Желтоқсан, 28/1

(Бас қаланың баршаға белгілі бір ғимаратының ғибраты хақында)

0 146

Балабақша мен баспасөз

Балабақша бұрынғы,
Баспасөзге бұрылды.
Бұл ғимарат бір күні,
Басылым боп құрылды.
(Тақырыптың тұздығы)

Еңселі елордамызда ілгеріде балабақшадан баспасөз мекеніне, кейін қайтадан балабақшаға айналған бір ғимарат бар. Оңтайландыру тұсында балалардан босатылып, бертінде тағы да солардың қолына табысталған бұл мекенжай бүгінде тарихи жәдігерлікке айналды десе де болғандай. Себебі, елорданың екі басылымының негізгі шежіресі осында қалыптасты. Өзі аса көрнекті де емес, екі қабатты шағын ғана үй. Бірақ шағын болғанымен оның ішіне қаланың біраз мекемесі еркін сыйып кететін еді. Сол мекемелердің табалдырығын аттаған келімді-кетімді кісілер де осынау екі қабатты ен жайлайтын. Ешкімді жатсынбайтын ғимарат жұрттың бәріне құшағын айқара ашып тұратын. Әйтеуір кешке дейін есігі бір жабылмайтын-ды. Біреу кіреді, біреу шығады… Біреу мақала әкеледі, біреу мақал айтуға келеді…Кімдер болмады дейсің мұнда?! Астана Арқаға көшкен алғашқы жылдарда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дәл осында кеп қоныстаныпты. Екінші қабаттағы бір бөлмеге елдің көзайымына айналған көркем министр Коржова ханымның өзі жайғасып, қарауындағыларға билігін жүргізген деседі. Әрине, министрлік көшіп келді екен деп басқа мекемелер бірден ығысып, ғимаратты тастап шыға қоймапты. Бәрі бірге тізе қосып, тату көршілік жағдайында жұмыстарын жалғастыра берген көрінеді. Аузыңды бақадай аштыратын аптап ыстықта жанға жайлы қоңыр салқын күйге бөлейтін бүгінгі керемет кондиционерлердің түске де кірмейтін кезі. Минис­трлік шенеуніктерінің бөлмесінде әрі кетсе бір-бір желдеткіш зыр айналып тұрады. Дәлірек айтқанда, олар ауаны қапырық жайлап тұрған сәтте есіктерін айқара ашып қойып жұмыс істейді. Қазіргіше айтқанда, шенеуніктердің халықтан жасыратын ештеңесі жоқ. Кейін басқа ғимаратқа қоныс аударғанша осы мекенде тапжылмай отырды. Сөйтіп, халықты әлеуметтік қорғауды осылайша елмен етене араласудан бастаған сыңайлы.
Жалпы, бұрынғы балабақша ғимаратына, яғни, Желтоқсан көшесіндегі 28/1 үйге негізгі екі мекеме – екі тілде шығатын «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің редакциялары орныққан еді. Елорда жұрты бұл ғимаратты осы қос басылымнан ешқашан бөліп-қараған жоқ. «Астана ақшамының» алғашқы бас редакторы Кенже Жұмағұлов­тан бүгінгі басшысы Еркін Қыдырға дейінгі бүкіл ғұмыр­намасының жартысына жуығы сол ғимаратта өтті. Содан соң оны ғибратты демей не дейік?!
Біз қызмет істеген жылдарда екі редакция бір қабатты ғана жайлайтын. Тіпті сол жалғыз қабатты да толық иелене қоймаған-ды. Бірнеше қоғамдық ұйым, ірілі-ұсақты тағы бірер мекеме осы жерден жайлы тұрақ тапқан еді. Бәрі де тату, бір-бірімен тынбай араласып-құраласып жатады. Бөлмелеріне әлдебір қонақ келсе, сенен артық орындық сұрайды. Әлдеқандай шара өткізе қалса, сол жөнінде газетке титімдей хабар беруіңді өтініп, есік көзінде мөлиіп тұрады. Ең таң қаларлығы, кешке қарай, әлдеқайдан казактардың ән айтқан дауысы құлағыңа жетеді. Өйткені, бұл екі қабаттың бір мүйісі соларға да тиесілі. Қайтесің, көнесің. Заңды тіркелген қоғамдық ұйым. Оның үстіне ептеп желік буған казекеңдер қазекеңдердің көңіліне қарай ма, әйтеуір, әнді де әдеппен айтады. Бұрын балабақша болғандыкі ме, кім білсін, баланың тірлігіне ұқсас жәйттер жиі болып тұрады мұнда…
