ЖЕЛІДЕГІ ЖАУЫЗДЫҚ ЖАЛҒАСПАСЫН…

0 249

Ағылшыншасы (бу́ллинг — bullying), орысша – «травля» сөзінің қазақша баламасын дөп басып табу қиын. Әзірше, айналымда жүрген «қудалау» сөзі осы әрекеттің шын мағынасын ашып бергеніне күмәнім бар. Буллингтің дәл мағынасын жете түсінбесек те, әлеуметтік желідегі бір адамның өліміне жеткізген дау-дамайға қарап, адамшылықтан ажыратудың бір амалы ма деген ойға жетелейді. Әрине, «әй» дейтін де, «қой» дейтін де біздер емеспіз. Тек әр қазақты бір жалғызым дейтін бәрімізге сабыр мен сана берсін.

Дегенмен жаңа технологиялармен бірге келген жаудың қай бүйірден қосылғанын білген жөн. Біреуді қорлап, қаралап, ызасын келтіріп, қазақша айтқанда «ит қосып қуғың» келсе, ол үшін интернет жаңа технологияларды қолдансаң буллингке «кибер» қосылып заты белгілі болады. Егер дауласқандарда алты аласың, бес бересің жоқ, қорламақ ойыңыз мүлдем болмаса да айтысып жатқан екі жақтың жазбаларына «лайк» басып, немесе жақтаған не даттаған пікіріңізді білдірсеңіз де бұл да кибербуллинг. Өйткені онсызда тығырыққа тірелген жанды одан сайын алқымдап өзіне қарсы біріккендердің қатарын көбейтіп, қылығыңызбен зәбірін еселендіре түсіресіз.

Алғаш рет «киберқауіпсіздік» сөзінің анықтамасын мектепте үдеп бара жатқанына қарап мұғалім Билл Белси анықтапты. Оның пікірінше, бір ортада бірінің екіншісіне қарағанда артықшылыққа ұмтылуы, өзгеге қызғанышы, не кек алуы мақсатында осы әдісті қолдануын айтады. Бүгінде бұл құбылыс егер белгілі бір адамға бағытталған қысастық анықталып, онда физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылықтың көрінісі болса «буллинг» деп, егер осы зорлық сандық кеңістікте, ғаламторда орын алса аты «кибербуллинг» аталады.

«Кибермоббинг» дегені бір адамның келесі біреуге зұлымдығын түрлі пост, ммs, смс хабарламалар, суреттер, электронды пошта, веб-парақшалар, чаттар, комментарийлер сияқты ақпараттық байланыстың технологиялары арқылы іске асыруын айтады. Біреудің өзгені нысанасына алып, әлеуметтік желілерге өсек-аяң таратып, қорқытып, қоқан-лоқы көрсетуін де қудалауға жатқызады. Кейде желідегі араздық сыртына шығып, араздасқандар жүзбе-жүз ашық оффлайн кездеседі. Көптеген блогерлер мен ел алдында жүрген белгілі тұлғалар осындай «киберсталкинг» деп соқтығысып қалып жатыр. Зорлықтың бұл түрін «инфлюенсерді» ел алдына шыққандардың көшенің қалтарысында аңдығанның тосын мінезімен байланыстырады.

Бұл ғаламтордан шыққан жаудың түрі де көп екен. Мысалы, бұл шайқастың ең ауыры – флейминг (ағл. flaming). Аты айтып тұрғандай отқа май құйғандай лап ете қалатын дау екі адамның арасында басталып, ашу-ызаға толып жазбаларын алма-кезек ортаға салады. Ақырында екі адамның жазбаларынан бағып отырғандар, сөз болып жатқан әңгіменің себепкерлері, куәгерлері, жақ-жақ болып айтысып, ұрысты үдете түседі. Бітпес даудың көрінісін осы күні Facebook беттерінен біле аласыздар. Мұның өзі жеті басты жалмауыздай көбейе береді екен. Тасадан оқ атып, арзан күлкі үшін келемеждеп, жанжалға итермелегендердің әрекетін «троллинг» дейді екен. Олар жалған профиль жасап, өтірік атпен өздерін ойға алғандарын жасай береді. Тіпті ол бір адамға қарсы бағытталған ұжым, мүдделес адамдар тобы болуы да мүмкін. Флеймингке екі адам жақ-жақ болып ұрысса, харассмент (ағл. harassment) – бір адамның ізінен қалмау. Яғни, өзіне әлдебір себеппен жақпаған адамды қырына алып, оның әрекетерін сынап-мінеп, ашуландыруға не пікірсайысқа шақырғандай көрінеді. Жәбірленушіні жер қылып, басқан ізін аңдып, көпшілік алдында абыройын төгеді. Жаманы, бұл жағдайда да бүлік салып жүргенді дәл басып, түсін түстеп анықтай алмайды. Белгісіз профильмен интернет мүмкіндігін пайдаланғандықтан олар ойына келгенін істейді. Гриферлік (ағл. griefers) деп видео ойындар арқылы қасақана зәбір көрсетудің бір амалын айтады екен. Диссинг – жәбірленуші туралы өтірік ақпарат тарату. Секстинг «sexting» ағылшынның қосылған екі сөзінен тұрады. Интимдік мазмұндағы хабарларды тарату. Фрейпинг жәбірленушінің профилін бақылау­ға алу болса, кетфишинг – қарсыласының профилін жасап, оны әрі қарай жымысқы әрекеттеріне қолдануын айтады.

Осы тақырыпты қаузай бастағанда, «bullying» қарапайым тірлігімізде күнде кездеседі екен ғой деген тоқтамға келдім. Иә, әйелі күйеуінің не керісінше күйеуі жан жарының тырнақ астынан кір іздеп, енесі келінді отырса опақ, тұрса сопақ етіп тынбастан табалап отырса, мектепте де әлсіз шәкіртті құрбылары мүйіздеп мазаққа айналдырса, қызметтестер екі топ болып, өздеріне жақпаған біреуді сыртынан мінеп-сынап жүрсе мұның бәрі жақсылықтың белгісі емес. Жаманы, етіміз үйреніп кеткен, өзгеге жәбір көрсетіп отырмыз, не жәбірленіп жүрміз деп ойлана қоймаймыз. Мұндайда асып кеткенде отбасы шайқалып, заңға арызданар. Ал, сорлағанда осының бар мағынасы мен көрінісі әлеуметтік желіге шықты. Сорақысы, ауыз өзімдікі деп желідегі жалмауыздардың ауызынан ақ ит кіріп көк ит шығып, ешкімнен тартынбайтын болды. Мұның шегі бола ма?! Тосқауыл қоятын заң бар ма?

Бар екен. Кибер агрессиямен күресуге бағытталған халықаралық құқықтық қыз­мет бұл саладағы заңнамалық базаның дамымаған себепті көптеген кедергілерге тап келіп отыр. Дегенмен, көптеген елдерде киберқауіпсіздікке қарсы заңнаманы әзірлеу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Жаңа Зеландия желіде тілдегені үшін бостандықтан айыруды алғаш болып енгізді.

Американың бірқатар штаттарында кибербуллингты қылмыс деп жариялады. Германияда азаматтық құқық бұзушылық ретінде қаралып, 10 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру жазасын қарастырады. Оңтүстік Корея мен Франция да интернет-платформалардағы агрессия үшін жауапкершілікті күшейтуге күш салуда.

Әрине, «ит үреді, керуен көшеді» дегенмен, туралап келген қастандыққа да қарсы тұрар жолдарын білген жөн. Зорлықтың келер жолын бұғаттап тас­тау, елемеу соның бірі. Facebook немесе Instagram контентіне жіберген шағымыңыз платформалардың жұмысын түзеуге де көмектеседі. Instagram және Facebook арқылы сіз әрқашан интернет-қудалау туралы жасырын хабарлай аласыз және сіздің бұндай мінез-құлық туралы хабарыңызды ешкім ешқашан білмейтін болады. Қосымшада тікелей қолжетімді болатын құралдарды пайдалана отырып, сіз өзіңіздің ғана емес, досыңыздың да қудалауға тартылып жатқандығы туралы хабарлай аласыз. Шағымды қалай жіберу туралы ақпаратты Facebook қолдау орталығынан және Instagram қолдау орталығынан табуға болады. Сондай-ақ, Instagram-дағы Restrict (менің аккаунтыма кіруді шектеу) деп аталатын құрал туралы досыңызға оны іске қосу арқылы өз қалауыңыз бойынша кейбіреулерді бұғаттамай, есептік жазбаларыңызды байқатпай қорғай аласыз. Twitter-де сіз басқа адамның атынан шағым жібере алатын bystander reporting деп аталатын опция бар. Осылайша, сіз жеке ақпаратты және жалған аккаунтты заңсыз пайдалануға шағымдана аласыз.

Буллингтің қай түрін алсақ та, адамға зиянын тигізеді. Әсіресе, басқан қадамын парақшаларында бөлісіп, көпшілік алдында жүргендерді киберқысастық жиі иектейді. Біреудің бағын, біреудің тағын көре алмайтындар да, кейде атақтылардың арқасында өз атын шығарғысы келетіндер де, тіпті болмаса, аты шықпаса жер өртеуге дейін баратындар да жағымсыз істен тартынбайды. Олардың басты кемшілігі бәлкім, бұл әрекеттердің өзгеге жасаған зорлығы, қысастығы немесе әзірге заңға томпақ келмесе де, адамдықтан айыратынына баға бермеуінде болар. Ендеше ауыз өзінікі болғанмен, оқитын біреу болғандықтан әдептен аспай, әншейін айта салғаным демей, желідегі жазбаға да жауапкершілікпен қарайық.

Айгүл Уайсова

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =