Жаза қатайғанмен, қылмыс азая ма?

0 43

Биыл 1 қаңтардан бастап балаларға қатысты жасалатын қылмысқа жазаны қатайтатын баптар күшіне енді. Десек те, еліміздегі бала зорлау, ұрлау, азаптау, суицид, мектептегі жүктілік, педофилия сияқты өте күрделі мәселелер шешімін таппай отыр. Бұл қылмыстарды азайту үшін алдағы уақытта қандай қадамдар жасағанымыз жөн? Осындай сауал төңірегінде біз Мәжіліс депутаты Снежанна ИМАШЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.Заң қаншалықты қатайды?

– Снежанна Валерийқызы, Қазақстанда балаларға қатысты қолданылатын қылмыстық жаза қаншалықты қатайды? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ.
– Иә, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде балаларды өлтіру және зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты қылмыстық жаза қатайтылды. Бұрын мұндай қылмыс жасаған адам 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, бұдан былай өмір бойына түрмеге қамалатын болды. Бұл – ең ауыр жаза.
– Бірақ бұл ату жазасы емес қой. Бізде ату жазасына мораторий жарияланды емес пе?
– Иә, Қылмыстық кодекс­те ату жазасы деген бар. Бірақ біз ату жазасына мораторий жариялағанбыз. Бала зорлаған немесе өлтірген адам өмір бойына түрмеге қамалады.
– Меніңше, соңғы жылдары біздің қоғамда балаларға қатысты қылмыс бұрынғыдан бірнеше есеге ұлғайып кеткендей көрінеді. Теледидардағы, ғаламтордағы жаңалықтардан күн сайын «Ана жерде баланы зорлапты», «Мына жерде баланы өлтіріпті» дегенді естиміз. Әлде, сіз мұндай пайыммен келіспейсіз бе?
– Егер статистикаға қарасақ, соңғы 10 жылда балаларға қатысты зорлық-зомбылық, өзге де қылмыстар көбейіп кеткендей көрінеді. Меніңше, қылмыстың деңгейі бұрынғыдай. Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің ресми мәліметтерін келтірейін. Мысалы, 2017 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты адам өлтіру бабы бойынша – 39, адам зорлау бабымен 130 факті тіркелген. 2018 жылы: адам өлтіру – 32, адам зорлау – 114, 2019 жылы: адам өлтіру – 15, адам зорлау – 154. Бұл жерден балаларды зорлау оқиғаларының көбейгенін көреміз. Қазір БАҚ пен әлеуметтік желілер бұл тақырыпты жиі қозғайды. Екінші жағынан, бала өлтірген, бала зорлағандарды өте қатаң жазалауымыз керек. Себебі қоғам биліктен осыны талап етуде. Балаларға зорлық-зомбылық жасағандарға ешқандай кешірім болмауы тиіс. Мынадай да ресми статистика бар: 2020 жылдың 1 айында ғана кәмелетке толмағандарға қатысты еліміз бойынша 208 құқық бұзушылық фактілері анықталған. Соның ішінде: кісі өлтіру – 1, өміріне қастандық жасау – 4, өз-өзін өлтіруге мәжбүрлеу – 24, зорлау – 15, жыныстық сипаттағы зорлық – 9, 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу – 39, жас баланы қорлау – 14, ұрлау – 2, заңсыз бас бостандығынан айыру – 2.

Ұрып-соғу да зорлықтың бір түрі

Қазір әлеуметтік желілерден балабақшада кішкентай балаларды ұрып-соғып жатқан тәрбиешілердің «қылығын» жиі-жиі көретін болдық. Ұрып-соғу да зорлықтың бір түрі емес пе?
– Мен еліміздегі балалардың құқығын қорғайтын бұрынғы омбудсмен ­Зағипа Балиевамен ынтымақтас­тықта көп жұмыс істедім. Балалардың құқығын қорғау­ға ЮНИСЕФ ұйымы ерекше көңіл бөледі. Осы ұйым Қазақстан бойынша шолу жасағанда ахуалдың көңіл көншітпейтінін жазады. ЮНИСЕФ мамандарының пайымынша, баланы ұрып-соғу, масқаралау, қорлау – бұлар да зорлық-зомбылықтың бір формасы. Өзге формалары да бар. Мысалы, баланы өз әке-шешесі, туысқандары, үлкен аға-әпкелері де ұрып-соғуы немесе ренжітуі мүмкін. Біз ең алдымен аса ауыр қылмыстарға қатысты жазаны қатайттық. Ендігі кезекте балалардың құқығын (өмір сүру, денсаулығын сақтау, ем-дом алу және т.б.) қорғау­ға көшуге тиіспіз.
– Балабақшадағы балалардың қауіпсіздігі деген түйткілді мәселеге қоғам да, Парламент депутаттары да басын қатыруда. Өткен жолы әріптесіңіз Әбдіманап Бектұрғанов әуелде балабақшаға террористердің кірмеуі үшін орнатылған бейнекамералардың қазір баланы «қызуқанды» тәрбиешіден қорғайтын құралға айналғанын ашық айтты. Бұл мәселені шешудің ең дұрыс жолы қайсы?
– Иә, ондай тәрбие­шілердің бірді-екілі кездесетіні рас. Алайда бұл құқық бұзушылық па, әлде, ауыр қылмыс па? Соның ара-жігін ажыратып алғанымыз абзал. Егер тергеу нәтижесінде қылмыстық құрам бар екені дәлелденсе, онда ауыр қылмысқа жатады. Ал балабақшадағы камерадан өз баласына тәрбие­шінің дұрыс қарамағаны көрген ата-аналардың да дабыл қағатын кездері көп. Бұл жерде әкімшілік, тәртіптік жауапкершілікке тарту деген бар. Баланың қаншалықты жәбірленгенін анықтау бәрінен маңызды. Әрине, балалар үйіне келгенде балабақшада не болғанын айтпайды. Ұмытып қалады. Келесі бір жағдайда ата-аналар кездейсоқ байқап қалады. Сол себептен қазір барлық балабақшаларға бейнекамералар қойылуда. Олар ата-аналардың ұялы телефонына, үйіндегі компьютерге жалғанған. Мәселені шешудің дұрыс жолы – осы. Әлбетте, тәрбиешілердің жауапкершілігін арттыруға назар аудару керек. Жалақысының мардымсыздығынан үздік, мықты мамандар онда бармайды. Менің ойымша, мәселе адамдардың қатыгез болып кеткенінде емес. Жақсы балабақшада білікті мұғалімдер жұмыс істеп, жоғары жалақы алуы қажет. Бұл – кешенді мәселенің бірі.
– Соңғы кездері педофильдерге қатысты жазаны қатайттық. Бұдан не өзгерді? Керісінше, 2018, 2019 жылдардың статистикасын қарасақ, бірде-бір адам қатаң жазаланбаған. Бұл қалай? Химиялық жолмен кастрация жасаған дұрыс па, әлде, өмір бойына түрмеге қамаған дұрыс па?
– Статистиканы нақтылау қажет. Сіз қандай нақты фактілерді келтіріп отырсыз?
– Жамбылдағы полицейдің бала зорлаған оқиғасын айтып отырмын.
– Жуырда сот үкім шығарып, сол полицейді 15 жылға бас бостандығынан айырды. Қылмысқа қандай жазаның дұрыс болатынын уақыт көрсетеді. Қылмыс­кер әйтеуір бір жолын тауып, түрмеден шыққанда балаларға зорлық жасамауы үшін химиялық жолмен кастрациялау дұрыс дедік. Бірақ ол түрмеден шыққаннан кейін де бұрынғыдай қылмыс жасай алмайды. Түрмедегілердің ол адамға қалай қарайтынын жұрт жақсы біледі. Түрмеден шыққан соң да ол қатаң бақылауда болады. Қазіргі жазаның ең тиімдісі – өмір бойына бас бостандығынан айыру. Өз басым жазаның қай түрінің тиімді боларын тап басып айта алмаймын. Біраз уақыт өткен соң, кәсіби мамандар, сарапшылар тоқетерін айтуы қажет.

Баланы полиция қорғауы тиіс

– Енді тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенге келейікші. Біз әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың барын білеміз. Алайда отбасындағы жанжал кезінде анасымен қатар кішкентай балалардың да зорлыққа ұшырайтынын ескермейміз. Осыған орай, сіздер заңнамаға қандай да бір өзгеріс енгіздіңіздер ме?
– Өткен жолы депутаттар тұрмыстық зорлыққа қатыс­ты бұрыс шешім шығарғысы келді деп айып­тағандар да болды. Шын мәнісінде олай емес. Отбасына қауіп төндіріп, жанжал шығаратындарды «ас үйдегі боксшылар» деп атап жүр. Бұрын мұндай құқық бұзушылық жасаған адамға айыппұл салынатын еді. Ол жерде отбасы мүшелеріне де зардабы тиетін. Сол себептен айыппұлды алып тастадық. Заңнамаға енгізілген түзету бойынша, не ескерту жасалады, не бірден қылмыстық жауап­кершілікке тартылады. Әрине, оқиғалар да әртүрлі болып келеді. Меніңше, біз бұл бағытта дұрыс жолды таңдадық. Отбасындағы жанжал кезінде қорғансыз балалардың құқықтары бұзылып, қарау­сыз қалады. Әйел адамдар мұндайда не өз күйеуінен ажырасады, не біреуге хабар беріп, көмекке шақырады. Балалар мұндайда қорғансыз. Олардың құқығын ата-аналары қорғауға міндетті. Осы заңды талқыланғанда мен отбасындағы кикілжіңді көрген полиция қызметкері қылмыстық іс қозғасын деген ұсыныс айттым. Өйт­кені заң бойынша полицейлер мұндайды көзімен көргенімен, жәбірленген тараптан өтініш түспейінше ешқандай іс қозғалмайды. Қарттар мен балаларға қатысты жағдай да сондай. Отбасы мүшелерінің бірі құқық қорғау органдарына арыз беруі шарт. Ал көбінесе жанжал болған отбасылар мұны жасырып қалады. Өкініштісі сол, менің ұсынысым қолдау таппады. Әрине, отбасындағы жанжалдан зардап шеккен әйел әрі қарай таяқ жеп өмір сүре береді, я болмаса, ажырасып кетеді, не өзінің күйеуін немесе өзін жәбірлеген адамды жазалайды. Алайда қорғансыз қалатын балаларды қайтеміз? Меніңше, оларды полиция қорғауы тиіс.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 9 =