Жемқорлық жетер түбіңе

0 182

Адамның ар-ожданға көп көңіл бөлмей, тек нәпсісін күйттеп кетуі – оны түрлі азғындыққа итермелейді. Ата-бабаларымыз «Айдай ажарыңды иттей нәпсі тоздырады» депті. Дінімізде парақорлық, жемқорлық, дүниеқоңыздық, зинақорлық сынды үлкен күнәлардың қатарына нәпсіқорлықты қоса атауы тегін емес. Өйткені, нәпсі үнемі тек қана жамандықты, тәнқұмарлықты қалап тұрады. Қасиетті Құранның «Юсуф» сүресінің 53-аятында: «Расында, нәпсі тек қана жамандықты қалайды» – деп келуі, сөзіміздің бірден-бір дәлелі.

Кебенбай ақын былай деген екен: «Нәпсі деген пәле – дүр, жанған отқа сала – дүр». Насихат, нақылдардың барлығынан біз ата-бабаларымыздың сонау ерте кезден нәпсінің жамандығынан халықты сақтандырғанын, ел ішінде нәпсіқұмарлықтың түбі жақсылыққа апармайтындығын кеңінен үгіттегенін білеміз.
Біздің елде жемқорлық жылдан-жылға өршіп келеді. Шариғат парақорлықты қатты айыптайды. Әбу-һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Параны алған да, берген де адамға және оның заңдарына Алланың лағынеті болсын» – деген. Ислам ғалымдары «оның заңдары» дегенде делдалдарды түсінуіміз керек деген тоқтамға келген. Абдолла Ибн Омардан жеткен хадисте де дәл осылай айтылады. Ал, имам Науауидің жинағында: «Параны алушы да, беруші де тозақ қауымында» деп жазылған. «Қай халықта талан-тараждық орын алса, ол құрғақшылық пен аштыққа ұшырайды, парақорлық жайлаған елді үнемі қорқыныш билейді» деген де хадис бар.

«Басшының елін бір сағат әділ басқаруы – бір жылдық нәпіл ғибадатқа тең» дейді Пайғамбарымыз (с.а.с.). Алайда, жаратқанның бұл мүмкіндігін пайдалануды кейбір басшылар есіне де алғысы келмейді.

Мағзұм қажы Балтабайұлы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 10 =