Жемқордың ұрпағы болғым келмейді

0 41

Соңғы кездері мектеп оқушылары түгілі, балабақшаның балаларына да «Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсымын» деген тақырыпта сурет салғызып, ашық сабақ өткізетін болды. Олар не түсініп жарытсын дегендер де табылады, бірақ, телефонның құлағында ойнайтын балалар үшін жемқорлық ұғымын қабылдау аса қиын болмас деп шамалаймыз. Қалай болғанда да, балаларды жаманнан жирентуге деген ниет бар бізде. Бүгін жемқорлықтан жиреніп өскен бала ертең адалдықтан аттамайтын азамат болып қалыптасатынына сенім бар. Керек десеңіз, бүгінгі біз құрған қоғам үшін ертең балаларымыз жерге кірерге тесік таппай ұялатын болмасын. Кімнің жемқордың ұрпағы болғысы келеді дейсіз?!

Алдыңғы буынға өкпелейтіндер де солар болады. Өйткені олардың өз ұрпақтарына не деп жауап берерлерін білмей қиналары сөзсіз. Не дейді? «Әкелеріміз бен аталарымыз берсе қолынан, бермесе жолынан тартып, мемлекеттің ақшасын жайпап жұта берген жалмауыз жемқор болған» дей ме? Қалай болғанда да ақшасын жеп қойып сапасыз салынған мектептер мен ауруханалардың төбесі ортасына түспесе екен деген уайымды да солар шегеді, аязды күні қамсау болмайтын сапасыз тұрғын үйлердің де «қызығын» көретін солар.

Психология өзгермей жатыр

Кейде қарапайым азаматтардың өзі бастап жемқорлық фактілеріне себепші болатынын құқық қорғау органдарының өкілдері айтады. «Бар шаруасын пара беріп шешкісі келетін әдеттері өздеріне сор болғандар да бар. Жуырда 56 жастағы елорда тұрғыны қылмыстық іс бойынша оң шешім алғысы келіп, 100 мың теңгені Есіл аудандық полиция бөлімінің тергеушісіне аударады. Енді әйел пара бергені үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, өйткені тергеуші бірден елорданың ПД ішкі қауіпсіздік басқармасына күдікті аударым туралы хабарлаған.

Таусылмайтын ақша, азаймайтын жемқор…

Күн сайын бір шенеунік ұсталады, күн сайын ақша жеп қойғаны туралы оқып білеміз. Бұл не деген таусылмайтын ақша?! Жеп жатыр, сотталып жатыр… таусылар түрі жоқ. «Соңғы екі жылда елімізде 4,5 мыңнан аса сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелді. 2 мыңнан аса адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, олардың 1300-і сотталды» деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов ОКҚ өткен брифингте. Сондай-ақ «көшбасшылардың» арасында Экология министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қаржы министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бар. О.Бектенов: «Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар заңдылықтың, құқықтық тәртіптің кепілі болуға міндетті және сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін неғұрлым қатаң жаза қолданылуы тиіс» деп атап өтті.
Егер біреу пара сұраса, сіздің құқығыңыз­ды бұзғаны, егер сіз пара берсеңіз, ол адамды заң бұзушылыққа итермелеген боласыз. Екі жағдайда да құқық қорғау органдарына жүгінуге тура келеді. Енді қызықты қараңыз. Мәліметке қарағанда, 2020 жылдың бірінші тоқсанында қызметкерлері жемқорлықпен ұсталу көрсеткіші бойынша Ішкі істер минис­трлігі көш бастаған, 57 пайыз яғни 70 қызметкері жемқорлықпен ұсталған. «Барлығымыз халыққа қызмет етеміз. Азаматтарымыздың шыдамы таусылды. Талқылау уақыты аяқталды. Полиция қатарында сенім мен билікті теріс пайдаланғандарға орын жоқ. Мундир абыройына нұқсан келтіретіндерге орын жоқ. Мен барлығынан – қатардағылардан бастап генералдарға дейін өз халқының игілігі үшін жұмыс істеуді талап етемін!» деген еді ІІМ басшысы аумақтық полиция, ТЖ және ҚАЖ департаменттерінің басшыларымен селекторлық кеңесте. «Ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ымырасыз болады. Сондықтан мен азаматтарды шетте қалмауға және ішкі істер министрлігіне қызметкерлеріміздің жасаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының барлық фактілері туралы хабарлауға шақырамын. Әр жағдайда тиісті шаралар қабылданатын болады» деген министр Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінен қандай қорытынды шығарын көреміз енді.

