ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ

0 108

Кеше Астана қаласының Әділет департаментінде жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөніндегі семинар өтті. Оған елордадағы құзырлы орган өкілдері қатысып, аталмыш проблемаға жол ашатын жайттарды талқылады. 

Мемлекеттік қызмет істері министрлігіне қарасты департаменттің бас маманы Асқар Рахматуллиннің айтуынша, коррупциямен күресте біз өзге мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенуіміз керек.
– Көршілес Ресейде сарапшылар жемқорлық себептеріне талдау жасағанда бірнеше құбылыстарды анықтаған. Мәселен, азаматтың жемқорлыққа тосқауыл қоятын заңдардан хабарсыз болуы, тұрақсыз саяси ахуал, мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби тұрғыдан сауатсыздығы, тамыр-таныстық пен саяси жақтаушылық, мемлекеттік билік жүйесінде ауызбіршіліктің жоқтығы, мемлекеттік сектордағы жалақының аздығы секілді құбылыстар жоғарыдағыдай құқық бұзушылыққа алып келеді екен. Соңғы кедергіні қазақстандық үкімет те мақұлдап, жемқорлыққа қарсы стратегияға енгізген-ді. Мұнымен қоса, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап бұқараны жалпылама мағлұмдау жұмысы жүргізіледі. Нәтижесінде халықтың барлық кірістері мен шығыстары нақты белгілі болады, – деді департамент маманы.
Ал Астана қаласы бойынша жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюро департаменті штабының аға офицері Айгүл Сәменқұлова жемқорлықтың алдын алуға бағытталған заңнамаларға тоқталды. Ол биыл қабылданған жаңа заңдар, оның ішінде, «Жемқорлыққа қарсы күрес» пен «Мемлекеттік қызмет көрсетулер» туралы заңдарды, «Мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексін» жұртшылыққа толыққанды таныстырып, қылмыстық кодекстегі өзгерістерді хабарлады.
Өз кезегінде осы департаменттің әкімшілік-құқық бөлімінің маманы Айнұр Қасенова Жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюроның құрылымы мен қызметін түсіндірді.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =