Жемқорлықпен күрес – жалпыұлттық міндет

0 87

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қауымдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысуын кеңейту» әлеуметтік жобасы аясында онлайн режимде семинар-кеңес өтті. Жиынды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Онлайн кездесуге Nur Otan, ҚХП, «Ақ жол» партия өкілдері, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ және «Атамекен» ҰКП өкілдері, «Adaldyk alany» жобалық кеңсесінің белсенділері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деп атап өткен еді. Қазіргі заманның геосая­си жағдайында билік пен қоғам арасында диалог, яғни тұрақты байланыс арқылы ғана үйлесімді мемлекет құруға болады. Сондықтан біз ҮЕҰ рөлін нақтылай отырып, жалпы мемлекеттік маңызды міндеттерді талқылауға тартуымыз қажет» ­деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Сарапшылық талқылауда Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттің міндеті екенін айтып, тұшымды пікір білдірді.
«Семинардың мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа азаматтық сектор өкілдерін тарту арқылы мемлекеттік қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру. Адамзат өміріне қауіп төндіретін төрт үлкен қасірет бар. Ол – соғыс, аштық, індет және жемқорлық. Сыбайлас жемқорлықтан келетін зауал тұтас халықтардың, ұлттың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Әрине, онымен күрес – мемлекеттің міндеті. Бірақ бұл күрестің нәтижесі бірінші кезекте қоғамның ынта-жігеріне, әрбіріміздің ішкі мәдениетініміз бен ұстанымызға байланыс­ты. Осы бағыттағы жұмыс Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ең маңызды міндеттерінің бірі» деді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + four =