Желіде жалған ақпарат желіп жүр

0 66

Көз ілеспес жылдамдығы, ақпарат алу мен таратудың жеделдігі интернетті ХХІ ғасырдағы адамзат өмірінің бір бөлшегіне айналдырып жіберді. Соңғы жаңалықтардан бастап, жаныңызға жақын жанрдағы кино мен әуенді, тіпті кітапты да бір тетікті басу арқылы осы ғаламтордан табуға болады. Бүгінде онлайн режимде такси шақыртып, асқа тапсырыс беру дегеніңіз де ешкімге таңсық емес.
Осы бір мүмкіндіктер Жер шарындағы интернет пайдаланушылар санының еселеп артуына ықпал етті. Әрине, жедел ақпарат алу, үйден шықпай тиісті төлемдер мен қаржы аударым жасау арқылы интернет адам тұрмысын жеңілдете түсті. Әйтсе де бүгінде желдей ескен әлеуметтік желінің жеделдігін бас пайдасына жаратуға әзір жандардың дәурені жүріп-ақ жүр. Қас-қағым сәтте жұртты әбігерге салатындар заң алдында жауапқа тартылса да айылын жияр емес.Әсіресе қалың бұқара әрі-сәрі күй кешкен бүгінгідей сәтте жалған ақпар таратушылар желінің «жұлдызына» айналып шыға келеді. Соның ішінде коронавирустық инфекция, оған қарсы егілетін екпелерге қатысты «соңғы жаңалықты» жалпақ жұртқа жария етуге деген құштарлық басылмай тұр. Трендтегі тақырыпты қозғайтындардың келтіретін дәлел-дәйектерінің нанымдылығы сондай, көпшілік ақпараттың ақ-қарасын айыра алмай әбігерге түседі.
Ақпарат кеңістігіндегі осынау алашапқын мен оған қарапайым бұқараның оңай бас июі турасында пікірін білдірген Сүлеймен Демирел атындағы университеттің «Әлеуметтік ғылымдар» кафедра­сының оқытушысы Есенгүл Кәпқызы қоғамдағы ақпаратты саралау қабілетінің төмендігін айтады. Ғалым өз пікірінде алып-қашпа әңгіменің ақиқатына көз жеткізбестен қасындағы көршісіне сыбырлап үлгеретіндердің көбі ресми дереккөздерінің хабарламасына анау айтарлықтай мән бермейтіндігіне де баса назар аударды.
– Өкінішке қарай, біздің халық ақпаратты қалай көреді, солай қабылдайды. Оның шынайылығын саралау, ақ-қарасын анықтау қаперіне де кіріп шықпайды. Одан соң көпшілік мәліметтің рас-өтірігіне көз жеткізуде fact checing-тің көмегіне жүгіне бермейді.
Әрине, әлеуметтік желіні бақылау өте қиын. Тек сондағы қисынсыз мәліметтерді жоққа шығаруға ресми бұқаралық ақпарат құралдары қолғабыс етуі қажет. Басылымдар мен телеарналар, ақпараттық агенттіктері кез келген жалған ақпаратқа жылдам реакция танытып, оны жоққа шығарса, халық арасында үлкен дүрбелең тумайды. Өкініштісі сол, қазақстандықтар ресми дереккөздері таратқан ақпараттарға күмәнмен қарайды. Әрі оларға жеделдік жетіспей жататыны да жасырын емес.
Психологиялық тұрғыдан алып-қашпа әңгіме оны қабылдаушы адамға қорқыныш пен үрей сезімін туындатса, ол міндетті түрде бұл хабарламаны екінші біреумен бөлісуге даяр тұрады. Сол арқылы ол өз бойындағы қорқынышты жеңеді. Және өзіне жақын адамды сақтандырдым деген ойда болады.
Осынау мәселедегі әлемдік тәжірибеге назар аударсаңыз, көптеген мемлекетте медианы талдау, сараптау негіздері мектеп партасында оқытылады. Мен «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алып жүргенде, коронавирус жайындағы жалған ақпаратқа британдықтардың сенбейтінін байқадым. Олар үнемі ресми дереккөздеріне сенеді. Және солардың мәлімдемесіне құлақ түргеннен кейін барып әрекетке көшеді, – дейді Есенгүл Кәпқызы.
Ал әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратов адамның жағымды ақпараттан гөрі жағымсыз ақпаратқа жақын екендігін алға тартады. Әрі ол өзі қабылдаған мәліметке сенім білдіруде желі қолданушыларының жасы маңызға ие екендігін айтады.
– Әлеуметтік желі алып күшке айналып тұрған шақта жалған ақпаратты таратушылардың түпкі мақсаты белгісіздеу. Олардың кейбірі ақпараттық кеңістікте беделге ие болуды көздесе, енді бірі ойланбай қызық үшін әрекет етеді. Сондықтан олар мұның артында салмақты жауапкершілік бар екенін сезінбейді.
Ал адамның жаны жағымды ақпараттан гөрі жағымсыз ақпаратқа жақындау. Сол себептен де жағымсыз ақпарат тез тарайды. Әрі оның қабылдануы да жылдам. Әсіресе кеңестік жүйенің тәрбиесін көрген алдыңғы толқын аға-әпкелеріміз берілген ақпаратты сол күйінде қабылдауға әзір.
Америкалық атақты әлеуметтанушы Элвин Тоффлер өзінің «Болашақтың шогы» атты еңбегінде ақпараттық қоғамдағы адамдардың әрекеті мен іс-қимылы, жалпы жағдайын болжайды. Өз болжамында ғалым ақпараттық қоғамда білім, ғылым бірінші орынға шығуы мүмкін екендігін айтқан. Алайда ақпараттық үдерістердің жылдам дамығаны сондай, қоғам жалаң хабарлар мен ақпараттардың жетегіне еріп кетті, – дейді Б.Әлмұратов.
Расында, жалған ақпарат таратушылар заңмен қудаланады. Жазалаудың мұндай шаралары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабында нақты көрсетілген. Әсіресе заң органдарының төтенше жағдай кезінде халықты қауесетпен әбірге салғандардың басынан сипамайтынын ескеру керек. Заң бойынша олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондықтан негізсіз ақпар таратудан абай болғанымыз жөн. Бұл ең әуелі өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін қажет. Оның сыртында сіз берген мәліметтің дүрмегіне еріп, әлекке түсетін қоғамның да тыныштығы тұрғанын ұмытпағанымыз абзал.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 5 =