ЖАЗ ЫСТЫҒЫНДА – ЖАҒАЖАЙДА

0 185

IMG_4623

«Шомылушылар есіл суының санитарлық жағдайынан қорықпауына болады» деп сендіреді мамандар

Елордалықтардың дені Есілге шомылып, шілденің аптабында жағажайда тыныстағанды тәуір көреді. Осындайда демалушыларға ең қолайлы орын – Орталық саябақтағы жағажай екені белгілі. Биылғы жаз аптабымен шомылу маусымын қыздыра түскендей. Алайда, өзен суы санитарлық талаптарға қаншалықты сай? Осыны білмек үшін әуелі Астана қаласы бойын­ша Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің коммуналдық нысандарды бақылау бөлімінің басшысы Қарлығаш Әбдішеваға хабарласқан едік.

– Елорданы екі бөліп жатқан Есіл өзенінің 50 шақырымдай бөлігінің санитарлық жағдайы толығымен біздің қадағалауымызда деп айтуға болады. Ағынды су өзін-өзі тазалай­ды деп айтсақ та, Есілдің суы лай­­ланып, ластанатын кезі ерте көктем­нің басына келеді. Қар еріп, жыл­ғалардан аққан қызыл су Есіл­дің арнасына құйылғанда судың құра­мының санитарлық көрсет­кіш­терінде қалыпты жағ­дайдан ауытқушылықтар болады. Алайда, жер дегдігенде, ағынды сумен өзеннің арнасы тазарып, суы табиғи қалпына келеді.

Шомылу маусымы басталғалы да судың санитарлық жағдайын ұдайы тексеріп отырмыз. Жалпы, бекітілген тәртіп бойынша шомылатын кезеңнің басында жыл сайын кемінде екі рет химиялық және микробиологиялық көр­сет­кіштер бойынша химиялық-микробиологиялық тексеруден өткізу қажет. Шомылу кезеңінде жаға­жайдағы су айына екі рет химиялық-микробиологиялық тексеруден өткізіледі (сынама кемінде екі жерден алынады). Су шомылу аймағынан бір километр жоғары ара қашықтықтағы ағыннан және шомылу аймағының екі жағынан 0,1-1,0 километр ара қашықтықтағы судан, сондай-ақ шомылу аймағының шекарасынан алынады, – дейді Қар­лығаш Әбдішева. Маманның айтуынша, жаз бастал­ғалы бері өзен суынан отыздан астам сынама алыныпты. Барлық микро­био­логиялық, санитарлық, химиялық, вирусо­ло­гиялық, паразитологиялық көр­сет­­кіштер бойынша тексеруден өткі­зілді. Оның қорытындысы бойынша, Есілдің суы барлық талаптарға сай деп айтуға болады.

Алайда, мәселенің бір ұшы суда малту кезіндегі қауіпсіздікке келіп тіреледі. Қалалық жағажайда қайғылы жағдайларға жол бермес үшін құтқа­рушылар күндіз-түні кезекшілік етеді. Елордалық Тө­тенше жағдайлар департаментінің қыз­меткерлері қауіпсіздік ережелерін насихаттап, тиісті ақпараттармен қамтиды. Шомылуға тыйым салынған жерлерде тыйым салу белгілері орнатып, оны қадағалау жұмысы да осы ведомствоның міндеті.
– Суда құтқару қызметі адам­дардың өмірін қорғау жұмыс­та­рымен қатар, табиғи, техногендік сипаттағы апат­тардың салдарын жою, суға кет­кен адамдарды із­дестіру қызметтерін ат­қарады. Мау­сым басталғалы бері суға батқан 17 адамды құтқардық, – дейді қалалық ТЖД Судағы құтқару қыз­метінің басшысы Ермек Әлібеков.

Расында да, шомылуға арналған, көлемі үш жүз метрге созылып жат­қан қалалық жағажайдың жағасы ойпауыт емес, табанында ой-шұқыры жоқ тегіс келген. Шомылуға арналған судың шегі қалтқы-белгілермен айқындалған. Айдынының түбі бал­­дырлардан, бұтақтардан, үшкір тас­тардан ада. Жағасына жұмсақ құм төселген, күннен тасалайтын қалқандар, жататын орындар мен орындықтар, себезгілер, киім ауыс­тыруға арналған кабиналар, әжет­ханалар, ауыз су бұрқақтарымен жабдықталған жағажайдың жайы жанға жайлы деп айтуға болады. Алайда, кейбір жандар осындай жан-жақты жағдай жасалмаған, оңаша жерде түсеміз деп су түбіне тартылып кетіп, қайғылы жағдайға душар боп жататыны жасырын емес. Сондықтан да мамандар тек белгіленген жерлерде ғана малтуға кеңес береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 9 =