ЖАЗА БАСҚАНДАР ЖАНЫМЫЗДА ЖҮР

0 154

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, еліміз­де қылмыстық-атқару саясатын жүзеге асырып, жазаларды орындауды ұйымдастыруда» біз екі үлгі бойынша жұмыс істеп келеміз, – деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Жазатайым жаза басып, тар қапасқа түскендердің өзіндік мәселелері бар. «Болашақта қылмыстық жазалау бойынша сотталғандардың теңгерімі өзгеруі керек» деген пікір осы­ған байланысты айтылған. Қазір мемлекет қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге және қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық жазалауды қолдану саласын кеңейтуді көздеп отыр.
Қазақстанда пробация қызметі 2012 жылы құрылды. Пробация – латын сөзі. Бұл қызмет – адамзаттың адами қасиетін сақтау, яғни сотталған адамды қоғамға бейімдеу мақсатында жер­гілікті атқару органдарымен бірлесіп, олардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайына жан-жақты көмек көрсету деген сөз. Сондай-ақ, ол сотталғандардың білім алуына, мамандықты меңгеруіне, жұмыспен қам­тылуына, жер­гілікті емханалардан ем қабылдауына және құ­қық­тық көмекпен қамтуға бағытталған.
«Түрмедегі адамдар» деген сөз тіркесі қалыптасты. Соңғы жылдары елімізде істі болғандар саны 2011 жылы 57 мыңнан 2017 жылы 35,5 мың адамға азайды. Болашақта бас бостандығынан айырылғандар одан да азаяды, ал пробация қызметі мен полиция бақылауындағылар саны елеулі түрде көбейеді деген болжам басым. Бұған себеп – арнайы қабылданған «Пробация туралы» заңға сотқа дейінгі және пенитенциарлық деген екі қосымшаның енгізілуі.
Сотқа дейінгі пробация неғұрлым әлсіздеу күдіктілер мен айыпталушылар тобына жататындарға, кәмелетке толмағандарға, әйелдерге, 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, басқа да санаттағы азаматтарға әлеуметтік-құ­қықтық көмек көрсету мақ­сатын көздейді.
Ал пенитенциарлық проба­цияға жазаны өтеу мерзімінің аяқталуына бір жыл қалған сотталғандар жатады. Олармен тәрбие жұмыстары жүр­гізіледі. Тұрғылықты жері, жұмысы, туыстық, әлеуметтік байланыстарын қалпына кел­тіру, сондай-ақ, әлеуметтік қызметтер алу қажеттіліктері туралы мүмкіндіктері анық­талады.
Ұлт жоспары – 100 нақты қадам бес институттық реформаны жүзеге асыру бағдарламасының 33-қадамын орындау мақсатында Ішкі істер министрлігі әзірлеген заң жобасын қабылдаудың негізі қылмыстық сот төрелігін әлеуметтендіру, әлеуетін кеңейту, қылмыстық саясатты одан әрі ізгілендіру екендігі баса айтылды.
Мәселен, биыл жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті жүзеге асыру бағ­дар­ламасына істі болғандардан 1300 адам қатысса, олардың 1000-ы жұмысқа орналастырылып, 200-ден астамы қажет мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстардан өтті.
Бұдан бөлек, есепте тұр­ған 1547 адамға көмек көр­сетілді. Атап айтқанда, 253 адамға жұмыс берілсе, 31 адам әлеуметтік бейімдеу орталықтарына орналастырылып, 27 адам жұмыспен қамту орталығына жіберілді. 404 адам емделді.
Жалпы, пробация қыз­ме­тін құру және бас бостанды­ғынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеу­меттік оңалтудың кешенді стратегиясын қабылдау мем­лекет саясаты ретінде қа­растырылып отыр.
Үкімет сағатында Қал­мұханбет Қасымов бас бос­тан­дығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есеп­­те тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арнал­ған кешенді стратегиясын іске асыру жөніндегі Ішкі істер министрлігі мен жер­гі­лікті атқарушы органдар қабылдайтын шараларға кеңі­­нен тоқтала келіп, «Осындай пробация қызметіндегі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарымыздың нәтижесі, қылмыстың қармауына түсіп, жаза басқан жандардың түзелуіне мүмкіндік туғызып, оларды қоғамның толыққанды азаматы қатарына қосады деген үмітіміз мол» деді.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,
«Астана ақшамының» Парламенттегі тілшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + nine =