Жазушы неге жалғызсырады?

Талғат Кеңесбаев жайлы сыр

2 603

Жаздың жаймашуақ күндерінде «Астана ақшамы» газетіндегі әріптесім Гүлдана Талғатқызы АҚШ-қа оқуға түскенін сү­йіншілеп әлеуметтік желіге жаздым. Ботасының қуанышына ортақтасқанды кім жек көрсін, артынша жазушы Талғат Кеңесбаев сүйіншіге кітабын беріп жіберді. Кітапты қолыма ала салып, жата-жастана оқыдым десем өтірік болады, алғашқы күндері «Қараңғы түннің жұлдызы» атты повесін, одан соң қолым қалт еткенде «Аққудың өлімі», «Үнсіз нота», «Ах, Мона!», «Шыбын жан», тағы басқа әңгімелерін оқыдым.

Сөйтіп жүргенімде ав­тордан хат келді. Жазушы өз кітабы жайлы сұрапты. Мен оқып бастағанымды, кейбір шығармалары қатты ұнағанын, әрі қарай оқитынымды айттым.
Арада бір аптадай өткенде Талғат ағадан тағы хат келді. Тағы да сол кітабы жайлы сұрапты. Бірақ бұл шақта жұмысқа қолым байланып, кітапты аяқтауға мұршам келмей жүрген. Шынымды айттым. Жазушыны қызықтырып тұр­ған менің пікірім екенін түсінгенде «алда өзіне жазып беремін» деп уәде еттім.
Осыдан соң Талғат аға кітап туралы оқырман, яғни менің пікірімді тағатсыздана күткен сияқты. Бір жолы үй ішімнің хал-жайын сұрап хат жазса, тағы бірде жай ғана «қайырлы күн!» деп амандасады – қалай да кітап туралы қаперіме салып отырды. Бір күні:
– Менен жазушы шыға ма деп қобалжи беретін болыппын, – деп жан сырын ақтарды аға.
Бұған таңғалғаным рас.
– Сіз бұрыннан жазбайтын ба едіңіз? – дедім.
Одан әрі іштегі ойымды бүгіп қалғанды жөн көрген жоқпын. Әңгімеміз былай жалғанды:
– Шынын айтсам, жазуыңыз­да аздап стилистика жағынан олқылықтар байқалады. Кейі­нірек өзіңізге мысалмен жазармын. Ал шығармаларыңыздың формалық жағы, қысқа жазатыныңыз, жұмбақтап аяқтай салатыныңыз ұнайды. Сосын кей жазушылардың ұшқалақ мінезін, нәпсіқұмарлығын бейнелеп жазғанда өз ортаңызды аямады ма деп ойладым.
Өзі басынан кинодраматур­гия­ға жақын болғанын, стилі сол жанрға сай қалыптасқанын айтқан жазушы кейіпкерлерінің көбі жеңілтек, әйелқұмар екенін айтқанымда «ұят болды-ау…» деді. Мен «Үнсіз нота» деген әңгімесін мысалға атадым. Жалпы, қаламгердің көп шығармасында әйел, әйелге құштарлық қылаң беріп тұрады. Тіпті тіл байлығы, суреткерлігі, аз сөзге көп мазмұн сыйдыра білген шеберлігі, мағыналық салмағы үндескен «Қараторғай, ұштың зорға-ай» деген әңгімесінде де бас кейіпкерге ұшақта жолыққан арсыздау әйел бейнесі де қисынсыз. Шығармаға зорлап қосылғаны бірден байқалады. Тым артық болып тұр.
Сол күнгі әңгімеден кейін қош­тасып тұрып Талғат Кеңесбаев пікірімді өзіне хатпен жазбай, фейсбуктегі парақшама жария­лауымды сұрады.
– Жазып, фб-ға қойсаңшы. Сын болса бола берсін. Көпшілік оқысын. Сынасын! – деді.
Уәде бердім.

