Жаздың алғашқы жәрмеңкесі

0 63

Өткен сенбіде Есіл ауданындағы ХҚКО алдында ауылшаруашылық жәрмеңкесі ашылды. Бұл жәрмеңке осыдан қара күзге дейін халыққа қызмет ететін болады. Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дарменияр Қыдырбекұлы ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкесінде негізінен жергілікті өндірушілердің, Ақмола облысына қарасты Зеренді, Шортанды сияқты жақын аудандардағы кәсіпкерлердің өнімдері сатылатынын айтты.«Бұл жәрмеңкенің ерекшелігі неде, осы маңдағы дүкендер мен дүңгіршектерден артықшылығы бар ма, жалпы әкімдік мұндай жәрмеңкелерді ұйымдастыруда нені мақсат етеді?» деген сұрағымызға Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дарменияр Қыдырбекұлы: «Пандемия кезінде азық-түлік тапшылығы болмасын деген арнайы мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Мемлекет басшысы әкімдерге барлық аудандарда жәрмеңке ашу туралы тапсырма берген еді. Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлік басқармасы мен Есіл ауданы әкімшілігі ашқан жәрмеңкеге кәсіпкерлер қала аумағындағы жылыжайларда өздері өсірген өнімдерін әкеледі. Сапасы да халықтың көңілінен шығады деген ойдамыз, өйткені өнімді сатар алдында міндетті түрде санитарлық-эпидемиология­лық қызмет тексереді. Бұл – табиғи таза өнім, сонымен бірге бағасы да қолжетімді болмақ. Біз осылайша елорданың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, кәсіпкерлерге өз өнімдерін делдалсыз сатуға мүмкіндік жасаймыз. Осы мақсатта Шортанды, Целиноград және Қорғалжын аудандарынан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Өзіңіз де көріп тұрсыз, бұл жердегі баға нарықтағы бағадан төмендеу, мысалы, жұмыртқаны 10 данасын 200 теңгеден сатып жатыр, шие 1500 теңгеден, табиғи таза, қоспасыз сүт өнімдерінің және «Астана өнімнің» бағасы да көңілге қонымды. Тиісті орындар қажетті әлеуметтік маңыз­ды тауарлардың бағасын ұстап тұру бойынша бақылау жүргізетін болады» деп жауап берді.
«Нұр-Көмек» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілі Айтуған Күзербаевтың айтуынша, жәрмеңкені ұйымдастыруда «Нұр-Көмек» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің де үлесі зор. Олар жақын маңдағы мүгедектер мен зейнеткерлерге, көпбалалы ата-аналарға әр демалыс күндері азық-түліктен көмектесуді міндеттеріне алған. Осындай көмек алған Бибіжамал Қозыбаева, ­Клара Татежанова, Бәтима Хасенова есімді бірнеше зейнеткер үйдің қасынан жәрмеңке ашқаны үшін әкімдікке, сонымен бірге азық-түліктен көмек жасауды мойындарына алған ұйымдастырушыларға алғыс­тарын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + seventeen =