Кейінірек бұл үйдің бірінші қабатына Қазақстан Жазушылар одағының Астанадағы филиалы келіп қоныстанды. Бұл мекемемен бірге кеңселерге бекзаттық пен зиялылықтың лебі ілесе жетті. Олай дейтініміз, ақмолалық қаламгерлермен қатар елордаға көшіп келген танымал жазушылар да редакцияға жиі бас сұғатын болды. Олардың әсерлі әңгімелері журналистер қауымының ой-өрісін кеңейтіп, рухани қазынасын байыта түседі.
Редакция ғимараты ару Алматыдағы Жібек жолы мен 8 наурыз көшелерінің қиылысындағы әйгілі Баспасөз үйіне қарағанда қораштау, әрине. Қорашыңыз не, тіпті салыстыруға да келмейді. Бірақ Алатау баурайын­дағы шырайлы шаһардағы тағылымы мол ғимаратта талай жыл қызмет істеген беделді қаламгерлер, атап айтсақ, баспасөздің баһадүрлері Жанболат Аупбаев пен Дидахмет Әшімханов кейін елордаға қоныс аударған кезде нақ осы аядай үйде аянбай тер төкті. Жас буынға ерінбей-жалықпай тәжірибесін үйретті. Оларды тың идеялармен қаруландырды. Сол арқылы қалалық басылымның беделін көтерді.
Екі қабатты ғимарат қызметкерлерінің онсыз да тату тірлігін тиянақтай түсуге кіреберістегі шағын буфеттің септігі көбірек тиетін секілді еді. Журналистер жұмыстан сәл дамылдаған сәтте ауық-ауық төменге түседі. Жеңіл-желпі тамақтанады. Кофе ішіп отырып, әсерлі әңгімеге өріс ашады. Ой қуады, сөз жарыстырады, пікір таластырады. Бір кезде Алматының беделді баспасөз ғимараттарын шабыт шаңырағына айналдырған «Қаламгер», «Салют» атты кафелерді жұртшылық жақсы біледі. Сол сияқты «ақшамдықтардың» «Қаламгері» де, «Салюті» де осы берекелі буфет болатын. Ал енді бар ғой, небір ғаламат ойлар дәл осы жерде шай ішіп отырғаныңда келеді. Талай идеялар алдымен қарапа­йым салфеткаға жазылады. Салфеткаға жазылған сызбалар сәл кейінірек салиқалы мәселелерге айналып, оқырманға жол тартады.
Бұл ғимарат он бес жылға жуық уақыт бойы «Астана ақшамының» баспанасы болды. Бас редакторлардың соңғы екі-үшеуінен басқасы осы үйдің қастерлі қабыр­ғасында қызмет атқарды. «Ақшамдықтардың» дені осы шаңырақта шығармашылықпен айналысты. Осы үйде жүріп, пәтер алды. Осы үйдің қабырғасында отау тікті. Қысқасы, бұл ғимарат газет қызметкерлерінің күнделікті тіршілігінің бөлінбес бөлшегіндей болғаны рас.
Бұл үйдің қазір қайтадан балабақшаға айналғанына да біраз уақыт өтті. Егер газет редакциясы қоныс­танған тұста журналис­тердің ой-ниеті баланың пейіліндей таза болса, оны сәбидің күлкісіне толған ғимараттың әсерінен деп біліңіз. Сондай-ақ бүгінгі балабақшада асыр салып жүрген бүлдіршіндердің арасынан ертеңгі күні қаламгер көптеп шықса, оған да таң қалуға болмас. Әрбір мекеннің киесі болады деседі ғой…

Орын баспас орынбасар

Басшы болсаң белсенер,
Беделіңе ел сенер.
Жайбарақат жүресің,
Замың тәуір болса егер!
(Тақырыптың тұздығы)

Балабақшаның баспасөзге, баспасөздің балабақшаға айналғаны сияқты ең әдемі атауды иеленген «Астана ақшамының» да заманауи үрдіске ілесем деп, біраз уақыт «Астана хабары» болып көргені бар. Бірақ әйтеуір әсершілдіктен тезірек арылып, бұрынғы атауына қайта оралды. Бізге басылымның сол «хабар» сөзіне маталған жылдарында жұмыс істеудің реті келді. «Тілші болып орналастым «Хабарға», «Хабар» мендей корреспондент табар ма?!», – деп көңілің тоқ жүретін әйгілі агенттікте қызмет істеп көрген біз енді, міне, тағы бір «Хабарға» топ ете түстік. Сөйтіп, осыдан он үш жыл бұрын қаңтар айында мен «Астана хабары» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып тағайындалдым.
Бұл қызметке бүгінгі салиқалы сенатор, сол кездегі беделді бас редактор Нұртөре Жүсіп шақырды. Екеулеп басылымға жаңаша сипат беруді қолға алдық. Сонау студенттік шағымыздан жақсы білетін әрі шығармашылық түйсік-танымы өте жоғары Нұртөремен жұмыс істеу маған өте қолайлы еді. Оның үстіне қала әкімінің идеологияға жауапты орынбасары – белгілі жазушы-драматург Ермек Аманшаев. Сөзіңді де, өзіңді де түсінетін шығармашыл шенеунік. Ендеше, не тұрыс?! Жұмысты бірден бастап кеттік.
Осыған орай, бір мәселені айта кетуге тиіспін. Мен бекітілген қызметті бұған дейін Ғалым Қожабеков атқарған екен. Ол редакция ішіндегі басқа жұмысқа ауыс­ты. Ғалымды жас кезінен жақсы білемін. Ауғанстанда әскери борышын өтеп, оқ пен оттың ортасынан аман келген жігіт. Өзіндік пікірі бар, ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын турашыл азамат. Бірақ батыр ініміз бұл жолы сыр берген жоқ. Арамыздағы сыйластыққа титтей де сызат түсірмеді. Жалпы, Ғалымның басқаларға орын босатып тұрғаны бір бұл емес еді. Бізге дейін де, бізден кейін де бұл үрдіс жиі қайталанған сияқты. Сондай сәтте «Баласы ек бәріміз де бір атаның, Орнымды тартып алды братаным. Он жерден братаным болса-дағы, Бұдан соң оны қайтып ұнатамын!», – деп әндеткен әлдебіреулер секілді ешкімге қитығып-қырсыққан жоқ. Жаймашуақ қалпынан танбай, жайбарақат кейіпте жұмысын жалғастыра берді. Шындығында, «Ақшамға» бізден гөрі сол адал болды. Газеттің отымен кіріп, күлімен шықты. Күндіз-түні бір тынбай редакцияның жұмысына жегілді. «Ақшам» ұйымдастыратын шаралардың басты ұйытқысы да сол еді. Жаз келсе, жағажай волейболынан жанкешті жарыс өткізіп, жанталасады да жүреді. Жұмысының көптігіне қарамастан өзінің Ауған жерінде бірге болған қандыкөйлек достарының көңілін табуға да үлгереді. Алабажақ әскери киімін киіп алып, асай-мүсейін арқалап, бақайшағына дейін «қаруланып», ауық-ауық солардың іс-шараларына қатысуға кетеді. Бірақ мінезді жігіт баршаға белгілі «ауған психологиясын» редакция­ның ауласына жолатқан жоқ. Қызметке шақырған жердің ешқайсына бармады. Осы уақытқа дейін тек бір газетте ғана тер төгіп келеді. Бәріміз «Ақшамнан» түлеп ұшып, жөнімізге кеттік. Ал ол қара шаңырақта қалды. Сол үлкен үйдің түтінін түтетіп әлі отыр. Сондықтан басылымның нағыз патриоты кім десеңіз, біздің Ғалымның алдына түсетін ешкім бола қоймас.
