«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жазу – мінәжат

Жазушылықты отбасымнан биік қоя алмадым...

0 591
Роза МҰҚАНОВА, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург:

– «Қазақ қызының тағдыры – қоғамның барометрі» депті Ханбибі Есенғарақызы. Ал қа­зақ жазушысының, жазушы әйел­дердің тағдыры туралы не дейміз?
– Білмеймін. Тағдырды әлденеге теңеу қиын. Әр тағдыр өзінше сұлу болуға тиіс.
– Сіз жазушылық болмыстың рахатын көп көрдіңіз бе, азабын ба?
– Жазушылықтың рахаты болмайтын шығар. Рахатын көру үшін азабын да бастан кешу керек. Үнемі ізденіс, ішкі арпалыс. Тыңнан жол салғың келеді, олай болса тағы бір сүрлеуден өтуің керек. Оны аяқтай бергенде тағы бір сюжеттің басы қылтияды. Өзіңмен-өзің екіге бөлініп арпалысасың да жүресің. Бір ғажабы, азапта жүрмін деп ойламайтының. Азабың рахатқа жетелейді. Жазу – өзіңді-өзің сынға алу, жаның найзаның ұшында тұрғандай болар. Сонымен, азап дегенге сайып келе жатқандаймын ба?..
Жазу – тазару, нәпсіге тыйым салу, ақиқатты айтуға тырысу, рухқа қызмет ету. Қысқасы, жазу – мінәжат. Ал осы жол бәрібір рахаттан гөрі азапқа жақын сияқты ма, қалай?
– Шығармашылық бақытты, шығармашылық қуанышты, шығармашылық жетістікті неге айырбастап алдым деп ойлайсыз? Жақсы шығарма үшін нені құрбан қылдыңыз?
– Отбасылық бақытқа. Саналы түрде. Шығармашылығымды отбасынан жоғары қоя алмадым. Мүмкін, бұл әлсіздігім шығар… Ал нені құрбан қылдыңыз дегеніңе уақытты деп жауап беремін. Уа­қыт­ты құрбан еттім, қандай аянышты…
– Жазушы тұрмысқа көбірек икемделіп кетсе, жоқшылық көрмейді. Ал өзін жақсы шығар­малар жазуға арнап, тек қана жазушы болып өмір сүрсе, аш қалуы мүмкін дейді. Осы рас па? Екі бірдей жазушы осыдан қалай жол тауып шықтыңыздар?
– Рас. Жұмыс істеп жүріп-ақ жаздық. Әкім Тарази ағаң өндіртіп жазды әрі жұмыс іс­теді. Біз мойнымыздағы жүкті бірге бөлістік. Қызметті де, шы­ғармашылықты да, отбасын да ағаңмен бірге иықтаса көтерістім. Қызмет істемей, тек балаларға қараймын, шығар­машылықпен айналысамын деп еркелесем, қазіргі тұрмыстық жағдайымызды жасай алмаған болар едік. Әкім ағаң екеуміз көп қиындықтарға төтеп бере алдық деп ойлаймын.
– Екі жазушы отасып, бірге өмір сүргенде тұрмыстың ауыртпалықтары көбіне кімге түседі: әйелге ме, ер адамға ма?
– Әйелге.
– Жалпы, өзің сүйген іспен ғана айналысып, тым пысық болып сүйкіміңді кетірмей, бірақ сонда да жақсы өмір сүру үшін не істеу керек, қандай болу қажет?
– Адал болуың керек. Жарыңа адалдық, кәсібіңе адалдық, ұрпа­ғыңа адалдық. Осы үшеуі үндестік тапқанда көздегеніңе жетесің.

