Жемқорлықпен күрес – әр азаматтың міндеті

0 163

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алғанын және жемқорлықтың пайда болу себеп-салдарына назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.Бүгінде жемқорлықты жою – мемлекеттік органдар мен қоғамның күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе. Осы орайда агенттіктің қызметіне сенім білдіріп, «ортақ мәселені бірігіп шешеміз» деп кері байланыс орнатып жатқан халықты көреміз. Бұл – қуантарлық жағдай. Себебі қоғамның қай құрылымында қандай мәселе бар екенін тек ортақ диалог орнағанда ғана білуге болады. Бүгінде тұрғындар тарапынан келіп жатқан толассыз хаттар мен қоңыраулар осыған дәлел. Бұл, біріншіден, агенттік қызметіне берілген оң баға болса, екіншіден, әр қызметкерге жүктелген үлкен міндет. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын іске асырудағы жобалық тәсіл – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес толық көлемде азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынастың жаңа мүмкіндіктерін ашты.
«Астана – адалдық алаңы» жобасы іске қосылғаннан бері елорда тұрғындарына қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсарды. «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері аудандық әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдарда тұрақты түрде жұмыс істейді. Үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастық пен азаматтық қоғам өкілдерінің, танымал қоғам қайраткерлері мен халықаралық ұйымдардың белсенді қолдауымен асырылған жоба бүгінгі таңда өз тиімділігін көрсетіп, азаматтардың тарапынан қолдауға ие.
Бұл орайда жұмысымызға қоғам мүшелерін тарту арқылы халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін күшейту аса маңызды. Одан бөлек, қазір әкімшілік кедергілерді жою мен жемқорлық деңгейін төмендету жұмыстары шеңберінде де біраз жұмыстар атқарылып жатыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде күн сайын департаменттің Antikor ortalygy алаңында «Adal komek» жобасы аясында азаматтардың құқықтық санасын және мәдениетін көтеру мақсатында елордамыздың заңгерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, адвокаттар онлайн режимінде тегін заң көмегін беруде. Аталған шара шеңберінде 90-нан аса тақырыптық тікелей эфирлер ұйымдастырылды. 30 тамыз – Конституция күні қарсаңында «Шапағат», «Аружан» сауда орындарында құқықтық көмек көрсетілді.
Президент мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Бір ғана мысал, пандемия кезінде қоғам өкілдері дәрілердің бағасына мониторинг жүргізіп, негізсіз қымбаттату фактілерінің алдын алды. «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында халықты ақпараттандыру және дәрі-дәрмектердің қымбат­тауын болдырмау мақсатында QR код арқылы медициналық препараттардың бағаларын көрсететін брошюралар орнатылды. Департамент жанынан құрылған арнайы мониторинг топ, ақпараттық-ағартушылық штаб, «Адалдық алаңы» жоба менеджерлерінің атқаратын қызметі орасан зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жалғасатын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баса айтқандай, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды барынша қолайлы әрі қауіпсіз ету – әрқайсымызға жүктелген міндет.

Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша
департаменті басшысының бірінші орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − six =