©2020 Астана Ақшамы
Желіккен жүргізушілерді жөнге салудың жолы
Желмен жарыса желігіп, көлікті «жын қуғандай» айдайтын жүргізушілер талай адамның өміріне қауіп төндіріп жүр. Сондықтан, Бас прокуратура жүгенсіз жүретін көлік иелерін жазалайтын арнайы бап енгізу жөнінде ұсыныс тастап отыр.
ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары бетінде көлікті қатты айдайтын жүргізушілерді жөнге салу мәселесі жиі талқылана бастаған. Бұл мәселе кезінде талай көтерілген, бірақ жаппай қолдауға ие бола алмаған. Енді, міне, мәселенің қайтадан тұтануына желөкпе жүргізушілердің өздері себеп болып отыр.
Мәжіліс депутаттары «Жол қозғалысы туралы» және «Қазақстан Республикасындағы кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылау кезінде көліктің жылдамдығын шектен тыс асыратын жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту жөніндегі ұсынысты да қарастыратынын атап өтті.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