Біз келгенге дейін де осында жұмыс істеп жүрген байырғы журналистер туралы сөз қозғай кетейік. Ақмола өңіріндегі басылымдардың біразына еңбегі сіңген азамат, ақпараттың сайыпқыран сарбазы Амангелді Жұмабек, не айтсаң да елпілдеп, орындауға әзір тұратын елгезек Төлеубай Ілдебаев, көп сөйлемей, кешке дейін митыңдап жұмыс істегенді ғана білетін томаға тұйық Қайролла Амановтар ортақ іске мол үлес қосты. Әсіресе Амангелді ағамның сын садағы Кейкі мергеннің мүлтіксіз мылтығы секілді нысанаға дөп тигізетін.
Бұл тұста «Ақшамда» журналистиканың Желбір Жекені – алымды ақпаратшы, қарымды қаламгер Бекен Қайрат жұмыс істеді. Оны енді жазу әлеміндегі ерекше құбылыс деуге болар. Былай қарасаң, сөйлемдері қиқы-жиқы, олпы-солпы, ой-шойқы секілденеді. Бірақ сол қиқы-жиқыны қырнап, олпы-сопының етегін жиырып, ойқы-шойқының арасына сына қақсаң, әлгіндегі әдемі өрнегінің бәрі бұзылып кетеді. Бұзылғанды айтасың, тіпті мақаласының сықпыты кетіп қалады. Олай жөндейміз, былай жөндейміз, сөйтеміз деп әдепкі әрінен айырып ала береміз. Ол сені міз бақпай тыңдап отырады. Мақаласын қырнамақ түгілі отап тастасаң да қыңқ етпейді. Бетіңе келмейді. Ақыры бұл Желбір Жекен бізге кедір-бұдырымен қадірлі екен деген шешімге келдік. Өзі өте тиянақты. Сымдай тартылған офицерден әрмен тәртіпті. Берген тапсырмаңа қоса әлі бере қоймаған бес-алты тапсырмаңды орындап келеді. Ұлттың этнография­лық дәстүрлерін жетік біледі. Жазуынан жыр еседі, қаламынан күй төгіледі. Бүгінгі «Егемен Қазақстанның» ең тәуір журналистерінің бірі Бекен Қайрат осылайша «Астана ақшамының» өсіп-өркендеуіне көп еңбек сіңірді. Бәлкім, «Ақшам» да оны қайта қайрап шығарған болар.
Басылымның бағын ашқан жігіттердің бірі – бас редактордың орынбасары қызметіне екі рет келген Талғат Батырхан. Бір кезде КазГУ-дің қалашығында «Талдыбай» («Талга Талдыкурганский») деген лақап атпен танылған ол Жетісу өңірінің бұқаралық ақпарат құралдарында біраз тер төккен соң екі ғасырдың тоғысында елордаға ауысып, «Ақшамда» қызмет істеген-ді. Мектеп бітіргенше пойыз көрмеген бала кейіннен «Ақшамнан» біраз алыстап, «Қазақстан теміржолшысы» газетін басқаруға кетті. Алайда, ұшы-қиыры жоқ рельстер мен бірыңғай шпалдар туралы толассыз ақпараттан жалыққан болар, бір күні үйіріне қайта оралды. Тура сол бұрынғы жұмысына… О баста орынбасарлыққа бола туған ба дерсің! Жетісудың бас газетінде орынбасар… «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары. «Ақшамда» – екі рет орынбасар. Қазіргі күні де «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары болып істейтінін оқырманның есіне сала кетейік. Біз қызмет атқарған тұста, осы күнгі қолданыстағы қойыртпақ лексиконға салсақ, Талғат Батырханның «Ақшамдағы» орынбасарлығының «екінші толқыны» басталып жатыр еді. Қазақ баспасөзінің қара нары Ержұман Смайыл айтқандай, «орын баспас орынбасарлықты» ол адал атқарды.
Бір мақаласын жазуға ұзақ әзірленетін бұл ағамызды ара-тұра газетке ақпарат ұсынып тұратын ақмолалық байырғы ардагерлер өте жақсы көретін. Сейілбек Усин, Еркін Дәуешов сынды қадірлі қариялар редакцияға келсе, алдымен соны іздеп табады. Бұл ерінбей-жалықпай солардың әңгімесін тыңдайды. Әсіресе, таң атпай «Та-ал-ға-а-ат!» деп тағатсыздана телефон шалатын арқалы ақын апамыз Несібелі Иманқызының әуезді даусы әлі күнге дейін құлақтан кетпейді…
Тектілерден өрген Талғат төре сөйтіп, «Ақшамды» алтын бесігіне айналдыр­ған қарт қаламгерлерлің қамқорына айналды.

