Жазғы демалыс жаңаша өте ме?

0 68

Биылғы жазғы демалыс қалай өтеді? Екі ай үйде отырып қашықтан білім алған баламыз енді үш ай немен айналысады? Карантин режимі созылса, лагерьлер жұмыс жасай ма? Балалар демалысын қалай тиімді әрі жаңаша өткізуге болады деген сан-сауал әрбір ата-ананы мазалайтыны рас. Алайда биыл балаларға да, ата-аналарға да алаңдауға негіз жоқ. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру дәстүрлі түрде іске асады. Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова кешегі брифингте биыл балаларға арналған жазғы демалыс қала сыртындағы лагерьлерде ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айтты.Балаға нағыз қуаныш сыйлайтын мезгіл – жазғы каникул. Балалар тоғыз ай, төрт тоқсан бойы еңбегінің жемісін көретін үш ай демалыс басталды. Жыл сайын соңғы қоңырау үнімен келер оқу жылына дейін мектеппен қуана қоштасып, қуана табысатын оқушылар үшін биылғы жыл бөлек сезім сыйлап тұр. Олар биыл сыңғырлаған қоңыраудың сүйкімді үнін естімей-ақ, демалысын жалғастырмақ. Елордалық оқушылардың жазғы демалысын ойын-­сауық әрі танымдық тұрғыда ұйым­дастыру қолға алынды. Басқарма басшысының айтуынша «ARMAN» турис­тік-сауықтыру кешеніне 900 балаға жолдама берілсе, «Боровичок» сауықтыру лагері 750 балаға орын әзірлейді екен. Сондай-ақ «Батыр» шатырлы лагерін 280, «Тұлпар» киіз үй лагері 300 баланы жазғы каникулда қуантпақ. Осындай тегін демалыстармен жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, тәуекел тобындағы, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары қамтылады. Ал енді қала орталығындағы Оқушылар сарайының жанында жазғы демалыс академиясының жұмысы ұйымдастырылады. Бұл да балаларға тарту болатыны анық. Бір ескеретін жайт, енді осы лагерьлерде жазғы демалыстың едәуір уақытын өткізетін балалар үшін танымдық дүниелер көбірек айтылып, еліміздің тарихы мен мәдениеті, әдебиеті насихатталса, бұл бір рухани демалыс болар анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × one =