Жаяу жүрудің пайдасын біліңіз!

0 25

Бүгінгі цифрланған дәуірде адамдардың дене белсенділігі денсаулықты сақтауда маңызды рөл атқарады. №6 қалалық емхананың салауатты өмір салтын сақтау жөніндегі дәрігері Диас Махметовтің денені шынықтырудың қолжетімді тәсілдері, соның ішінде жаяу жүрудің орасан зор пайдасы туралы кеңес­теріне құлақ түрсек. – Тәжірибе көрсеткендей, жасы мен тұрмыс жағдайы және уақытының жоқтығына қарай адамдардың бәрінің бірдей спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бола бермейді. Алайда жай ғана жаяу жүру спорттың маңызды түрлерімен шұғылданғаннан пайдалы екенін көбі білмейді. Әрі ол үшін сізге қосымша жабдықтар мен арнайы киім алудың қажеті жоқ, тек аяқ киіміңіз ыңғайлы болса болды. Күн сайын ұзақ жаяу жүруді әдетке айналдыру күйзеліс, жүрек аурулары, семіздік, қант диабеті және қан қысымының көтерілуі сынды аурулардың алдын алуда көмектеседі, – дейді дәрігер.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, күніне 10 мың қадамға дейін жаяу жүретін әйелдердің 24 аптадан кейін қан қысымы төмендеген. Тағы бір зерттеуде артық салмағы бар әйелдер күн сайын он мың қадам жаяу жүру арқылы бойындағы глюкоза мөлшерін реттеген. Алайда жаяу жүрудің де өзіндік тәртібі бар.
– Жаяу жүру тиімді болу үшін бойды түзу ұстау, қадамның ұзындығы және өкшенің қалай тұрғаны өте маңызды. Егер бұған мән беріп қарайтын болсаңыз, жаяу жүру арқылы тобыққа, тізеге түсетін күшті азайтып, төзімді бола бастайсыз. Басыңызды тік ұстаған кезде иегіңіз жерге параллель тұру керек. Бүкіреймей, иығыңызды бос ұстаңыз, үлкен қадамдар жасаудың қажеті жоқ, себебі арасы алшақ қадамдар табанға салмақ түсіреді. Жүрген кезде аяқ киім башпайлар еркін қимылдайтындай кең болу керек. Серуендеуге парктер, ормандар, жағалаулар өте қолайлы. Алайда ондай мүмкіндік болмаған жағдайда қауіпсіз және жайлы көшелермен де жаяу жүруге болады, – деп кеңес береді білікті маман.
Бұған қоса ол басқа шаруа­ларыңды атқара жүріп, жаяу жүруді тиімді ету жолдарын да ұсынды. Мәселен, қатты асығыс шаруаңыз болмаса кез келген жағдайда жеделсатыға мінуді емес, баспалдақпен жүруді әдетке айналдырыңыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three − two =