11-ші қаламұштың сауыты

Қаламгерлер бар ма екен,
Қайда түрен салды екен?
Қаламұштар бүгінде,
Қай бұрышта қалды екен?!
(Тақырыптың тұздығы)

Талғат Батырхан дегеннен шығады, ол сол жылдарда барлық мақаласын кәдімгі кеңестік дәуірдегі бала біткеннің қолындағы құнды құралы – 11-ші қаламұшпен жазатын. Бұл тұрғыдан сақа журналист көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауиннің бұлжымас дәстүрін ұстанатын. Мұхтар ағамыз «Мен» атты ғұмырнамалық романында бар дүниесін ақ қағазға қаламұшпен өрнектеп түсіретінін егжей-тегжейлі баяндағаны баршаға мәлім. Осы жағынан біздің тегеурінді Тәкең де марғасқа Мұхаңның сойынан. Сол 11-ші қаламұш бір күні шығармашылығымызды жаңа арнаға бағыттап жібереді деп кім ойлапты?!
Былай болды. Бірде редакция қоржынына белгілі қаламгер Смағұл Рахымбековтің мақаласы келіп түсті. Танымал әріптесіміз Бибігүл Жексенбай туралы жазыпты. Ол тұста журналистер жөнінде жазу кең тараған үрдіс емес-ті. Керісінше, журналистер басқа мамандық иелері хақында үнемі қалам тербеп отыруға тиіс секілді көрінетін. Нұртөре екеуміз әрі ақылдасып, бері ақылдасып, өз саламыздағы әріптестеріміз туралы өзіміз айтуды жөн көрдік. Осыған орай «Болар елдің баласы…» деген арнайы айдар аштық. Ертеңіне осы айдардың алғашқы өнімі – «Бетпе-беттегі» Бибігүл» деген мақала оқырманға жол тартты. Бірақ бұл бастаманы іліп әкетер белсенділер көп бола қоймады. Сондықтан қолға қалам алдық. Өзіміз шығармашылығын жақсы білетін әріптестер жөнінде ой өрбітуді ұйғардық. Кімнен бастаған жөн? Сол сәтте Талғаттың 11-ші қаламұшы есімізге түсе кеткені. Өмір жолының да, жазу өнерінің де қалтарыс-бұлтарысын жақсы білеміз. Неге жазбасқа?! Тақырыбы да дайын тұр. «11-ші қаламұш». Осы тақырып кейін көпке тараған кітабымыздың атауына айналды. Бұл Талғаттың «Ақшамға» қайта келуге әзірленіп жүрген кезі еді. Тек оның бұл басылымға табаны тимей тұрып сүйкеп тастау керек! Екі-үш күннен соң етектей мақаламыз газеттің бетінде көсіліп жатты.
Содан бастап әріптес­теріміздің тұлғасы мен туындыларын кейіптеген дүниелер «Ақшамда» үздіксіз жарияланып тұрды. Бүгінде журналистердің өз әріптестері туралы жазуы ешкімге де таңсық емес. Бірақ соның жаппай үрдіске айналуы жаны жайсаң Смағұл ағамыз­дың Бибігүл туралы әдемі эссесінен, мұндай дүниелерді бір ізге түсіруді көздеген бас редактор Нұртөре Жүсіптің озық идеясынан басталғанын айту ләзім.