***

Осыдан кейін де жа­зушы кейде күн сайын, кейде араға екі-үш күн салып хат жазып жүрді. Бұл уақытта менің әдеби кітап оқуға да, әдебиет жайлы ойлау­ға да құлқым жоқ еді. Талғат аға да бір сыпайы кісі болатын, көбіне жай ғана «қайырлы күн» деп хат жолдайды. Менің өз уәдемді ойлап, қысылуыма соның өзі жеткілікті еді.
Бірде сәлемдесіп сөз бастаған жазушыға:
– Аға, саламатсыз ба! Мен кі­тапты әлі аяқтамадым. Қытай қазақтарының жағдайы дертім болып тұр, – дедім бірден.
Шынында, шекараны бұзып өтіп, туған Отанына оралған, осындағы екі балапанымен, отбасымен қауышу үшін жанын қиюға әзір Сайрагүл Сауытбай күндіз-түні ойымнан кетпей, жүрегім ауырып жүрген еді. Мен әлгіні жазып үлгергенімше Талғат ағадан тағы бір хат келіп тұрған:
– Үй іштерің аман ба? Жалпы, ыңғайсыздау болса да, бір сұрағым бар еді. Менен жазушы шыға ма? – депті.
– Аға, сіз жазушысыз ғой!
Десе де, сұрағына қарап, ол кі­сінің қандай күйде жүргенін сезіндім.
– Жазыңызшы. Дәл қазір сізге тақырып көп деп ойлаймын.
– Бір күдік ұялап алды. Әрине, тақырып көп қой.
– Күдік? Жай қаламнан суып кеткен боларсыз. Бөтенсіп, жатырқап қалғансыз ғой. Сіздің жазғандарыңыз кейін тез аударылады. Жеңіл оқылады. Оқырманның қызығушылығын оятып, жұмбақтап аяқтай саласыз. Бұл жақсы ғой.
Мен енді тынышсызданған кө­ңілін жұбатуға көштім.
– Жоқ, олай емес, – деді аға. – Бір ақын ағамыз «Талғаттың жазғандары шылғи өтірік» деп жар салды. Маған ауыр тиді.
– Керісінше, аға. Сіздікі шын. Өмірдің өзінен алынғаны бірден білінеді. Артық бояу көп емес. Сонысымен құнды.
Осылай дедім де, Сайрагүлдің сот залында қамауда тұрып, кішкентай терезеден өзіне таяп келген ұлының қолын сүйіп тұрған суретін жібердім. Талғат аға түсіне қойды:
– Мына қарындасымды миллиондармен бірге мен де уа­йымдап жүрмін, – деді.
Бір оқпен екі қоян атқым келді ме:
– Осы суреттің өзін негізге алып, шағын әңгіме жазсаңыз күшті болар еді. Бүгін-ақ жазыңызшы. Сайрагүлдің қазір қандай күйде екенін сезінетін шығарсыз, – дедім.
– Әрине.
– Күтемін, аға. Сәттілік тілеймін! Алдағы бір-екі күнде жарқ еткізесіз деп сенемін!
– Ауырлау. Көрейін.
– Жаныңызды жеп, қина­ғыңыз келмей тұрса, өзіңіз бі­ліңіз. Менің соңғы сөзді өкпелеп жазғанымды жазушы жүрегі бірден сезінді.
– Жоқ, жазамын. Біз жазбағанда кім айтады мұндай шаруаны?!
Осыдан соң араға бір күн салып Талғат аға таңғы 8:33-те хат жазыпты: «Қайырлы таң! Сіздің тапсырмаңызбен таңғы 4-ке дейін әуре болдым. Былай сұлбасы көрінді қысқа әңгіменің. Өте қиын болды. Қол жүрмеді. Бірақ бойыма ерекше күш бергендей болды. Біраз жатсын. Сосын жарыққа шығарармын».
Қуанып қалдым.
Арада тағы бір-екі күн өткенде жазушы «Сот үкімі жалғасады» атты әңгімесін жіберді. «Осылай ғана жаза алдым. Ренжімессің. Процесті білмеген соң осылай болды. Түсінетіндер түсінер» депті. Мен ағаға рақмет айтып, енді қаламын тастамауын, тоқтамауын сұрадым. «Қамшылаған өзіңсің. Саған да рақмет!» деді ол.
Несін жасырайын, әңгіме өз алдына жақсы болғанымен, Сайрагүл тақырыбына онша жуымады. Рас, онда да баласына жете алмай шарқ ұрған ананың күйі бейнеленеді. Бірақ дәл Сайрагүлдің мұңындай ащы мұң, дәл Сайрагүлдің уайымындай терең уайым, Сайрагүлдікіндей үрей, батылдық, оның ар жағында бір әйел тағдырына тығылған бір ұлттың намысы, ел тағдыры қамтылмаған еді. Шынымен, ол ауыр тақырып болатын.

***

Бұдан кейін де жазушы өзінің маған сыйлаған «Ойшоғыр» атты кітабы туралы жазғаным­ды күте берді. Бұрын­ғыша күнара хат жазып тұрды. Бірақ мен, жасықтығым болар, біреудің егістігіне түсіп кетердей тартыншақтадым. «Әдеби сыншы емеспін ғой. Оның үстіне, өте қарбаласпын. Ренжімеңіз, аға. Кейінірек бір реті келер» деп аяқтаппын соңғы хатты. Ал жазып-жазып шаршаған жазушы соңғы күндерінде дауыстық хат жіберіп жүрген. Соңғы жауабы «Жақсы, жақсы» деген сөз болатын…

***

Дәл осы күндері Талғат ағамыз жанына жы­лу, көңілін, шабытын селт еткізер себеп із­деп, айналасындағыларға жаутаңдап жүрген екен. Жазушы дүниеден өткеннен кейін оның хаттарына, өтінішіне жүре жауап бергені үшін өкініп жүргендерді аз көрген жоқпыз. Олар да мен секілді алда да уақыт бар ғой деп ойлаған шығар. Мен секілді тіке сөйлеп, жас баладай жабығып жүрген жазушыны қамшылап, қатайтқысы келген шығар. Алда не күтіп тұрғанын, жазушы өмірінің мұнша қысқа боларын кім біліпті?!
Бірақ мұның бәрі, меніңше, бізде әдеби шығармашылық орта жоқтығын көрсететін сияқ­ты. Әйтпесе бір-бірінің ар­қасынан қағып, мақтауын асырып, дастарқандас, сапарлас болып жүрген қаламгерлердің ортасында Талғат Кеңесбаев та неге жүрмеді? Неге Кеңес­баев «сынап жазсаң да әлеуметтік желіге жазшы, ел білсінші, тал­қыға салсыншы» деп, тіпті өзін таласа да, әйтеуір ел назар аударғанын қалап тәуекелге бармақ болды? Әдеби орта бар болса, өз шығармалары жайлы кім көрінгеннен пікір сұрап неге жаутаңдады? Мысалы, мен пікір айтатын әдебиетші емес екенімді білетін еді ғой. Неге ол өз шығармасы жайлы пікірлесетін адам таппады? Неге өмірінің соңында жалғыз­сырап жүрді?
Әлбетте, назар жетіспегеннен. Бізде «ақты – ақ, қараны – қара» деп әділ баға беріп отыратын әдеби сын болмағаннан. Әдеби сын болса, шын сын, әділ сөз, кәсіби талдау мақалалар неге жазылмайды? Сыншы деп жүрген ағаларымыз неге тек қана мақтауға, қалам иесінің артықшылықтарын бадырайтып көрсетуге арналған ой-толғамдар ғана жазады? Ал үнемі өтірік көлгірсіген жақсы сөз естіп, шындыққа сай баға ала алмай жүрген қаламгерлер бұл әбестіктің салдарын өзі тартпай ма? Әдебиетте сын жоқта, оларда өсу бар дей аламыз ба?
Талғат Кеңесбаевтың бір ғана «Ойшоғырында» «Қасқырдың суреті», «Қараторғай, ұштың зорға-ай», «Үйірін табар ма екен», тағы басқа жақсы әңгімелері бар. «Қараңғы түннің жұлдызы» повесі де мақтауға лайық. Жазушы шеберлігін көрсететін тамаша теңеулер, метафоралар жетерлік. Рас, ара-тұра тавтология, стилистикалық олқылықтар байқалады. Бірақ қаламгерлердің өзі бір-бірінің шығармалары жайлы ашық пікір айтысып, бір-бірінің жігерін жанитын болса, мұндай ұсақ-түйек кемшіліктер де түзеліп, әдеби шығармалары шыңдала түспес пе еді.
Жалпы, әдебиетте осы Тал­ғат Кеңесбаевпен шамалас орта буын елеусіз қалған сияқ­ты. Біз алдыңғы толқын ақын-жазушыларға бұрынғы инер­циямен бас ұрып, ал кейінгі өз жарнамасымен жақсы айналысатын қаламгерлерге аһ ұрып кеттік. Ал әдеби сын болмағаннан ке­йін, оқырман, яғни тағы да біз, тіпті қаламгерлердің өздері де қалың тұман ішінде адасып келе жатқандаймыз.

***

Иә, біз бір-бірінің арқасынан қағып, «жазғаның шедевр», «сен кереметсің» деп жат­қан ақын-жазушыларды жиі көреміз. Тіпті ортаңқол бір ақынды «ғажап ақын» деп жаз­ған қаламгерлерді де көрдік. Шыны сол, көбі авторға деген өз­дерінің достық, сыйластық көзқарасын оның әдеби шығармасына берер бағасына таңады. Солай досын жақтап, шығармасын орынсыз мақтап, әдебиетке әділетсіздік жасап жүргенін аңғармайды.
Талғат Кеңесбаев не өзгелерге сый-сияпат жасап шашатын дәулеті, не қызмет ететін орнының «сәулеті» болмағаннан да оқшау қалған сияқты. Өйткені ол тым қарапайым өмір сүрді.
Жазушыға сезімталдық, сезім алуандығы қажет болса, ол Кеңес­баевта артығымен болды. Бірақ сезімнің асып-тасығаны да адамның денсаулығына салмақ түсіреді екен…
Айтпақшы, Еуразия Жазушылар одағына мүше болған ағамыз Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі емес екен. Бірақ оның шығармасы негізінде қырғыз елі де кино түсірген. Жалпы, жазған дүние­лері шағын кино, мультфильм, тағы басқа дүниелерге сұранып тұрғандай.
Міне, біз осындай баладай таза, талантты жазушыны ба­ғалай алмадық. Әдебиетті жа­сайтындарға қанат беріп, жігерін жанитын әдеби орта болмағаннан.

 

  1. Мерей :

    Неге? Талғат Кеңесбаев жайлы күнде жазса да жарасады. Міндетті түрде білгілі бір уақыт өткен соң жазу керек пе? Қызық екен…

  2. Гүлжан :

    Ағаның болмысын дәл жазыпсың, Назира. Аға баладай аңғал, жүрегі нәзік болатын. Мақала жақсы жазылған. Сүйсініп оқыдым. Ағаның жалғызсырағаны да рас. Өйткені өзінің шығармасының сыналғанын, оқылғанын қалады. Мен өмірде көрген Талғат аға дәл сен жазғандай еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 15 =