ЖЕМҚОРДЫҢ ЖОЛЫ КЕСIЛЕДI

0 105

15183682736_0d6663f573_b

Тәуелсіздік сарайында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы өтіп, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2025 жылға дейінгі Ұлттық стратегия алғаш рет таныстырылды.

Жиынды ашқан әрі жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сыбайлас жемқорлықпен күрес – өзекті мәселе екенін, осыған байланысты мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қолға алынғанын атап өтті. Атап айтқанда, әкімшілік кедергілерді азайту шаралары белсенді жолға қойылған. Кәсіп­керлік саласын тексеруге мораторий жарияланудың өзі – жемқорлықты тежеудің бір тетігі. Бүгінгі уақытта стандарттау, реттеу және бақылау жолы арқылы мемлекеттік органдардың қарапайым азаматтарға көрсететін қызметінің сапасы едәуір артып, «Электрондық үкімет» пен ХҚО арқылы «бір терезе» қағидатымен тұрғындарға қызмет көрсету тиімді екені дәлелденіп отыр. Енді 2015 жылдан бастап кәсіпорындарды жоспарлы тексеруге де тыйым салынбақ. Бұған қоса, келесі жылы күшіне енетін Қылмыстық кодекс­те жемқорлық қылмысы үшін шартты жаза қолдануды тоқтатып, жемқорлық қылмыс жасаған тұл­ғаларды мемлекеттік қызметке қайта оралуға өмір бойы тыйым салу амалдары қарастырылып отыр.

Жиында сөйлеген ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, биыл жылдың аяғына дейін халыққа көрсетілетін мем­лекеттік қызметтер түгел авто­мат­тандырылған жүйеге көшеді. Бизнес саласын жөнсіз тексеру келешекте сыбайлас жемқорлық дерегі ретінде қаралуы мүмкін. Кәсіпкерлік бойынша тексерістер тек арыз-шағымдар бойынша ғана жүргізілетін болады.

Биылғы шілдеде «Нұр Отан» партиясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасын әзірлеп, қалың бұқараның талқылауына ұсынғаны белгілі. Бұл жөнінде бағдарламаны әзірлеген жұмысшы тобының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Әбдіров әңгімелеп берді. Партия қатарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың механизмі туралы «Нұр Отан» партиясы қарамағындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов мәлімдеді. Белгілі болғандай, бағдарлама жо­басы алты мыңнан астам алаңда талқыланып, оған 800 мыңнан ас­­там қазақстандық қатысқан. Бар­лы­ғы 800-ден астам ұсыныстар мен то­лықтырулар түскен екен.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бұл партиялық бағдарлама жақын уақытта партияның Саяси ке­ңесінің отырысында қабыл­дан­бақшы.

Жиын қорытындысында ДКЖК мүшелері Коалиция атынан барлық Қазақстан азаматтарына арнаған Үндеу қабылдады.

Естеріңізге сала кетейік, елі­міз­­дегі жеті партияны бірік­тірген «Қазақстан 2050» Демо­кра­тиялық күштердің жалпы­ұлт­тық коалиция­сы «Нұр Отан» пар­тиясының бастамасымен 2009 жылы құрылған болатын.

2010 жылдың желтоқсанында Кеңес құрамына еліміздегі он алты үкіметтік емес ұйым кірді. Олар­дың қатарында: Қазақстан кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстанның азаматтық альянсы» және тағы басқалар бар.

Жалпы, коалиция Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында және басқа да бағдарламалық құжаттарында баяндалған мәселе­лерді тиісті органдар тиімді ше­шуі үшін ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.

 Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 1 =