Осы айдар аясында Ақмоланың қазақы рухының көтерілуіне бір адамдай еңбегі сіңген жанкешті журналист Мұратбек Тоқтағазин туралы да қалам тербедік. Ол студент кезінен-ақ өте еңбекқор еді. Таң атқанша қалғып-мүлгіп, шаршап-шалдықса да қаламын қолынан тастамайтын. Соны көрген курстастары «Қобыратып әйтеуір көп қағазын, Отырады Мұратбек Тоқтағазин» деп әндететін. Сол Тоқтағазин оқу бітірген соң қағазын қобыратып Ақмолаға келді. Тәуелсіздікке қадам басқан жылдардағы қаланың тірлігіне белсене араласты. Шаһардың тарихи атауын қайтару үшін аянбай күресті. Кейіннен шағын кәсіпкерліктің отын көсеп, шығандап кеткен екен, қалада жанашыр әріптестерінің қатары көбейген соң, қаламгерлер ортасына қайтып оралды. «Ақшамда» жарияланған дүниеміз оның кейінгі тағдырына кәдімгідей әсер етті. Ол қаламгерлігіне қоса, ғылымға бет бұрды. Журналистика жампозы, әдебиет майталманы Әзілхан Нұршайықовтың деректі шығармаларын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Қазір елордадағы ұлттық университеттің пілдей профессоры. Бас редакторлар клубы басшысының орынбасары. Өзі Оңтүстікте шығып, Солтүстікті жайлайтын бір берекелі басылымды басқарады. Соның бәріне үлгереді. Қайрат-жігері жетіп артылады. Қай кезде де шанақтай ширығып тұрады. Оның үстіне ол бүгіндері Минскімен екі ортаны жол қылып, докторлық диссертация қорғаудың қамында жүр. Ендеше, сол малы түгел, жаны сірі Мұратбек Тоқтағазинді өзге салаға шым батып кеткен жерінен өз үйіріне қайта әкеп қосқан «Астана ақшамындағы» тілеулестеріне қалайша сүйсінбеске?!
«Ақшамның» қабырғасында басталып жазылған эсселер тыныс белгі мен емле ережелерін сақтай білетін өз буынымыздың өкілдеріне арналған-ды. Солардың білім-білігін, ой-өрісін, түсінік-танымын, қабілет-қарымын кейінгі әріптестерімізге үлгі етуді мақсат тұттық. Өйткені журналистер қауымы туралы кітабымыз жарық көргенде белгілі ақын Ертай Ашықбаев қазіргі ахуалды былайша өрнектеп өлең жазып еді: «Ал біз ше?.. Аз қалды Леп белгіміз, Ұстатпай қашады Бас әріп. (Өмір, бізге несіне кектендіңіз, Қандай қылмыс жасадық?). Қалай болғанда да, журналистиканың жас перілеріне бұл дүниелердің ептеп пайдасы тиген сияқ­ты. Поэзия мен публицис­тиканың қай-қайсысына да қамшы салдырмайтын Ертай ағамыздың ақпарат ағынының астында қалған әрі тілден гөрі тірлікке бейім­деу жас ұрпаққа айтар ойын түсіну онша қиынға түспейді:

11-ші қаламұш қалмады бізде,
Қалмады бізде қою сия да.
(Жас ақын, арманыңыз не ?!
Сіз компьютермен өрлейсіз барлық қияға).
Қолға аламыз әлденеге зарыққанда
Өткен күннің шытынаған айнасын.
Қайдасың, біз түсірген анық таңба,
11-ші қаламұш, қайдасың?

Сондықтан, емле-ережелер мен каллиграфияны барынша сақтап жазуға тырысатын орта буын өкілдері туралы эсселер топтамасы дүниеге келген «Астана ақшамы» газетінің редакциясын «11-қаламұштың сия сауыты» деуге әбден болар…

«Ақшамнан» шығып, АҚШ-та жүрген

Биім еді бір төре,
Басшым еді Нұртөре.
Тату еді тірлігім,
Тілшілерім бір төбе!
(Тақырыптың тұздығы)

Нұртөре Жүсіппен бірлесіп, газетті қызықты етіп шығару үшін талай тәсіл қолдандық. Соның бірі – бүркеншек есіммен болса да, газетке авторлар тарту. Сол арқылы жұртқа ой салатын әрі олардың намысын жанитын өткір мақалалар жариялау. Мұндай дүниелер көбіне Ағеден Шабытқали деген сайда саны, құмда ізі жоқ автордың атынан басылып тұрды. Оның есімі қалай ойымызға түскенін де білмейміз. Бірде сол Ағеден Шабытқали былай деп сілтеді: «Баяғыда бір қалада төрт-бес шалдың ортасына түсіп қалдым. Бала болсам да, әңгімеге кірісіп келіп кетейін. Байқаймын, шалдарым ілесе алатын түрі жоқ. Ілескенің не, баспайды-ау, баспайды. Сірә, ақсақалдықты кейін қабылдаған тәжірибесі аздау қырмасақалдар болуы керек. Отырып-отырып біреуі бір мақал айтты: «Шың басына шарықтап қыран да шығады, өрмелеп жылан да шығады» деді. Айтуын айтса да, «осыным қалай болды өзі?» дегендей, жан-жағындағы шалдарға жаутаңдап қарап қойды. Олардан жауап бола қоймады. Сөйтіп отырғанда, сәл пауза жасап, абыройлы ақсақалдың образына кіріп, шіреніп отырған біреуінің бүлдіргені… Шалқая түсіп:
– Ойпырай-ә, әлгі жыланды айтам, неге шығады екен, ә? Күнге қыздырыну үшін шыға ма екен?, – деді ғой. Өзі қабағын түйіп алған.
Мен шыдамай күліп жібердім де бездім. Бір топ «современный» шал бедіре­йіп отырып қалды. Бүйтіп ақсақал болғанша…».
Мақаланың жарыққа шыққанына бір-екі күн өткен. Біз Нұрекең екеуміз жиналыста жүрсек, түске қарай редакцияға бір-екі жігіт келіп, жас тілшілерге кіжініп-кіжініп кетіпті. «Ешкімнің аты-жөні аталмаған, оның үстіне баяғыда айтылған делінген ғой» десе де көнбепті әлгілер. «Жаңағы Ағеден дегенді тез тауып беріңдер, онымен жақсылап сөйлесеміз», – деп біразға дейін отырып алыпты. Редакциядағы қыз-жігіттер аты да, заты да белгісіз Ағеденді қайдан таба қойсын… Сонымен жөніне кетіпті олар. Кетерінде «Аты қандай жаман еді өзінің?!» деп тістеніпті…
Жалпы, Нұртөре Жүсіп кадрларды жақсы таңдай білетін. Тұлпар болар жүйрікті тай күнінен таниды. Қызметке алған қыз-жігіттері шетінен үмітті ақтады. Бұрыннан жүрген журналистердің жаңа тынысын ашты. Солардың бірі – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, төрт-бес баласын жетектеп, АҚШ-тың ақпарат әлеміне түрен салуға аттанған қайсар қыз Нәзира Байырбек. Қаламы қарымды, қадамы құтты табанды әріптесіміздің теңдессіз ерлігіне тек қана қызығу керек! Басылымның беделді жігіттерінің бірі Мұрат Алмасбекпен бас қосып, шаңырақ көтерді. Мазмұнды мақалаларын да, көркем кітаптарын да, періште перзенттерін де өмірге қатар әкеліп жатты. Қысқасы, «Ақшамның» атын шығарған талантты журналистің бірі – осы Нәзира. Ілгеріде даңқты желаяқ Әмин Тұяқов халықаралық деңгейде жүлде алған тұста мұнаралы Маңғыстаудың Құлшық деген қазына кеуделі қариясы өзге бір шалмен сөз ұстасып қалған сәтте «Ақмыштан шығып, АҚШ-тан озған балаң бар ма?», – деген екен. («Ақмыш» – Әмин ағамыздың ауылы). Олай болса, біз Нәзирамен мақтанғанда «Ақшамнан» шығып, АҚШ-та жүрген аймаңдай қызың бар ма?!», – дейтін шығармыз.
