ЖАЗАСЫН ӨТЕГЕНДЕРДІ ЖАТЫРҚАМАЙМЫЗ

0 111

голубь

Жазасын өтеп, бостандыққа шыққан адамдар әлеуметтік өмірден шет қалғандықтан, өзімізге қалыпты саналатын ортаға жылдам сіңісе қоймайды. Кезінде сотталып, тиісті жазасын өтегенін білсе де, қоғам оларға үрейлі де күмәнді көзбен қарап, өз қатарына қосудан тартынады. Ал, оларды ортаға бейімдеу жұмысы жүзеге аса ма? Осыны анықтау үшін «Ақталушылық технологиялар мен тұжырымдамалар» қоғамдық қорының басшысы Орынбасар Молдашқызын әңгімеге тарттық.

– Өзіңіз ойлаңызшы, туған-туысқаны жоқ адамдар да бар. Олар бостандыққа шыққанда, не істерін, қайда барарын білмей дал болады. Қалтасында бір тиыны жоқ адам шарасы жоқтан қылмысқа бармасына кім кепіл? Яғни, оларды өмірге қайта бейімдеу өте маңызды мәселе.

– Осы орайда нақты қандай істер атқарылуда?

– Түрмеде отырып шыққандарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетеміз. Мұндай адамдармен арнайы заңгеріміз бен психологтарымыз жұмыс жасайды. Құжаттарын қалпына келтіріп, медициналық жәрдем алуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Түрлі мәселелер Астана қаласындағы мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнату арқылы шешіледі. Бұрынғы сотталғандарды мамандық
бойынша оқытатын курстарға орналас­тырып, оларға жұмыс тауып беру үшін Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасымен меморандумға қол қо­йылған болатын. Соның арқасында 95 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, ал
7 адам арнайы курстан өтті.

– Ол азаматтардың жеке кәсіп ашуына мүмкіндігі бар ма?

– Жұмысымыздың қиындығы көп, десек те, екінші мәрте қателікке ұрынбай, аяққа тұрғандарды көріп, көңіліміз орнығады. Мәселен, 3 жыл бұрын түрмеден босаған Ахмед Валиев біздің қоғамдық қордың септесуімен көліктерді техникалық жөндеуден өткізетін жеке кәсібін ашты. Ол бұл іске бостандықтан айыру орнында жүріп-ақ машықтанып алған.   Бүгінгі күні жанында бір көмекшісі бар. Болашақта бизнесін кеңейтіп, кем дегенде 10 адамды жұмыспен қамтығысы келеді. Алайда, ол үшін кеңірек жер учаскесі керек екен.  Сонда да, өз отбасы қамы үшін күні-түні еңбектенуден шаршамайды. Ертеңге деген сенімі күшті.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − two =