Желсөзді желі үрлейді

Айтпайын-ақ деп едім...

0 95

Кітапхана – руханият орталығы, киелі шаңырақ, парасат үйі, һәм елдің мәдениеті мен әдебиетінің ошағы. Соңғы күндері әлеуметтік желіде елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана төңірегіндегі шу мәдениетіміздің деңгейіне күмән келтіргендей. Айтатын да әңгіме емес еді, бірақ мәдениет қызметкерлерінің ұжымдық әңгімені қоғамдық талқыға салуы мәдениеттілікке тән іс пе? Сын айтқандарға мәдениетті түрде жауап берудің орнына белгілі адамдарды дауға араластырғаны жөн болды ма?

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, барлық әңгіме Түркияда білім алып жүрген жас ғалым Елдос Тоқтарбайдың Түркия мен Қазақстанның Ұлттық кітапханаларын салыстыруынан басталды. Ол Қазақстандағы бас кітапханада қазақ кітаптары аз және сапасы көңіл көншітпейді деп сынады. Әсіресе, әлем елдерінде аталған кітапхана ұйымдастыратын «Қазақ әдебиетінің орталығы» деңгейінің төмендігі, оған ешкім оқымайтын кітаптардың қойылуы Қазақстанның атына дақ түсіруде деп қапаланады. «Ел іздейтін, оқырманға аса қажетті кітаптарды неге жеткізбейді? Мәселен, қырғыз, өзбек сықылды қандас ағайынның кітап бұрышында Ұлттық энциклопедиясынан бастап классик жазушыларының, танымал ғалымдарының кітаптары, сол мемлекетті танытатын нағыз керек һәм пайдалы кітаптар самсап тұр! Қазақтың кітап бұрышы – жетім бұрыш сықылды…» дейді ол. Оның бұл жазбасы желіде едәуір резонанс туғызды.
Одан бөлек, ұлттық кітапханадан өзі берген «бір кітапты жоқтаған» белгілі драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың да бір сөзі мың әңгімеге ұласты. Бір қалада отырған соң екі тарап та осы мәселені у-шусыз, өзге ешкімді аралас­тырмастан «мәдени» түрде реттеуге болмады ма екен деп ойлаймыз.
«Мендегі талап біреу-ақ!!! Әкім Таразидің Ұлттық кітапханаға сыйға тартқан жеке қорындағы қолды болған кітаптарының қайтарылуын талап етемін! Мен өзім құрмет тұтатын, аса қадірлеп сыйлайтын экс-сенатор Әділ Ахметов пен жазушы Тұрсын Жұртбайды маған қарсы айдап салғандағы Ұлттық кітапхана директоры Ү.Мұңалбаеваның мақсаты не? Егер мен жала жауып отырсам мені сотқа берсін! Ал кітаптарды тауып бермесе, үлкен адамдарды мұндай ұятты іске араластырмасын. «Өзінің бетін аямаған, өзгенің бетін шиедей етеді» деп жазды осы орайда Роза Мұқанова фейсбук парақшасында.
Әлеуметтік желі абайламай сөйлеп, аңдамай әрекет етсек, мәдениетіміздің деңгейін жалпақ жұртқа жария, айдай әлемге абыройсыз етіп, сырымызды шашатынын ұмытпаған жөн…
Кітапхана – мәдениет ошағы, киелі шаңырақ, кітап адамның, кітапхана адамзаттың көзін ашқан. Онда еңбек ететін басшы да, қосшы да сол киенің қадіріне жетсе, мәдениет мәйегін қадірлесе деген тілек бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 4 =