Жазу тарихын түгендеген

0 58

Тәуелсіз даму жолына түскен Қазақстан әлемдік интеграциялық үрдістерге белсене қатысып, халықаралық бейбітшіл маңызды бастамалар көтерді, әлем қоғамдастығының назарын аударды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа заманға сай шешімдер аясында Еуразиялық одақ идеясының өмірге енуін ескере отырып 1996 жылы 26 мамырда Ақмола университетін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті деп қайта құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына көне түркі өркениетінің жәдігері, қолбасшы Күлтегін (VIII ғ.) құрметіне орнатылған әйгілі ескерткіштің ғылыми көшірмесі қойылған. Мұнда Түркі қағанаты тарихының деректері қашалып жазылған.
Күлтегін – жалпы түркі халқының мақтанышы. Ата-­бабамыздан қалған бұл тарихи-мәдени мұраның Еуразия ұлттық университетіне қойылуы университеттің беделі мен мәртебесін биіктете түсті.
2003 жылғы 17 қазанда Еуразия ұлттық университетінде Жазу тарихының мұражайы ашылды. Мұнда ежелгі замандағы түркі жазуларының тарихынан бастап бүгінгі күнгі қазақ халқының жазуына дейінгі деректер бар. Ұлттық университеттің еуразия­лық ұстанымына сәйкес танымдық, оқу-әдістемелік бағытта жұмыс атқарып отырған Жазу тарихы мұ­ражайының негізгі мақ­саты – түркі тектес елдердің Еуразия кеңістігінде қолданған жазу үлгісімен және аса құнды жазба мұраларымен таныс­тыру болып табылады.
Осы музейдің дүниеге келуіне белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков ерекше еңбек сіңірді. Музейді дамытуға белгілі ғалымдар А.Сейдімбек, Қ.Салғара, Т.Жұртбай, Қ.Сартқожа қомақты үлес қосты.
Ғалым-қайраткерлердің ұйытқы болуымен Монғолия жерінен тарихымызға қатысты аса құнды дүниелер әкелініп, музейіміздің маңызын арттыра түсті. Музей халқымыздың ежел­гі дәуірдегі жазуы мен қазіргі заманғы ақпарат­тық белгілер тарихын баяндайды. Оған көптеген белгілі саясаткерлер, ғалымдар, оқытушылар қатысты. Олардың ішінде: Ө.Байгелди, Қ.Сұлтанов, М.Жолдасбеков, Ф.Оңғарсынова, И.Тасмағамбетов, З.Қадырова және тағы басқа қоғам және мемлекет қайраткерлері болды.
Еуразиялық кеңістіктегі түркі халықтары қолданған жазу үлгілері – әлемдік мәдениеттің аса құнды мұралары. Мұражай ЕҰУ оқытушылары мен студенттеріне осындағы жәдігерлерді оқу-әдістемелік ісінде пайдалануға жәрдемдеседі.
Мұражайда президенттер, мемлекет басшылары, халықаралық және діни қайраткерлер де болды. Сондай-ақ мұражайды Қа­зақстанның барлық аймағынан мектеп оқушылары, студенттер келіп тамашалады.
Тасқа қашалып жазыл­ған түркі жазба ескерткіш­терінің дені Моңғолия жерінде екені белгілі. Олар – тарихқа Орхон-Енисей жазуы деген атпен енген асыл қазыналарымыз. Атадан балаға мирас болып қалған көне жәдігерлерді жинақтап, жүйелейтін, олар­­­дың шашуын шығармай сақтайтын бірден-бір орын – біздің музей болатыны даусыз.
Университет мұражайы Қазақстан аумағындағы ғана емес, Еуразия құр­лығындағы жазба ескерткіштерді тарихи-танымдық айналымға қосуды көздейді. Сөйтіп, осынау өңірде бірден-бір салалық музейге айналуды бағдар етеді. Дүние жүзіндегі жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты тиімді пайдалана отырып, Жазу тарихи музейі қазақ халқының жазба ескерткіштері мен жазу тарихына қатысты ақпараттарды тұрақты іздестіреді. Музей тарих және мәдениет саласының мекемелерімен, оқу орындарының институт және кафедраларымен, зерттеуші ғалымдармен, ізденімпаз студенттермен тығыз байланыс орнатқан. Бірқатар институт оқытушылары студенттерді музейге шақырып, арнайы курстарды өткізеді.
Университет музейінде қазірдің өзінде ежелгі түркі, финикия, арамей, брахми, соғды, ұйғыр, манихей, қидан, қытай, сириялық, армян, моңғол, тод, араб, латын және кирилл әліпбилерінің үлгілері бар. Елдік тарихымыздың куәсі дерлік Тоқтамыс хан жарлығы, Уәли сұлтан, Абылайханның мөрлері, Кенесары Қасымұлы хатының көшірмелері, Несториан құлпытасы, Талас көне түркі І-жазба ескерткіші, қыштағы араб графикалық жазу, Елтеріс Құтлұғ қағанның бас мүсіні, Күлтегін кешенінің кірпіші, қыш кірпіштегі жазу, В.Томсеннің ескерткіш мүсіні музей келбетін аша түседі.
Музейде қазақстандық ғалымдарға жеке бұрыш ашылған. Бұрышта айтулы ғалымдардың еңбектері қойылған. Түркологияны ілгерілетуші, зерттеуші ғалымдар тұлғасы сараланған.
Түркі халықтары кейіннен араб әліпбиін қолданып жазған, бұл жазу мұсылман дінінің таралуымен келді. Араб жазуын түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқы ұзақ уақыт қол­данған. Алғаш араб әліп­биіндегі әріптер түгел қолданылған, кейіннен 1926 жылы А.Байтұрсынов оған реформа жасап, артық әріптерді шығарып тастады. Бұл араб әріптерімен жазуды көп жеңілдетті. 1926 жылдан бастап 1940 жылға дейін қазақ халқы латын әліпбиінде жазып келіп, кейін 1940 жылдан бастап кирилл әріптеріне көшті. Қазіргі кезде түркі мемлекеттерінің көпшілігінде қайтадан латын әліпбиіне негізделген жазу үлгісіне көшу белең алып келеді.
Біздің университеттегі Жазу тарихының мұражайына қойылған экспонаттар халқымыздың ұлы тарихынан сыр шертіп, түркі халықтарының өркениетке ерте қол жеткізгенін, әлемдегі мәдениетті елдердің бірі болғанын дәлелдейді. Мұражай тәуелсіз еліміздің жас ұрпағының тарихи санасын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Еуразия ұлттық университетіндегі музей танымдық, ағартушылық, ғылыми шараларды өткерумен қатар патриотизмді қалыптастыру мақсатында нәтижелі еңбек етеді.
Түркі тарихы мен жазу­лары бүгінгі замандағы біздің халқымыздың баға жетпес рухани байлығы болып отыр. Халқымыздың көшпелі өмір салтын ұстануы біздің тарихымыз­дағы заттай деректердің аз болуына себеп болды. Сондықтан руна жазулары және ондағы тасқа қашалып жазылған тарихи оқиғалар біз үшін нақты деректердің көзі екені дау­сыз. Түркі мәдениеті және түркі ескерткіштері – біздің тарихымыздың бір бөлігі. Біздің дәуіріміздегі VІ-VІІІ ғасырларда көне түркілер қалдырған ескерткіштер қазіргі кездегі жалпы адамзаттық өркениетке қосқан үлесін айғақтап келеді.
Мұражай мұраларының қатары әлі де толыға түседі деп ойлаймын. Алтынның сынығындай, көненің кө­зіндей жауһарларымызды әруақытта сақтап, солармен мақтана білейік дегім келеді.

Тамара ҚОЖАМҚҰЛ,
ЕҰУ Жазу тарихы
музейінің меңгерушісі
Нұр-Сұлтан қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + 1 =