Анасы қай тілде сөйлесе, бала да сол тілде сөйлейді

– Жазушы жанын екінің бірі түсіне бермейді. Ал сіздер отбасында екі бірдей арқалы қаламгер қатар өмір сүріп келесіздер. Туған-туыс, ел-жұрт арасында оқшаулану, пікір үйлеспеушілігі, «екеудің жалғыздығы» секілді сезімдер болмай ма?
– Болады. Біз ағайын-туыс­қанмен де, қоғаммен де қатты араласып кеткен жоқпыз. Әр нәрсенің өлшемін білдік. Сондықтан өзімізді оқшау ұстау басымырақ болды. Ешкімге міндет артпадық, ешкімге өкпелемедік. Оқшаулық жанның жаралануынан, сүй­кімсіз көрінуден, алыпқашпа әң­гімеден, даңққұмарлықтан, жағымпаздықтан сақтады. Шын суреткер оқшау өмір сүргенде ғана құпияға үңілуге, жұмбақты шешуге жол табады. Біз екеу болғандықтан бір-бірімізді толық­тырып отырдық. Өзгелерге оқшау болғанымызбен, өзімізді-өзіміз жалғыздықтан құтқара білдік.
– Бұлай сұрап отырғаным, таяуда ғана біздің газетімізде «Бөтен» деген мақала жарияланды. Онда өз ұрпағы өзіне рухани алыстап, бөтен болып бара жатқан тұлғаның шарасыз халі туралы айтылған еді. Бір өкініштісі, тіл факторына ғана байланысты емес, талғам, мәдениет, сана алшақтығы, ой-сана бөтендігі де болады. Күнделікті өмір, тұрмыс түйткілдерін ғана ойлайтын адамдар мен рухани азық жинайтын, кітап оқитын және жазатын адамдардың арасында алшақтық болады ғой. Осындай күй сіздерде болмай ма? Жақын-жуық, туған-туыстарыңыз кітап оқи ма?
– «Бөтен» болу – суреткердің табиғатына тән, барлық адамға емес. Жазушының табиғаты «бөтен» ғой. Өйткені жазушы өмірге сіз айтып отырған «бөтен» көзқараспен қарайды. Менде «бөтендік» көбірек болды. Әкім ағаңа «бөтендігім» ұнаған болар… Ол кісінің де маған «бөтендігі» ұнады. Бірақ бұл саналы алмасу, рух жақындығы, табиғи ұқсастық. Бұл «бөтендік» игілікке апарған болар. Бір-бірімізді ұға алдық, бірақ бізді ұға алмағандар өте көп болды. Қазір де солай. Әкім ағаң екеумізге қоғамның ерсі сұрағы тұрады көздерінде «неге?» деген. Біз оны оқып тұрамыз. «Негеге» ел жауап күтеді…
Жазушының «бөтендігі» өнер туғызар… Ал қарапайым адам­ның «бөтен» болуы қауіпті. Себебі ортамен, қоғаммен, туған балаларың мен немерелеріңнің бө­тенденуі – жалғыздыққа, жал­­­­ғыздық дертке апарады. Жасыратыны жоқ, қазіргі қо­ғам – дертті. Тіл алшақтығы, мә­дениет қайшылығы, дәстүрдің аласапырандығы, діннің қиғаш­тығы, ата-анадан бас тарту, ата-ананың баладан бас тартуы, рухани құндылықты бөтенсіну, мейірімнің құнсыздануы. Осы «бөтендік» қоғамға ұзақ уақыт есін жиғыза алмас. Адамзат үшін ең үлкен қасірет мейірімнің құнсыздануы ғой.
– Сіздер де қалада тұрасыздар. Балаларыңыз қалада туып, қалада өсті. Тәуелсіздік алға­нымызға жиырма жеті жыл тол­ғанда бұл сұрақты қою ұят та сияқты, дегенмен Әкім аға екеуіңіздің балаларыңыз қазақша сөйлей ме?
– Әрине, қазақша сөйлейді. Анасы қандай тілде сөйлесе, бала сол тілде сөйлейтін болады. Себебі ана үнемі баламен қарым-қатынаста болады. Ананың тілі отбасының тіліне айналады. Анасы орыс тілді болса, бүкіл әулет орыс тілді болады. Бұған шүбәсіз сеніңіз. Ана қазақ тілді болса, әулеті де қазақ болады. Балалар қазақ мектебінде оқыды, орыс тілін өз ортасы үйретті, ағылшын тілін өздері еңбектеніп оқыды. Қазір жапон елінде, ғарыш технологиясы мамандығы бойынша ағылшын тілінде университетте оқиды. Әрине, жапон тілін біледі. Екеуі де қазақ тілінде еркін сөйлейді. Қазақтың шертпе күйін тыңдағанды жақсы көреді. Жақында Абайдың қара сөзінің ағылшын тіліндегі аудармасын қатты мақтады. Тәржіманың сәтті аударылғанын баламыздан естідік.
– Немере-шөберелеріңіз қоғам ықпалына ұшырап, ана тілін білмей, жат болып кетпеуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Мен олардың қалыптасуын жауапкершілікке алуым керек. Менің міндетім – тіл, сана, дәстүр сабақтастығын сіңіру. Алла жеткізсе, бұл мәселеге де қызмет етуіміз керек.

