Жедел жәрдемге жол беруге міндеттіміз

0 46

«Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қалалық жедел медициналық жәрдем станциясымен бірлесіп, «Жол бер! Өмірді сақта!» шарасын өткізді.Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол жүру мәдениетін қалыптастыру және жедел жәрдем көлігінің жедел жетуіне бөгет жасамау мақсатында өткізілген бұл шара аясында жүргіншілерді жол жүру ережелерін сақтай отырып арнайы сигналы бар жедел медициналық жәрдем көлігіне жол беруге шақырды.
Шараға қатысқан жедел жәрдем қызметкерлері бас қалада қоғамдық көліктерге арналған «Bus Line» жолағымен жүруге рұқсат берілуі 103-тің көздеген жеріне тез жетуіне көп мүмкіндік бергенін айтады. «Дегенмен қаланың кейбір жолдарында «Bus Line» жоқ болғандықтан, көлік ағыны көп кездерде, кептелістен көздеген жерге кешігіп баратын жағдайымыз да жоқ емес. Себебі жүргіншілердің кейбіреуі жол берсе, ал кейбіреулер жол бергісі келмейді» деді қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкері Азат Раматолин. Оның айтуынша, жедел жәрдем көлігіне жол беру бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған. «Алайда жол бермейтін жүргіншілер әлі де бар» дейді ол.
Жедел жәрдем көлігіне жол беру жүргіншілердің мәдениет сапасына саяды. Қайсы елде, қандай мемлекетте болсын кез келген жүргізуші жедел жәрдем дабылын естіген сәтте жылдамдықты азайтып, жол беруге міндетті. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» №235-V ҚРЗ Кодексінің 598-бабының 1-тармағына сәйкес, бiр мезгiлде жарқылдауық маягы мен арнайы дыбыс дабылы iске қосылған жедел және арнайы қыз­меттер көлiк құралының жүруiне басымдық бермегендерге жетi айлық есептiк көрсеткiш (бір айлық есептік көрсеткіш 2525 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады. 2-тармағына сәйкес жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермегендерге 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. 3-тармағына сәйкес, осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген белгілемеге сәйкес әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер 15 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынуға әкеліп соғады.
Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ақпараттық-жедел диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Бота Садетханның айтуынша, жыл басынан бастап вирустық инфекцияның өршуіне байланысты жедел медициналық көмекке жүгінулер саны артты. Қалада 110-нан аса бригада медициналық көмек көрсетеді. Бірақ бұл да жеткіліксіз, себебі өтініштер көп. Емханаға барудың орнына адамдар бізге қоңырау шалуға әдеттенген. Күн сайын диспетчерлік қызметке 4000-нан астам қоңырау келіп түседі» деді Бота Садетхан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 19 =