Бізге де бір Саакашвили керек пе?

Соңғы кездегі ашықтық пен жазаның қатаңдауына байланысты жемқорлық фактілері күрт азаюы тиіс еді, бірақ күткен нәтижеге қол жетпей тұр. Әлде Саакашвилидің әдісі керек пе? Саакашвили қазақстандықтарға өзінің жетістігі туралы айтқан кезде бала кезден бірге өскен екі досын жемқорлығы үшін түрмеге отырғызғанын жасырмады. «Мен келгелі Грузия экономикасы 8 жылда 4 есе өсті, жемқорлықтың жолын кесуге жоспар құрдық, бала кездегі достарым, 1000-нан астам кеденші, 40-тан астам судья түрмеге жабылды. Грузия психикалық тұрғыдан Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жемқор болды, бірақ біз мақсаттан айнымадық. Басында мұны зорлық-зомбылық деп қабылдады, бірақ адамдарға жемқорлықсыз қоғам ұнады, енді олар бұрынғы бәрін ақша шешкен кезеңге қайтып оралғылары келмейді» деді ол.

Шенеуніктер үшін заң қатайды

Енді елімізде ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап, сотталған шенеуніктер мерзімінен бұрын шартты түрде босатылмайды. Парламент сондай заң қабылдады. Сонымен бірге құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін санкциялар мен құқықтық салдарлар (ҚК 361, 364, 365, 366, 369 және 370-баптары күшейтілді. Мәселен, Қылмыстық кодекске жаңа түзетулер енгізілгеннен кейін құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның пара алуы (50 АЕК-ке дейін) ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс болып саналады және 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, кәсіпкерлік қызмет 2 жыл емес, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, ал мұндай қызметке заңсыз қатысқаны үшін 1 жыл емес, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы тиісінше 8 жылға дейін және де қатаң жазаға әкеп соғады.

Жаңа заң мәселені шеше ме?

Ұлттық компаниялардың, холдингтердің және мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алулары жемқорлық көзіне айналып кетті. Бүгінде көптеген сатып алулар еш конкурссыз, «бір көзден» алу жолымен жүреді. Бұдан Корея тәжірибесі құтқаруы ықтимал деген пікір де қоғамда бар. Бүгінде жаңа заң жобасы ұсынылған. «Заң жобасында сатып алудың жаңа тәсілі – электрондық дүкенді енгізу қарастырылады. Бұл тәсілмен жылдық сатып алу құны 10 мың еселенген АЕК-тен (2020 жылы 27 миллион 780 мың теңгеден) аспайтын, электрондық каталогтағы біртекті тауарларға қатысты жүргізіледі. Электрондық каталогты веб-порталда тіркелген әлеуетті өнім жеткізушілер өз бетінше қалыптастырады. Бұл үшін олар ақпараттық форманы толтыруы керек» дейді Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі. Тендерлердің электронды дүкені Қазақстанға қаншаға түсері белгісіз. Оны енгізетін заң жобасы әзірге Парламентке де енген жоқ.

P.S.: Жемқорлыққа қатыс­ты жаңа заң жобалары, жаңа қылмыстық жауапкершіліктер енгенше де күрес тоқтамауы керек. Жемқорлыққа деген қарсылықты балаларға осы бастан үйрете бермесек, әділетті қоғам құра алмаймыз. Париждің Орсе музейінде осыдан 200 жыл бұрын мемлекет қазынасын тонап, халықты әбден қанаған француз жемқорларының мүсіндері қойылған көрінеді. Бүгінгі жас ұрпақ өз елдерінің жемқорларын танып, қай кезеңде де халықтың қарғысына қалғандар ұмытылмайтынын біліп өссін деген болу керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 16 =