Қалыпты адамнан қалыпты ғана шығарма туады

– Ұлттың мүддесі үшін жазу­шылығын құрбан еткен қаламгерлер бар. Мысалы, Алаштанушы Тұрсын Жұрт­бай. Тарихшы Қойшығара Салғараұлы, марқұм Ақселеу Сей­дімбек. Жазушыда аза­мат­тық ұстаным болуы, жазу­шының күрескер болуы міндетті ме?
– Қызық пайым… Кешірерсіз, «Ұлттың мүддесі үшін жазу­шылықты құрбан еттім» дегенге сенгім келмейді. Тұтқында болған жоқ қой. Керісінше, үлкен суреткер терең зерттеулер арқылы көркем туынды жасайды. Бұл есімдер жазу үшін, шығарма тудыру үшін ізденді деп ойлаймын. Ізденген са­йын тереңдей түседі. Білген са­йын білмегеніңді таба бересің. Бәлкім, сондықтан жазудан гөрі зерттеуге бой алдырған болар. Зерттеу – ғылым, жазу – суреткерлік.
– Сіздің жазушылық мис­сияңыз қандай? Азаматтық позицияңызбен үндестіре алдыңыз ба?
– Жазушылығым азаматты­ғымды айқындай алды. Жазу – жауапкершілік. Барлық шығар­маларымда ұстанымым айқын көрінеді деп ойлаймын.
– Әр кез ақын, жазушымен кездескен сайын «ел кітап оқы­майтын болып барады» деген сөз айтылмай, айтылмаса да, ойға оралмай қоймайды. Сіз шығармаларыңызды кім үшін жазасыз?
– Өзім үшін жазамын. Егер оқырманның жан-дүниесі, мінезі, сезімі маған ұқсас болса, олар міндетті түрде оқиды, іздеп оқуы да мүмкін. Маған ұқсамаса, менен бөтен болса, ол мені, әлбетте, оқымайды. «Оқымадың» деп өкпелей алмаймын. Талғамның өз төрі бар.
– Оқырмандарыңыз қазақ тілінде әдебиет оқитын, не­гі­зінен, ұлты қазақ азамат­тар ғой. Болашақта оқыр­ман­дарыңыздың қандай болғанын қалар едіңіз?
– Оқырманым көп болу үшін алдымен өзім қызықты болуым шарт. Жазу ерекшелігім, сюжет құрудағы, кейіпкер таңдаудағы ерекшелігім болу керек. Сөз саптауда, мінезде, табиғатымда… Өз басым ерекше тұлғалардың шығармаларын оқығанды жақсы көремін. Қалыпты адамнан қалыпты ғана шығарма туады.
– Астанаға ертерек көшіп келген қаламгерсіз. Марқұм Фариза апамыз «Астана адамның ша­­бытын қашырып жібере ме, біртүрлі» деуші еді. Бірақ шабытты қашыратын жұмыс істеп, Парламентте депутат болып жүрді ғой ол кезде. Ал сіздің шығармашылығыңызға, сіздің жан-күйіңізге, шабытыңызға бұл қала қалай ықпал етті?
– Астана – ғажап қала! Таза, аспандағы бұлттары соншалық алыс, мінезі сойқан. Тез жадырап, жазыла да қалады, тез суы­нып, аяздай қарып өзгере де қалады. Мінезі қалыпқа сыймайды, өнерлі. Маған ұнайды, мен астаналықпын! Нағыз шығарма тудыратын шаһар!

Әңгімелескен
Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды