«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жемқорлық жолы қалай кесіледі?

0 450

Соңғы кездері Жемқорлықпен күрес жүйелі жүргізілсе де, парамен ұсталып жатқан азаматтардың аты жиі аталып кетті. осындай ірілі-­ұсақты сыбайлас жемқорлыққа жол берілуі заң мен жүйенің әлі де жетілдіріле түсуі қажет екенін көрсетеді.

Мәселен, соңғы бес айдың өзінде Қазақстанда 1418 қылмыстық дерек тіркелген. Оның 72 пайызы – сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзу­шылықтар. Әрине, оның ішінде пара алу мен жымқыру де­рек­тері кездеседі. Былтыр анықталған зиян сомасының көрсеткіші 2,1 млрд теңге болса, биылғы жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 3 есеге өсіп, 7 млрд-қа дейін жеткен.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 477 адамның қылмысын әшкереледі, оның ішінде республикалық деңгейдегі басшылар – 13, облыс­тық – 39, қала және аудан – 71. Біздің қызметіміздің негізгі басымдықтарының бірі – орындаушылардан бастап ұйымдас­тырушыларға дейінгі бүкіл тізбекті айқындай отырып, сыбайлас жемқорлықтың жүйе­лік фактілерінің жолын кесу. Жедел әзірлемелерді іске асыру нәтижесінде 50 фактінің жолы кесіліп, қылмыстық топтардағы 146 адам анықталды» дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуы ерекше бақылауда. Десек те, тура сол мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың оңды-солды жұмсалуы жасырын емес. Оған дәлел – қабылданған шаралар нәтижесінде 63 сыбайлас жемқорлықтың анықталуы. Олардың басым көпшілігі «Жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту» (37), «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» (35), «Білім және ғылым» (32), «Нұрлы жол» (15) және тағы сол сияқты бағдарламаларға тиесілі. Осындай қылмыстарды жасағаны үшін 71 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.

Қамауға алынған кімдер?

Белгілі болғандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Қарашевтің қылмысын ірі көлемде пара алу үстінде әшкерелеген. Ол жауапты мемлекеттік қызмет атқара отырып, өзінің қарама­ғындағы Сәкенова, Нүрекенов және Жұмасанова секілді лауазымды тұлғалардың оңды-­солды заңсыз әрекеттеріне көз жұма қараған. Есесіне сол үшін олардан 10 млн теңгені құрайтын ауызбастырық алып отыр­ған. Қылмыстық схема қысқаша былай өрбіпті. Сәкенова, Нүрекенов және Жұмасанова министрлік үшін қызметтер көрсетуге шарттар жасаған әрі құжаттарды кедергісіз қабылдау үшін кәсіпкерлерден 20 миллион теңгеден астам пара алған. Тергеу қызметкерлері Қарашевтің үйін тінту кезінде миллиондаған ақша табылыпты. Осылайша, бұған дейін Германия, Австрия, Словакия, Чехия елдерінің елшілігінде ұзақ жылдар қызмет еткен тұлғаның жемқор болып шыққаны көңілге қаяу салды. Бүгінде осы іске қатысты алты адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Соттың санкциясымен Қарашев пен Нүрекенов қамауға алынса,
Сәкеноваға қатысты үй қамақ­қа алу түріндегі бұлтартпау ша­расы тағайындалды.
Маусым айында анықталған тағы бір жемқорлық – «Кедентранссервис» АҚ вице-президенті Ғалым Мұқанов пен сатып алулар және келісімшарт жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының басшысы Дулат Уваевтың тұтқынға алынуы. Мұқанов сатып алуды ұйымдастыру басқармасының басшысы Дулат Уваевпен және жеке фирма басшысымен бірігіп, мемлекеттік сатып алуға бөлінген ақшаны жымқырған екен. «Кедентранссервиске» қызмет көрсету үшін жеке серіктестікке 24 миллион теңгеге жуық ақша бөлінген. Бірақ жұмыстар мүлдем істелмеген. Сыбайластар жалған құжаттар дайындап, қызмет атқарылды деп есеп берген. Кейін ақшаны өзара бөліп алған. Осы соманың көп бөлігі, яғни 17 миллион теңгесін Мұқанов қалтаға басқан» дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды