ЖЕЛ ҚУАТЫ – ҮНЕМДІЛІК КЕПІЛІ

0 221

Әлем бойынша электр қуатын тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібіне қойылғаны қашан. Оның балама көзін қарастыру үшін сарапшылар талай мәрте бас қосты. Жалпы, дерекке жүгінсек, елімізде электр қуатының тоқсан пайызы көмір және газ арқылы өндіріледі. Ал қалғаны су электр бекеттерінің үлесінде.

Біздің мемлекет өткен жылы үш жылға арналған жел қуатын пайдалану жөніндегі бағдарламада қамтылған істерді пысықтады. Алғашқы жоспар негі­зінде сағатына 1,82 триллион кило­ват қуат өндіру көзделген. Бұл іске БҰҰ атса­лыс­пақшы. Осы аталған ұйым­ның Қазақ­стандағы ресми өкілі Гордон Джон­сонның мәлімдеуінше, бағдарламаның екінші бөліміндегі бес мегаваттық жел қуаты бекеті Қытай шекрасына таяу Жоңғар қақпасы маңайынан орын алады. Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатымен Вашингтондағы әлемдік қоршаған ортаны қорғау тәуелсіз ұйымы екі миллион доллардан аса қаржы бөлген.

Біздегі бірқатар электр стансаларының ескіруіне байланысты электр қуатының шығыны да белгіленген мөлшерден асып кетіп отыр. Осыған орай Үкіметіміз 2007 жылы «Қазақстан Республикасында 2007-2015 жылдарда электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі шаралар жоспары» бағдарламасын әзірлеп, ірі инновациялық жобаларды бекітті. Соның нәтижесінде, 2011 жылы қуаты 54 мвт болатын ГЖЭС салынып, Ақсу ГРЭС-інің №2 энергоблогы іске қосылды. Одан кейін қуаттылығы 300 мвт Мойнақ ГЭС-і пайдалануға берілді. Десек те, жыл сайынғы өндіріс көлемінің ұлғаюы қосымша энергия көзін қарастыруды міндеттеуде.

«Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның дерегіне жүгінсек, 2030 жылға қарай 46 ауданда қуаты 1 миллион квт/сағ. болатын жел стансалары салынбақ. Бұл жұмыс өз дәрежесінде тиянақты орындалса, бірнеше қуат көзі еліміздің игілігіне жұмсалатын болады. Ал, бүгінгі кезде Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында және Қарағанды облысының Шет ауданында жел электр стансалары салынған. Осы тұста балама қуатты еселеуде биоқалдықтардың да әсері зор екенін атап өткіміз келеді. Бейресми ақпарда көрсетілгендей, жыл сайын мал шаруашылығы саласында құрғақ күйінде 22,1 миллион тонна қалдық болады екен. Сондай-ақ, 17,7 миллион өсімдік қалдығын кәдеге жаратудың толық мүмкіндігі бар. Егер, осыларды ыждағатты өндеуден өткізе білсек, мол мазут алуға жол ашылады.

2011 жылы елімізде балама қуат көзінен алынған электр энергиясының мөл­ше­рі 423 миллион квт/сағ. тең. Осы аз өл­шемді арттыру бойынша БҰҰ Даму бағдар­ламасының өкілі екі жыл мерзім ішінде республика өңірлеріне зерттеу жүргізген. Сонда солтүстік аймақтарда желдің екпіні қатты екеніне көз жеткізіпті.

Жетісу өлкесіндегі су жүйесі республи­камыздағы тіршілік нәрінің жар­тысын құрайды. Кезінде мұнда бес шағын су электр стансасы іске қосылған. Ал, су көзі тапшы аймақтарға желдің қуатын пайдалану міндеті күн тәртібінде тұр. Қазір алпысқа жуық мемлекетте жел қуатын арттыруға арналған электр стансалары бар.

Батыс елдерінде жылу энергиясының ысырап мөлшері алты пайызды, ал электр энергиясы он пайызды құраса, бізде ол отыз бен қырық пайыз аралығында. Осынау олқылықты орнына келтіру үшін тозығы жеткен электр стансаларын жаңалап, қосымша қуат көзін тиімді пайдалана білуіміз қажет.

Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында былай деп атап өтті: «Бесінші сын-қатер – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік. Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда. 2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 % – на дейін өндіруге мүмкіндік береді». Осылай дей келе, табиғат байлығын орнықты экономикаға кіріктіре білу қажеттігін ескертеді. Ал «ЭКСПО» көрмесі аясында «Болашақтың энергиясы» тақырыбы талқыланып, залалсыз баламалы жылу көздердің маңыздылығына екпін беріледі. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ұсынған бұл мәселенің өзіндік орны, салмағы бар.

Шетелдік тәжірибелі мамандар қаты­сатын осы көрмеге біздің ел тарапынан да әртүрлі сала өкілдері болады. Индустрияландыруды тиянақты атқарып келе жатқан елорда қазірден бастап маңызды іске қызу кірісіп кетті. Ал жоғарыдағы тақырыпқа тұздық болған – энергияны үнемдеу жолын жауапты тұлғалардан сұрап білген едік. «Қазақэнергиясараптама» АҚ ма­ман­дары жолдаған жауапта былай делін­ген: « 2012 жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң қабылдады. Оның негізін қа­лай­тын энер­гия аудиті екені анық. Жал­пы, энер­­гия аудиті дегеніміз – энергия үнем­деудің мүмкіндігі мен әлеуетін бағалау және қоры­тынды дайындау мақ­са­тында энерге­тикалық ресурстардың пайда­лануы туралы дерек­терді жинап, өңдеу және талдау. Айта кетерлігі, 2013 жылдан бастап энер­гетикалық қорлары есептеу құра­лымен жабдық­талмаған жаңа нысан­дарды тапсыруға тыйым салынады. Қазір­гі кезде энер­гияны ысырап етпеудің ең тиімді жолы – жел қуатын пайдалана білу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Астана маңын­дағы Ерей­ментау қаласында қуаты 45 мвт жел электр станциясының құры­лысы басталып кетті».

Жағымды жаңалыққа біздің де іші­міз жылып қалды. «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесінде тағы басқа балама қуат көздерінің тұсауы кесілетініне бек сенімдіміз.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × one =