ЖЕДЕЛСӨЗ. Ә.Тамабаев: Басты міндет – сапалы қызмет көрсету

0 246

Қай кезде де ірі мегаполистер үшін жолаушылар тасымалы бірінші кезекте тұрады. Адамдарға сапалы қызмет көрсетуде қоғамдық көліктің қозғалысы мен бағдарын реттеу – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Осы тұрғыда Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы Әбдіхамит Тамабаев әңгімелейді.– Қаладағы жолаушылар тасымалының жай-күйі қандай?
– Бүгінгі күні қаланың қоғамдық көліктерінде жүргізушілер жетіспеушілігі орын алып отыр. Күн сайын қалада тасымалдың осы желісін 520 мыңға тарта жолаушы пайдаланатындықтан, кейбір бағдардағы автобустарды жолаушылар аялдамаларда ұзақ күтіп қалатын жағдайлар болатынын да жасыруға болмайды. Қызмет көрсету сапасы мен мәдениетін арттыру мақсатында қаланың қоғамдық көлігіне білікті, тәжірибесі қалыптасқан жүргізушілерді іріктеп алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар, қалалық жолаушылар көлігінің жүйесін жетілдіруді де ұдайы назарда ұстаймыз. Соңғы жылдары елорданың жол-көлік инфрақұрылымының кеңейтілуіне байланысты ауқымды іс-шаралар атқарылды. Атап айтсақ, жаңадан 50-ден астам аялдама тұрғызылып, 150-ге тарта автобус сатып алынды.
Қалада қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттай ма?
– Қаланың қоғамдық көліктеріндегі жол жүру билеттерінің бағасын көтермей, ұстап тұру үшін бюджеттен ешқандай қаржылай көмек бөлінбейді. Бағаның бір қалыпты тұруы үшін кәсіпорынның ішкі резерві есебінен қаржы қарастырылып, бағыттық желілерді оңтайландыру есебінен күн көріп отырмыз. Астана қаласында қоғамдық көліктердің жол жүру билеттері қымбаттайтыны рас, бірақ ол таяудағы уақытта бола қоймайды. Өйткені, мұндай өте маңызды әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамдық ұйымдар мен қалалық мәслихат депутаттарының талқылап, мақұлдаулары қажет. Әрі ол бір рет емес, бірнеше рет өткізіледі. Осы аталған құзыретті органдардың көзін жеткізіп, рұқсатын алғаннан кейін ғана билет бағасын өсіре аламыз.
–Қоғамдық көлік қозғалысын бақылайтын қазіргі заманғы арнаулы GPS-белгісі туралы не айтасыз?
– Астананың қоғамдық көлігінде спутниктік GPS-бақылау жүйесі жұмыс істеп келеді. Аталған жүйе бойынша «Астана қаласының жолаушылар тасымалы орталығы» ЖШС жүзеге асыратын қала маршруттарындағы қоғас жиілігі мен жылдамдықты сақтауын ретке келтірудің нақты мүмкіндіктері туды. Айта берсе, бұдан басқа да жетістіктері баршылық. Бір сөзбен айтқанда, ол заманауи технологиялық жаңалық болуда.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =