«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Желідегі дәріге сене берме!

0 247

Өмірде өзім ұстанатын және саналы ғұмырымда айнымауға серт берген бір принципім бар: желілік маркетинг (сетевой маркетинг) пен пирамидалардан аулақ жүру. Өмірде бір нәрседен қателес­педім десем – осы ұстанымымды айтар едім.


Талай желілік компания, «холдинг­тердің» тренингтеріне барып көрдім. Сондағы қатысушылардың түріне қарап отырып, сол адамдарды сол сәтте «ал енді, тұр да, қасыңда отырған адамның құлағын қыршып ал» десең, ойланбай соны істейтін, біреулері сөйтіп жатқанда өзгелері қол шапалақтап отыратын зомбилерге ұқсатамын.
Ақыры бастадым ғой, айтайын.
NL және басқа сияқты компаниялардың былай зияны жоқ, өз-өзімен қуып, өздері БАД-тарына сеніп жүрген біреулер әйтеуір. Бірақ…
Олар өз өнімін кез келген сырқаттың емі, мың да бір дерттің дауасы деп ұсынады. Адам соған сеніп, алып, соған алданып жүріп, ауруын асқындырып алуы мүмкін. Айталық, олар бас ауырғанда көмектеседі деп бір дәрісін береді. Адам алып ішеді, басы ауыр­ғаны шынымен басылады. Дәрігерге бармайды. Бірақ оның басы ауырғанының себебі басқа болуы мүмкін ғой: онда қан тамырларының проблемалары да, жүрек те, омыртқа да, мойын да араласуы мүмкін. Олардың кейбірі тек механикалық араласу арқылы жазылады. Айталық, бас аурудың көп түрін мойынға массаж жасап емдеуге болады. АЛ біз NL-дің порошоктарын ішіп жүре береміз, қысылған тамыр сол қысылған күйінде тұра береді.
Бір жылдары «Ұлы Асу» деген компания болған. Әлі де бар. Солар Америкадан «Валюпта» деген препарат әкеп сатып жүрді. Әу баста ол нәрсе әйелдің төсек қатынасында пайдалануы үшін ойлап табылған. Бірақ, уақыт өте келе, оның құрамындағы L-arginin деген ақуыз (аминқышқылы ма, есімде жоқ) мың да бір деттің дауасы екенін ғалымдар анықтапты-мыс. Содан Қазақстанда жаппай валюптатерапия басталсын. Сол компанияның адамдары сол гелді кімге ұсынбады, кімге тықпаламады дейсің: асқазаны ауырғанға да, көзі ауырғанға да, тіпті омыртқасы зақымданып, грыжа-протрузия болып жүргендерге де. Ол гельді ауырған жерге жақса да болады екен, тілдің астына салып сіңіріп алса да болады екен, тіпті суға езіп ішсе де болады екен.
Бірнеше жылдан кейін сол компания өнімін «Sensual» деген атпен қайта сата бастады, тек бұл жолы «по прямому назначению», яғни тоят ала алмай жүрген әйелдерге деп сатты. Қазір де бар-ау деймін. Тек 2008 жылы бір құдағиымыз көзіндегі глаукоманы сонымен емдеймін деп, көзінен айырылып қала жаздағаны есімде.
Өнім сататын желілік маркетинг – жалпы нарықта бәсекеге шыдамайтын өнімдерін өткізу амалы. Сол структураның бәрін ұстап тұруға, жанталасып норма орындағандар мініп жатқан мерседестерге, «өңірлік менеджерлердің жиындары мен тренингтеріне» қанша ақша кететінін есептеп көрсе – сол өнімнің өзіндік құны шығады. Тиын тұратын өнім екенін түсінесің.
Ал сіз, сонша армияны асырағыңыз келе ме?

Назгүл ҚОЖАБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды