Жаяу жүріп жалықпайсың…

0 75

Елордада қала қонақтары мен тұрғындарына арналған тағы бір демалыс алаңы ашылды. Жаңа парк Әзірбайжан Мәмбетов және Кенесары көшелерінің қиылысында орналасқан. Мұнда кәсіпкерлер үшін де, спортсүйер қауым үшін де барлық жағдай жасалған. «Demalys promenade» (демалыс жағалауы) деп аталатын желекжолда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен әр демалыс сайын түрлі мерекелік бағдарламалар өткізіліп тұрады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай ­Көлгінов Demalys promenade-тың ашылу салтанатына куә болып, халықпен тілдесіп қайтты.Өткен демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласында жаяу жүргіншілер серуендейтін жаңа кеңістік ашылды. Арбат іспеттес әрі оның жалғасы ретінде ашылған орын Кенесары мен Абай көшелерінің аралығында орналасқан Әзірбайжан Мәмбетов көшесінің бойында сән түзеді.

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» даму-жоспарының басты бағыттарының бірі – халықтың серуендеуге, спортпен шұғылдануына арналған орындар ашу. Биыл барлығы 150 аула, 40 қоғамдық кеңістік құрылып, абаттандырылады. Ал жаңадан ашылған «Demalys Promenade» әзірге тек демалыс және мерекелік күндері ғана ашық болады. Бұл күндері қала жұртшылығы үшін түрлі концерттер, ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады.

Қала әкімдігі ұйымдастырған екі күндік мерекелік бағдарлама қала қонақтары мен тұрғындарына естен кетпес ерекше көңіл-күй сыйлады. Өз кезегінде «Оrda FM» радиосы жылжымалы студиясын орнатып, «Demalys Promenade» кеңістігінің ашылу салтанатынан тікелей эфир жүргізді. Елорда әкімі Алтай Көлгінов жаңа ашылған жаяу жүргіншілер желекжолына барып, қала тұрғындарымен пікір алмасты. «Елорданы одан әрі дамытуды жалғастырамыз. Қала тұрғындары мен қонақтары таза ауада уақыт өткізе алатын жаңа орындарды абаттандырудамыз. «Demalys Promenade» жаяу жүргіншілер аймағы кіреберіс аркадан басталады, оның жанында орналасқан сахнада шығармашылық топтардың, әртістердің концерттері мен қойылымдары өтеді. Одан әрі жаяу жүргіншілер көшесінде суретшілер бұрышы, шахмат ойнауға арналған орындар, ұлттық ойындар («асық ату» және «тоғызқұмалақ»), спорттық жаттығуларға арналған орындар, сурет көрмелеріне арналған аймақтар, кітап аймақтары, шатыр­лы сауда-көрме алаңы және т.б. сондай-ақ ерекше инсталляциялар, әткеншектер, арт-нысандар фотоаймақтары және т.б. орнатылған.

Сонымен қатар, «Demalys Promenade»-тың ерекшелігі – ол «Театр» жаяу жүргіншілер бульвары (Омаров көшесі) мен қаланың жағалауын біріктіреді, абаттандыру жұмыстарын әлі де жалғастырамыз. Жағалауда өзіндік бақылау палубасы пайда болады, сонымен қатар әткеншек орнатамыз.
Көшеде уақытты тиімді өткізу және экологияны жақсарту үшін қаланы көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргіземіз. Қаланың «өкпесі» саналатын ағаштарды елорданың барлық аудандарында отырғызамыз. Осылайша, қазірдің өзінде қалада өзіндік экологиялық аймақтар мен демалыс нүктелері бірнеше есе көбейді. Алдағы уақытта жайлы қоғамдық кеңістіктердің санын арттырамыз» деп атап өтті елорда әкімі.

Тарихи орындар жаңғырды

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» даму-жоспарының аясында қоғамдық кеңістіктердің құрылысына ерекше назар аударылуда. «Demalys Promenade» қаланың тарихи бөлігі орналасқан аумақта ашылды. Бірер апта бұрын Жақып Омаров көшесінде «Театр» желекжолының алғашқы бөлігі ашылған болатын. Екінші бөлігін шілде айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Концепция бойынша «Demalys Promenade» сол «Театр» бульварымен қосылады. Ал әрі қарай Кенесары көшесі арқылы Арбатқа, содан кейін Есіл өзеніне және орталық саябаққа жалғасады» деді Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен.

Шаһар басшылығының «Demalys Promenade» үшін бұл орынды таңдап алуының да құпия­сы бар. Мұнда мемлекет қорғауындағы «П.Г.Моисеевтің үйі» аталып кеткен ғасырдан астам тарихы бар көне ғимарат, кітап оқуды насихаттау үшін «Абай кітапханасы», еліміздің өркендеуіне үлес қосқан аға буын өкілдері тұрған үйлер орналасқан. Қала басшылығының ойға алған мақсатының бірі – елорданың тарихи бөлігін қайта реновациялау, басқа қырынан таныту.
Шамамен бір шақырым аумаққа созылған кеңістікте жәрмеңке өткізетін алаң, құралмалы сахналар, каратэ киокушинкай, муай тай, көркем гимнастика, йога секілді спорт түрлерінен дайындалу орны және өзге де көңіл көтеру орындары қарастырылған.
«Demalys Promenade» кеңістігінің ашылуы аясында өткен іс-шаралардың бәрінде санитарлық талаптар сақталды.

Көше таланттарын анықтайды

Бұрын көлік жүретін Әзірбайжан Мәмбетов көшесі түрленіп, жаяу жүргіншілер кеңістігіне айналды. Бар-жоғы бір ай ішінде ашылған «Demalys Promenade» жұртшылықтың көңілінен шығып отыр. Жаңа орынның ашылуына тікелей жетекшілік еткен қалалық Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен мұнда атқарылатын іс-шаралар барысымен таныстырып өтті. «Мұнда жұмыс күндері көлік қозғалысы үшін ашық болса, демалыста арнайы белгілер орнату арқылы тосқауыл қойып, жаяу жүргіншілер демалысын өткіземіз. Жақында «Театр» бульвары ашылды. Онда фонтандардан бөлек, балалар моторикасын дамытатын ойын элементтері орнатылды. Жұртшылық көңілінен шыққан «Театр» бульвары бүгін Әзірбайжан Мәмбетов көшесінде ашып отырған «Demalys Promenade» кеңістігімен жалғасады. Бұл көше жұртшылыққа қуаныш пен жайлылық, жақсы көңіл-күй сыйлайды деген ойдамыз» дейді Урбанистика орталығының басшысы.
Қала басшылығының міндеттерінің бірі – елорда тұрғындары үшін жайлы демалыс орындарын қадамдық қолжетімді ету. Елнар Базыкен өз сөзінде таланттарды анықтайтын конкурстар өткізу де жоспарда бар екенін айрықша атап өтті. «Жаз бойы демалыс күндері түрлі концерттер, іс-шаралар ұйым­дастырылады. Сол сияқты бұл жерде қаламыздың таланттарын анықтайтын «Open Stage», диджей конкурстары өтеді. «Demalys Promenade» ән айтуға, сурет салуға, яғни, шығармашылыққа бейімі бар беймәлім таланттардың бағын ашатын орынға айналады деп сенемін. Бұл жерде 13 сауда орны орнатылған. Әрқайсысында саудагерлер өз қолымен дайындаған өнімдерін сатады. Олар апта сайын ауысып отырады» дейді Елнар Базыкен.
Ведомство басшысы сөзін жалғай отырып, «Demalys Promenade» аумағында «Дәмді қала» конкурсы өтетін ерекше атап өтті. «Конкурс­тың өтетін уақытын жақындағанда хабарлаймыз. Бұл байқауды тәтті-дәмділердің үздік рецептін анықтаймыз. Ерекшелігі, ол елордамызбен байланысты болуы қажет. Дәмхана-мейрамханаларға кірсек, Нью-Йорктің чизкейгі, австриялық вафли секілді шетелдің атымен аталатын тағамдар тұрады. Осыған ұқсас, елордамыздың атымен аталатын бірнәрсе болуы керек қой. Сол себепті «Дәмді қала» конкурсын өткізгелі отырмыз. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылады» деп Елнар Базыкен конкурстың мақсатын түсіндірді.

Шағын кәсіпті қолдайтын орын

«Demalys promenade» (демалыс жағалауы) деп аталатын арбат бойы қызыққа толы. Бұл жерден іздегеніңіздің бәрін таба аласыз. Жаңа арбаттың ашылуына орай елорда әкімдігі өткен демалыста қала тұрғындарына арнап арнайы ойын-сауық бағдарламасын әзірлеген. Қуанышты жаңалықты естіп таң атпастан жаяу жүргіншілер көшесіне жиналған халықтың қарасы қалың. Әсіресе, астананың белсенді тұрғындары би алаңдарының көркін қыздырып, спортпен айналысты.
Таңғы йогаға қатысып, бой сергіткен зейнеткер Күләш ­Қалиқызының айтуынша, мұндай спорттық бастамалар әрбір адамның салауатты өмір салтын ұстанып, ұзақ жасауына жол ашады. «Былтыр пандемия кезінде мен де бір ауырып тұрдым. Біз денсаулықтың қадірін көп біле бермейміз. Сарыарқаның суығында жас күнімізден жүргендіктен де шығар, бір жағы жасымыз да келген сайын буын-буынымыз ауырып жүреді. Төрт қабырғаға қамалып үйде отыра беруге болмайды. Сондықтан араласатын құрбыларыммен 4 жылдан бері йогаға қатысып жүрміз. Демалыс күндері Әзірбайжан Мәмбетов көшесінде тегін, арнайы мастер класс өткізіледі дегенді естіп келдік. Көңіл-күйіміз тамаша! Қаламыз көркейе берсін!» деді зейнеткер.
Арбатта таңертең үздік фитнес жаттықтырушыларының қатысуымен оқу ойындары мен спорттық шеберлік сағаттары өтсе, кешке әлеуметтік билер болады. Зейнеткерлер үшін әр жексенбіде үрмелі оркестрдің орындауында жаттықтырушылармен билер жоспарланған.
Жаяу жүргіншілер көшесінің бойына 13 шатыр тігілген. Ақ күмбезді әр шатырдан қолөнер бұйымдары мен тұрмысқа керекті заттар, кітаптар мен кәдесыйларды сатып ала аласыз. Бір жағынан, адам көп жүретін мұндай орындарда шағын бизнес өкілдерін де назардан тыс қалдырмай, оларға қолдау білдіргені көңілімізге қуаныш сыйлады. Сондай жеке кәсіпкерлердің бірі Айман Байтенова жаңа паркке алғашқылардың бірі болып, өз қолымен тоқыған қуыршақтарын орналастырыпты. «Мен декреттегі анамын. Бірақ қазір қол қусырып отыратын заман емес. Тоқуды кішкентай кезімнен білетінмін. Ал кішкентай баламен үйде отырғанда уақытым көп болғандықтан, бос отырмайын деп қуыршақтар тоқып бастадым. Барлығы экологиялық таза өнімдерден жасалған. Кейін айналамдағы таныстарым, көршілерім қызығып тапсырыс беретін болды. Осылайша мен өз кәсібімді таптым. Кішкентай қолсөмкеге, кілтке тағатын қуыршақтарды тігуге жарты күнім кетсе, үлкендерін тігуге бірнеше күн жұмсаймын. Сұраныс көп. Себебі бұл – сапасы жағынан да, материалы жағынан да таза өнім. Үйренемін деген балаларға үйіміздің жанындағы аула клубында тегін үйретіп жүрмін» деді кәсіпкер ана.
Жаяу жүргіншілер аймағы тек қана демалыс күндерінде ашық болады. Жаз бойы демалыс және мереке күндері қала тұрғындарына концерттік, ойын-сауық бағдарламалары әзірленген.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 14 =