«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жедел жетсе, ажалдан арашалайды

0 432

Жедел жәрдем өмірге қауіп-қатер төнгенде дер кезінде медициналық көмек ұсынатын қызмет екені көпке мәлім. Жедел жәрдем қызметкерлері керек кезінде бәріміздің жанымыздан табылатын жанашырымыз, халықтың денсаулығын сақтауда маңызды қызмет атқаратын «Көмек тобы» екенін әркез естен шығармағанымыз дұрыс.

«Bus Line» 102-нің жүрісін өндірді

Алайда «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» дегендей, біреу шыбын жаны үшін жанталасып жедел жәрдем көлігінде қиналып жатса, енді біреулердің қара басының қамын ойлап, жедел жәрдем көлігіне жол бермей, кедергі жасайтыны немесе жедел жәрдем қызметкерлерін балағаттап, соққыға жығатыны, бері айтсақ ұят, ары айтсақ, асқан әбестік. Өкінерлігі, жедел жәрдем қызметкерін соққыға жығу, оларды балағаттау немесе жедел жәрдем көлігіне әдейі жол бермеу жағдайы Қазақстанда үнемі кездеседі. Айталық, өткен жылы Алматыда түрік жігітінің жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін талтүсте таяққа жыққаны – соның жанды дәлелі. Бірақ жуан жұдырықтық жасаған жігіт сот алдында жәбірленушіден кешірім сұрап, айыбын төлеп құтылып кетті…
Бұл мәселеден «Қазақстанда жедел жәрдем көлігінің іркіліссіз жүруіне қатысты заң-тәртіптер бар ма?», «Елордамыз Астана сияқ­ты үлкен қалаларда жедел жәрдемнің жедел жетуіне қандай қолайлылық жасалған?» деген заңды сұрақ туындайды.
Астана қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы» МКК қaлaның әртүрлi бөлiктeрiнe oрнaлacқaн. Қазіргі таңда шақыр­ған жерге уағында жетуге мүмкiндiк бeрeтiн жәнe шұғыл көмeк көрceтeтiн 14 қocaлқы cтaнция жұмыc icтeйді. Шұғыл көмeк көрceтудi қaмтaмacыз eту үшiн, қaлaның әртүрлi бөлiктeрiндeгi ыңғaйлы жeрлeрдe 9 тaрмaқтa oрнaлacқaн бригaдa мeн 3 қocaлқы cтaнция бар. Қала бойынша 109 жедел жәрдем көлігі жұмыс істейді. Сонымен қатар жедел жәрдем көліктері қоғамдық көліктерге арналған «Bus Line» жолағымен жүруге рұқсат берілген. «Жедел жәрдем көлігіне автобус жолымен жүруге рұқсат берілуі шақырған жерге тез жету мүмкіндігімізді арттырды. Алайда бригaдaлaрдың aуыcу кeзiндeгi қиындық пен жол кептелісі барысында бөгеліп қалу, көлігіміздің aвтoкөліктермeн қaқтығыcуы сияқты себептер көліктеріміздің жедел жетуіне кесірін тигізетін кездері де жоқ емес» деді «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы» Бас дәрігерінің медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Г.Тұяқова.
Кез келген жүргізуші жедел жәрдем дабылын естіген сәтте жылдамдықты азайтып, жол беруге міндетті. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» № 235-V ҚРЗ Кодексінің 598-бабының 1-тармағына сәйкес, бiр мезгiлде жарқылдауық маягы мен арнайы дыбыс дабылы iске қосылған жедел және арнайы қыз­меттер көлiк құралының жүруiне басымдық бермегендерге жетi айлық есептiк көрсеткiш (бір айлық есептік көрсеткіш 2525 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады. 2-тармағына сәйкес, жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермегендерге он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. 3-тармағына сәйкес, осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген белгілемеге сәйкес әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынуға әкеліп соғады.

Шетелдерде «Жедел жәрдем» жеделдігінің сыры неде?

Жедел жәрдем көлігіне жол беру азаматтардың ар-ождан, моральдық қасиетімен қатысты. Себебі жедел жәрдем қызметкерлері шақыртуға қаншалықты жылдам жетсе, адамды ажалдан арашалап қалу мүмкіндігі соншалықты арта түседі.
Германия – дүние жүзі бойынша, ең алдымен, «Жедел жәрдем көлігіне» жол беруді заңдастыр­ған ел. Аталған елдің жол, қатынас заңында «Әр қандай қатынас құралдары жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктерінің дабылын естіген шақта, сол жақ жолақтағы машина сол жаққа, оң жақ жолақтағы машина оң жаққа бейімделіп, жылдамдықты ақырындатуы, қажет жағдайда тоқтап, ортадан көлік өтетін мүмкіндік жасауы керек» деп белгіленген. Бұл елде «Егер де жүргіншілер жедел жәрдем көлігіне жол бермеуден жол апаты туындаса, жедел жәрдем көлігі ешқандай жауапкершілік арқаламайды» деген ереже бар.
Сингапурде жедел жәрдем көлігінің алдына бейнебақылау камерасы орнатылған. Алда-жалда жүргіншілер жедел жәрдем көлігіне жол бермей, камераға түсіп қалса, сот жол бермеген көлік жүргізушісінің жүргізушілік куәлігін жарамсыз етіп, 70 SGD (жүз мың теңгеге дейін) айып салады немесе алты айға дейін қамауға алынады.
Бельгияда жедел жәрдем көлігінің дабылы естілісімен жолда кетіп бара жатқан машиналар жол шетіне бұрылып немесе тоқтап жол беруге міндеттелген.
Қытайда жедел жәрдем көлігіне әдейі жол бермегендердің жүргізушілік куәлігінен 3 нөмір тартылып (бір куәлікте бір жылда 12 нөмір болады), 200 CNY-нан (он мың теңгеден) жоғары айып салынады немесе 10-15 күн қамау­ға алынады.
Жедел жәрдем көлігіне жол беруде үлгі тұтатын елдің бірі – Жапония. Бұл елде жедел жәрдем көлігінің дабылы естілгенде бір бағытта кетіп бара жатқан машиналар жол шетіне тоқтап, көлік өтіп кеткенше күтіп тұрады. Оның үстіне, жедел жәрдем көлігінің жолжетек (навигатор) құрылғысы қатынас құралдарын басқару орнымен жалғасқан. Жедел жәрдем көлігі жолға шығып, жолжетекті іске қосқан соң қатынас басқару орны сол жолдың бойындағы қызыл бағдар шамдарды қысқа, жасыл бағдаршамды ұзағырақ жағып, құтқару көлігінің емханаға тез жетуіне мүмкіндік жасайды. Кей қалаларында жедел жәрдем көлігі жүретін арнаулы жол да салынған.
Тағы бір ескерер түйін, АҚШ, Германия, Жапония, Сингапур елдерінде «Жол кептелісі кезінде жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктеріне жол беру әдісі» жаңадан жүргізушілік куәлігін алатындардың емтихан түріне енгізілген. Ал Германияда жүргізушілік куәлігін алу емтиханына қатынасудан бұрын жарық және дыбыс дабылы іске қосылған жедел жәрдем көлігіне жол берудің әртүрлі қағидалары арнайы оқытылады.

   P.S.  Құзырлы орындар жедел жәрдем қызметін өтеу жүйесіне «Төрт санат – төрт түрлі уақыт» белгілегенімен, жедел жәрдем көлігінің жолда іркіліссіз жүруін заңмен қамтамасыз етуге мән берілмесе, жедел жәрдем сырқатқа жедел жете алмайды…

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды