«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаз жайнатып лагерьге бара ма?

0 415

Қазір әке-шешені абың-күбің еткен бір мәселе – жазғы лагерь. Алматы маңы тыныштау. Өйткені балалар арасында менингококк таралмасын деп алғашқы маусым арнайы пәрменмен тоқтап тұр. Ал Астанада Уатсаптағы ата-аналар конференциясы тынымсыз. Тіпті, бір әріптесім: «Бес балам бола тұра, чаттан шығып кеттім. Тыңқылдап жұмыс істетпейді» деп отыр. Ит тартыстың төркіні – мектеп жанындағы лагерь. «Кім барады, онда не береді, ақшасы неше?» деген сауалдар көп кісіні ұйықтатпай жүр.
Елордадағы бір мектептің мұғалімі ата-аналарға мынадай үндеу жолдады…

Ұстаздың бұйрығы…

«Лагерьге 18.06 – 29.06 аралығында баратын бала жоқ. Біздерге директор сөйлеп жатыр. «2-сыныпта ол балалар алдарыңызға келмей ме?» деп. Оқушыларды әлден 1-сыныптан лагерьге жинай алмасаңыз да, қадір-қасиеттеріңіз қандай?» деп намысымыз­ға тиіп жатыр. Сыйламасаңыз­дар, 2-сыныпта сабақ бермеймін» деп бас тартатын шығармын». Чатқа түскен бұл хабарлама көпке дейін талқыға түсті.

Ата-ана шағымы:

Сол аралықта жеке нө­мірімізге көп балалы ана шықты: «Өзіміз ата-ене­міздің зейнетақысына қарап отырмыз. Күйеуім тұрақты жұмыста емес. Менің алатын әлеуметтік жәрдемақым балалардың мектептегі тамағынан артылмайды. Соған қарамай, 20 мыңға 4-сыныптағы қызымды лагерьге жаздырдық. Даярлық сыныбын аяқтаған ұлымды мектеп жанындағы лагерьге бердік. Ешбір жеңілдіксіз, қалтамыздан шығардық. Енді апайы ортаншы қызымның «Әпкеңмен бар» деп құлағын бұрапты. Бәріне жағдайым жетсе, жыламас едім. Мұғалімдер неге шамамызға қарамайды? Бұл мәселеге тоқтау бар ма өзі? Газетіңізге жазыңызшы…» деді жыларман болып…

Оқушының ойы…

Оқушылардың ойын білмекке, туысқанымның лагерьге барып жүрген 2-сыныптағы бүлдіршінін сөзге тарттым. «Бәлендей ерекшелік жоқ. Тамақтан бөлек бір сағат дискотека болады. Түрлі ойын-сауық­тар бар. Экскурсияға шығамыз. Бірақ, құм қызып, енді ойнаймыз ба дегенде тәрбиешілер ұйықтатып тастайды түсте. Мен сияқ­ты ұйықтап үйренбегендерге тіпті қиын. Содан да қашып-пысып жүрмін…» дейді Жандауа.

Директордың шындығы…

Қалай десек те, шағым айтқан көп балалы кісінің де, бұрымды бүлдіршіннің де сөзінің жаны бар. Мұғалімнің пәрмені өз алдына әңгіме. Осы оймен көптеген қала мектептеріне хабарластық. Мәселенің мәнісін білген директорлар телефон тұтқасын тастай салып жатты. Бізді түсінген №66 мектеп-лицей директоры Айтжан Шаяхметова ғана. Аталған мәселе жөнінде бас ұстазды ашық әңгімеге тарттық…

Р.S.  Қалай десек те, ата-ананың да, баланың да, бас ұстаздың да талап-тілегі ескерілгені абзал. Міндеттемеген дұрыс. Десе де, мектеп лагерінен бас тартқан әке-шеше баласын күнұзақ бақылап отырады деу қиын. Телефонға телміріп, ғаламтордың арбауында болады көбі. Оның жанында 7 мың теңгеге бір ауық жүгіріп ойнап, қаланың мәдени-тарихи жерлерін көріп қайтса дейсің. Біздікі – тек ұсыныс. Бәлкім, баламыз болғанда біз де чаттағы ата-аналарға қосылған болар ма едік, кім білсін?!

 

Айтжан Шаяхметова,
қаладағы 66-мектеп лицей басшысы:

4400 АТА-АНА АРЫЗДАНСА, ШАШЫМ АҒАРАР ЕДІ…

– Айтжан ханым, сіздердің тарапыңыздан жазғы лагерьге ата-ананы, ұстазды міндеттеу бар ма? Жаңағыдай әңгімелер қайдан шықты?
– Заң бойынша да, адамгершілік тұрғысынан да біздің міндеттеуге хақымыз жоқ. Ешбір қысым болмауы тиіс. Мұғалімдер тарапынан кеткен қателік болса керек. Әркім өз сыныбын өрге сүйрейді емес пе? Мұндағы сынып жетекшінің кемшілігі – ата-­ананың жағдайын ескермей отыр. Тіпті, лагерьдің мақсат-міндетін түсінбеген де болуы керек. Бұл тараптан әркім таңдау жасауға ерікті. Менингококктан қорқып, баласын оқшаулап отырғандар болуы мүмкін. Ата-әжесіне жібергісі келетін болар. Жағдайы жоқ шығар. Қасында жүргенін қалайтын болуы да ғажап емес. Мәселен, біздің мектеп 1 ауысымда 10 күнге бастауыштың 400 оқушысын қабылдадық. Бір мезетте бастауыш сыныптағы 1000 баланы қамти алмаймыз. Тіпті, екі маусымға да жазылған жандар бар. Біздің мекемеде 7 жылдан бері мектеп жанында лагерь жұмыс істейді. Бастауышта оқитын 2200 оқушының 4400 әке-шешесі бізбен байланыста. 4400 ата-ана арыз түсірсе, шашым ағарып кеткен болар еді. Арасында бір-екі шағым болса, оны да түсінуге болады. Ал қала сыртындағы жазғы лагерьге мектебімізден 10 шақты бала аттанғалы отыр. Бағасы – Білім басқармасы бекіткен 38-40 мың теңге төңірегінде.
– Мектеп жанындағы лагерьде жоғарыда айт­қандай баланы ұйықтатып тастаумен шектелмей ме? Бағдарламасымен таныстырыңызшы…
– Басқа өңірлерде қалай екенін қайдам, бізде түскі сағат екіге дейін ғана. Таңертең 9-да таңғы ас, түсте түстік. Ыстық тамақ ұйымдастырылғаннан ақылы болып отыр. Әйтпесе, тегін болар еді. Одан бөлек сауықтық, көңіл көтеру шаралары. Таңертең сергектік жаттығуымен бастаймыз күнді. Қыдырыс ұйымдастырылады қаланың көрікті жерлеріне. «Хан шатыр», «Аружан» ойын-сауық орталығына апарамыз. Кино, театр, музейге барамыз. Балаға пайдалы көптеген бағдарламамен жұмыс істейміз.
– Ал көп балалы ата-аналарға жеңілдік бар ма?
– Көп балалы, жетімдер мен әлеуметтік осал топтағы мүгедектерге және асыраушысынан айырылған жеткіншектерге бюджет есебінен тегін жолдама бар. Екі баласын жібергенде көп балалы болуына байланысты, біріне жеңілдік берілуі мүмкін. Аудандық әкімшілікке, Білім басқармасына барып, білсе болады. Мұғалімнің жағдайын айтуымен ондай балалар бізде лагерьге тегін жатады. Біздің мектепте әлеуметтік жағдайы төмен оқушы көп жоқ. Қазір 1 бала ғана тегін демалуда. Тамаққа төлемейді. Ал ойын-сауық орталықтарына тегін апара алмаймыз. Одан бөлек, жоғары сынып оқушылары күніне ерікті түрде 2 сағатқа келіп, мектептегі түрлі шараларға қатыса алады. Тамақ ұйымдастырылмағандықтан, бұл – ақысыз.
– Алматы мектептері менингококк инфекциясынан қауіптеніп, алғашқы маусымды тоқтатып отыр. Сіздерге мұндай бұйрық түспеді ме?
– Ғаламтордан білген дерегімше, Астанада 1 оқушы осы жұқпаға шалдыққан. Қазір емделуде. Білім басқармасы, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан осы сағатқа дейін ондай пәрмен бола қойған жоқ. Сондықтан лагерьге бала қабылдап жатырмыз…

ОҚУШЫЛАР ҚАЙДА, ҚАЛАЙ ДЕМАЛАДЫ?

 Биыл астаналық 1-10 сыныптардың 133 719 оқушыға жазғы демалыс ұйымдастырылады. 

4 маусым мен 29 маусым аралығында қаладағы 77 мектеп жанындағы лагерьлер 34 мыңнан аса 1-4 сынып оқушыларын қамтып, екі ауысымда жұмыс істейді.
«Дидарлы жаз» мектеп жа­нындағы спорттық-ойын алаңдарына 5,6,7 сыныптардың командалары, әр сыныптан 20 баладан қатысады. Жарыс мектепішілік және топтық болып бөлініп, 2 кезеңнен тұрады.
«Айбынды маусым» мектеп жанындағы әскери-спорттық алаңдары жобасы 8-10 сынып оқушыларын тегін демалыс және жұмыспен қамтиды. Аталған жобаны іске асыру үшін базалық мектептер айқындалды. Онда әскери-патриоттық бағыттағы бағдарлама жүзеге асырылатын болады. (әскери-далалық жиындар, ойындар, экскурсиялар, музей, жорықтар және т.б.).
28 мамыр мен 6 шілде аралығында Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы «Жазғы шығармашылық мектебі» жобасын ұйымдастырды. Бір ауысым үшін бағасы 20 мың теңге (ауысымда 10 күн). Сонымен қатар 28 мамыр мен 6 шілде аралығында «Балалықтың бойтұмары», «Жазғы демалыс академия­сы» ұйымдастырылады. Оның да бір ауысымдағы бағасы – 20 мың теңге. 10 күндік демалысқа тамақтандыру, жүзуге үйрету, мұзда сырғанау, тіл сабақтары, шахмат үйрету, интерактивті парк, бейнелеу өнері, театр студиясы және т.б. кіреді.
«Арман» спорттық-сауықтыру лагерінде 11 маусым мен 16 тамыз аралығында 5 ауысым ұйым­дастырылады. Әр ауысымда 250 бала қамтылады. Жалпы 1250 демалады. Жетім балаларға, әлеу­меттік жағдайы төмен отбасылардағы балаларға, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік қорғалмаған басқа топтарына 5 ауысым тегін ұйымдастырылады. Бір маусымдағы жолдаманың құны 42 мың теңгені құрайды.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 90 бала Ақмола облысында орналасқан «Боровичок» демалыс аймағында демалады.
«Батыр» шатырлы лагеріндегі үш ауысым (бір ауысымда 120 бала) 2 шілде мен 8 тамыз аралығында ұйымдастырылады. Жетім және аз қамтылған отбасыларынан шыққан 360 бала тегін демалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды