталық базарында қоғамдық қабылдаудың көшпелі отырысы өткен. Оның қорытындысында орынды жалға алу құны негізсіз көтерілетіні анықталды. Бағалар өсуінің бір себебі осы болып тұр.

ERA_4979

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

Астанада 2013 жылы өткен жартыжылдықты қосқанда сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 49 қылмыстық іс қозғалды. Алты адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындылары бойынша қаржы полициясына мемлекеттік қызметкерлерге қатысты сегіз материал жөнелтілді. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген жеті адам, түрлі құқықбұзушылықтармен көрінген 46 адам «Нұр Отан» партиясы қатарынан шығарылды. Тәртіптік кеңеске жағымсыз әрекеттері үшін сегіз мемлекеттік қызметкерді жұмыстан шығару ұсынылды.

ПИК-тер тұрғындардан жинаған ақшаны қайда жұмсайды? Халық осы сұрақпен де жиі шағымданып жатады екен. «Аталған жағдай бұл мәселеде бақылау жетіспейтінін және ашықтығын білдіреді. Салықтан жалтару, алаяқтыққа бару осындайдан да туындайды. Осылардың бәрін сараласақ, жемқорлық қылмыстар тек мемлекеттік органдарға ғана емес, қала экономикасында жетекші орынға шыққан жеке секторға да тән екенін көреміз. Сондықтан, бағдарлама жобасына сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы көлеңкелі экономиканың дамуын тоқтататын тетіктер енгізілуі қажет деп ойлаймыз» деді Сапар Қайратұлы.

Партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының ойынша, жемқорлықпен күресте БАҚ пен әлеуметтік желінің де бар мүмкіндіктерін пайдалану керек. Бұл мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ашықтығын және олардың халыққа қол жетімділігін арттырады. Қазірде бұл жұмыс көңіл көншітпейді. Кейбір мемлекеттік органдардың интернет ресурстары талапқа сай емес. Оларда жаңалықтар лентасы, бос орындар жөнінде ақпарат орналастырылмаған. Аталғандардан өзге де кемшіліктер кездеседі. «Ақпараттың қол жетімділігі туралы» заң қабылданатын болса, бұл олқылықтар жойылмақ.
Қызмет көрсетудің сапасы, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің мәдениеттілігі де үлкен рөл атқарады. Сапар Ахметов халықтың оларға деген сенімін арттыру үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтары және салық органдары қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды. Қазіргі кезеңде ХҚКО қарапайым қызметкерінің орташа жалақысы – 65 мың теңге, Жұмыспен қамту орталықтарында – 45 мың теңге, салық органдарында – 60 мың теңге шамасында болып отыр.

Сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау ісіне мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам бірігіп жұмылуы керек. Бағдарлама жобасында бұл іске Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы бизнес қауымдастықтарын тарту қарастырылған. Бүгінде Астанада 56 мың белсенді түрде жұмыс істеп келе жатқан бизнес субъектілері тіркелген. Елорданың салық кірістерінің 70 пайызы да шағын және орта бизнеске тиесілі екен. «Әкімшілік кедергілерді жою, салық заңнамасын жеңілдету бизнеске белсенді азаматтардың келуіне жағдай жасайды. Жаңа бағдарлама әділ бәсекелестікке, кәсіпкерліктің кең бастамаларына және мықты орта таптың қалыптасуына оң әсерін тигізеді» деді Сапар Ахметов

Саяси кеңес отырысына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы құрылған жұмыс тобы алты ай бойы жаңа бағдарламаны қарағанын жеткізді. Талқылауға 800-ден астам адам қатысып, Орталық аппаратқа осыншама ұсыныс келіп түскен. Партия өз ішінде ғана талқыламай, оппозицияның да пікірін білген. «Әрбір адам жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек қана мемлекеттің ісі емес, менің де ісім деп қарау керек» деді ол.
Сондай-ақ, талқылауға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Рамазан Сәрпеков, Астана қалалық мәслихатының Заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Николай Мещеряков, Астана қаласы корейлерінің этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Ким бағдарлама жобасы жайлы пікірлерін білдіріп, өз ұсыныстарымен бө­­лісті.

«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген сөзбен отырысты түйіндеген Астана қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Иманғали Тасмағамбетов жемқорлық секілді жегі құртқа қарсы бірлесіп қимылдауға шақырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + thirteen =