Редакциямызда ерен еңбегімен ерекшеленген бір-екі қыз бар-ды. Олар – жауапты хатшы Зәуреш Нұғыманова мен жігерлі журналист Қымбат Тоқтамұрат. Зәуреш макетін сызып, бедерлеп беттеген «Ақшам» әп-сәтте тотыдайын таранып шыға келеді. Ал не жазса да негізін қозғайтын Қымбаттың мақалалары қала жұртының көкейіндегіні дөп басады.
«Ақшамда» жетілген тағы бір талантты жігіт – халықтанушы һәм балықтанушы журналист Еркеғали Бейсенов. Қабағын ауық-ауық қағып-қағып жіберіп, қаламына еркіндік беретін Еркештің «Көлдерде жүзіп жүрген балықтар-ай, Сендерсіз күн көреді халық қалай?» деген бір ауыз өлеңі жұртшылық арасына тарап кетті. Мақаланы да жазады, сын-сықақтан да тартынбайды.
Бір күні редакцияға Түркістан университетін бітірген үш-төрт қыз келді. Қаздай тізіліп, «Ақшамның» киелі қабырғасынан аттаған сол бойжеткендер мұнда көп тұрақтай қоймас дегенбіз. Жоқ, қателесіппіз. Тастай батып, судай сіңді олар. Көп ұзамай қаламы жүйрік журналистердің қатарына қосылды. Әсіресе ойлары оралымды, сөздері салмақты Шынар Асанқызы мен Гүлжан Рахман оқыр­манға көбірек танылды.
«Ақшамның» бетінен елді елең еткізетін айдарлар аштық. Соның ішінде «Айтайын дегенім…» және «Айтпайын деп едім…» деген астарлы айдарлардың жөні бөлек-ті. «Айтайын дегенім…» деп мәселенің мән-жайын баяндайсың. Ал «Айтпайын деп едім…» деп жорта күмілжіген болып, түйткілді тұстарды тересің, көзге түскен кемшілікті көрсетесің. Осы тұсына келгенде бүлкілі бөлек бозжорға Бекен Қайраттың қаламы көсіле жөнелетін. Әдетте бірін-бірі толықтырып тұратын қос айдар қатар ұсынылады. Бас қалаға жараспайтын сұрықсыздау көріністерді жалпақ жұртқа жария қылатын «Көріп қойдық» деген айдарымыз да болып еді. Оның аясындағы дүниелерді бүгінгі академик, сол тұстағы белсенді авторымыз Дихан Қамзабекұлы шырқ үйіретін. Бұлардың бәрі айтары бар айдарлар еді. Сол айдарлар өзімізге керемет жігер беретін. Сосын айдарымыздан жел есіп, жаңа идеяларды жүзеге асыруға құлшына кірісетінбіз.

* * *

Жалпы, журналистік жолымызда «Ақшам» атауы аз кездеспепті. Жас шағымызда «Жас алаштың» «Ақшам» деген арнайы бетін шығаруға атсалыстық. «Алматы ақшамының» тұрақты авторы болдық. Сыр елінде қызметте жүргенде «Ақмешіт ақшамы» деген газет аштық. Енді, міне, «Астана ақшамында» қолтаңбамыз қалды… Мен бұл басылымнан «Айқын» газетінің бас редакторы қызметіне ауысып кеттім. Бір жылдан соң «Айқынға» басшы болып Нұртөре Жүсіп келді.
Ақпарат әлемінде өзіндік орны бар «Айқынның» бір емес, екі басшысын тәрбиелеген «Астана ақшамының» киелі шаңырақ екеніне, сірә, ешкімнің таласы бола қоймас…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 1 =