«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жазушымен кездесті

0 17

«Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күретамыр», «Теңбіл тіршілік» атты кітаптардың авторы Зейнеп Ахметованы елордалықтар жылы қабылдады. Жазушымен жүздесуде әңгіме «Ұлттық тәрбие – ұлттық рухтың негізі» тақырыбында өрбіді. Бұл іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен
ұйымдастырылды.

290049532_10166437128550164_1395171438483390627_n

 

Жиын басында қала әкімінің орынбасары Есет Байкен халқымыздың ұлы қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні, еліміздегі ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуші, отбасы институтын дамытушы Зейнеп Ахметоваға Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің атынан алғыс хат табыс етті.

Отбасылық құндылықтар, ата мен бала, ене мен келін арасындағы қарым-қатынастардың нәзік тұстарын термелеп, оның қазақы салт-дәстүрімен байлап әңгіме өрбіткен жазушы: Үлкеннің алдында үндемегеннен ешқашан ұтылған емеспін. Расын айтқанда, атаға дұрыс қызмет етуді ғана ойладым, – деді. Қазіргі заман өзгерістеріне сай өзіндік пікірлерін ортаға салған Зейнеп Ахметова өз отбасы туралы да қысқаша айта кетті.

– Аллаға шүкір, екі немерем бар. Үлкені оқуын бітіріп, жұмысын істеп жүр. Ал кішісі кеше ғана мектеп бітірді. Ал «Келініңіз екінші Зейнеп бола ма?» деген сауалға былайша жауап берейін. Болмайды. Ол неге екінші Зейнеп болуы керек? Оны Алла тағала басқаша жаратқан. Ол үй тірлігін бұрынғыша істеуі мүмкін. Бірақ та екінші Зейнеп болмайды. Келінім – орысша оқыған қаланың қызы, – деп сөзін түйіндеді. Бұдан басқа да тағылымды сөздерімен көпшілікті баурап алып, кездесуге келгендердің түрлі сұрақтарына жауап берді.

Жазушы астанаға бұрындары түрлі себеппен келіп жүргенімен, елорда тұрғындарымен алғашқы кездесуі еді. Өнегелі өмірімен және тәлімді тәрбиенің ұлттық үлгісін насихаттап ел алдында жүрген апамызға халықтың ықыласы ерекше болды. Талай жұрт апамыздың әңгімесіне қанығып, тағы да дидарласатын мүмкіндік болса екен деп тарқасты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды