«Жедел жәрдемге» – жасыл дәліз

0 10

Қала әкімі Алтай Көлгінов өткен жылдың күзінде «103» көлік құралдарын интеллектуалды көлік жүйесіне толыққанды біріктіруді қамтамасыз ету мәселесін тапсырған болатын. Осы ретте елордада «103» жедел жәрдем автокөліктеріне арнап «жасыл бағдаршам» қанатқақты жобасы сәтті енгізілді.

Бұл технология бағдаршамды қызылдан жасылға ауыстыру арқылы реанимобильдерге «жасыл дәліз» ұсынады. Қазіргі уақытта жабдықтар реанимациялық бригадалары бар бірқатар жедел медициналық көмек машиналарына орнатылды.
Жедел жәрдемге арналған бұл технология пилот ретінде «City Transportation Systems» компаниясымен бірлесіп денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында 2018 жылы енгізілген. Технология ЖМК автомобильдеріне орнатылған ақпараттық жүйелер мен арнайы жабдықтарды интеграциялау арқылы жүргізушілер қажет болған жағдайда бағдаршам сигналдарын қызылдан жасылға ауыстыра алатындығымен ерекше.
«Аталған технологияны енгізу бригаданың науқасқа жету уақытын айтарлықтай қысқартады. Осылайша жедел медициналық көмекті уақытылы және сапалы көрсету бойынша көрсеткіштер жақсарды. Әрі қарай қала әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы санитарлық автокөліктердің бәрін осы технологиямен жабдықтауды жалғастырады» делінген басқарма хабарламасында.
«Жасыл бағдаршам» жедел жәрдем көлігін сүйемелдеудің жағымды жақтарын көрсетті. Атап айтқанда, жүру уақыты орта есеппен 30 пайызға қысқарды.
Осыған дейін госпитальға жету уақыты 14 минутты алса, бұл технологияның көмегімен жедел жәрдем көлігі межелі жерге, сондай-ақ 11 километр немесе одан да ұзақ жолға 10 минутқа жетер-жетпес уақытта жетеді.
«Шақыруға асығып бара жатқанда немесе пациентті ауруханаға мүмкіндігінше жедел жеткізу кезінде бұл технология – біз үшін таптырмайтын көмек. Себебі біз үшін әр минут қымбат. Бұл, әсіресе, кешкі кептеліс уақытында маңызды рөл атқарады» дейді ЖММК реанимобиль жүргізушісі Асхат Ақтаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × three =