Жаяу жүргіншілерге – жайлы жағдай

0 39

Елордада қоғамдық кеңістіктерді, яғни көпшілік демалатын орын­дарды көбейту жалғаса береді. Бұл жұмысты қалалық урбанистика орталығы ­үйлестіріп келеді. Жақын арада астанамызда Нью-Йорктегі Бродвей, Лондондағы Оксфорд көшелеріндей сан-салалы жайлы көшелер де пайда болады.

Өткен жылы елордада тұрғындардың жайлы демалысына арналған 60 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Биыл олардың саны артады. Соның ішінде дала кинотеатрын, жаңа жағажай мен жаяу жүргіншілерге арналған көшелерді салу жоспарланып отыр. Бұл туралы қаланың Урбанистика орталығының директоры Елнар Базыкеннен білдік.

ДАЛА КИНОТЕАТРЫ МЕН ЖАҢА ЖАҒАЖАЙ

Оның айтуынша, Тұңғыш Президент саябағында қаладағы алғашқы қалқымалы жағалау пайда болады. Дала кинотеатры дәл осы аумақта салынып, бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарын тартатын аумаққа айналады. Ал жаңа жағажайды ашуға қатысты осы күндерге дейін тұрғындардан көптеген өтініштер келіп түскен. Соны ескеріп, қосымша жағажай салу туралы шешім шығарылды. Қауіпсіздік мақсатында соны квадрат пішінінде салу жоспарланды. Бұл жағдайда балалар өзен арнасына жүзіп шықпайтын көрінеді.

НЬЮ-ЙОРК КӨШЕСІНДЕЙ БОЛАДЫУрбанистика орталығы қаланың ескі бөлігі саналатын оң жағалауды көркейтуді де жалғастырмақ. Атап айтқанда Ж.Омаров көшесінде субұрқақ, ойын алаңдары, демалыс және көше ритейлі аймағы салынады.
– Бұл көшені Әзірбайжан Мәмбетов көшесімен қосып, жаяу жүргіншілер демалысына арналған аймақ құрамыз. Осы аймақ Жақып Омаров көшесінен басталып, Мәмбетов көшесін көктей өтіп, Кенесары көшесіне дейін созылады. Әрі қарай «Астана Арбатына» жалғасып, Есіл өзені жағалауына дейін жетеді. Осы аймақта кәсіпкерлер мен шығармашылық адамдарына арналған қолайлы орта құрылады. Осылайша Нью-Йорк қаласының «жазғы көше» үлгісімен мұнда әртүрлі фестивальдер мен жәрмеңкелерді өткізуге жағдай жасалады. Жаз мезгілінде демалыс күндері бұл аумақтағы жолдарды жауып, автокөліктердің жүруіне тыйым салу жоспарланып отыр, – дейді Е.Базыкен.
Оның пікірінше, қала көшелері автокөліктер мен қоғамдық көліктерге ғана емес, велосипедпен жүретін адамдар мен жаяу жүргіншілерге қолайлы болуы керек. Сол мақсатта Бейбітшілік көшесі, 1 мекенжайынан Есіл өзені жағалауына дейін де жаяу жүргіншілер аумағын құру көзделіп отыр. Мұнда кофе ішетін, тамақтанатын орындарды салу, көше ритейлін дамыту жоспарланды. Осылайша шаһардың тарихи орталығында жайлы қоғамдық кеңістіктерді құру да қолға алынады.

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСАДЫ

Осындай үлгімен Абай мен Республика даңғылдарын, ­С.Сейфуллин, Қ.Сәтбаев пен А.Петров көшелерін жаңғырту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Республика даңғылы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында көркейтіліп, экономика тұрғыдан тиімді аумаққа айналмақ. Басқаша айтқанда, мұнда кәсіпкерлерге арналған қолайлы орта қалыптас­тырылады.
– Қазіргі заманда бүкіл әлемде нарық және жеңіл өнеркәсіп саудасы көше арқылы дамып жатыр. Мәселен, Нью-Йорктегі Бродвей, Лондондағы Оксфорд көшелерінде, әлемдегі басқа да ірі қалаларда көше саудасы қызу жүргізіледі. Мұны көше экономикасын дамыту деп атайды. Астана көшелерін де жаңа заманға лайықтап, белсенді сауданы дамытуымыз керек, – дейді Урбанистика орталығының директоры.
Оның пікірінше, осыдан кейін жаяу жүргіншілерге арналған қолайлы жағдайлар жасалып қана қоймай, қала экономикасы өседі, тұрғындар табысы артып, жаңа жұмыс орындары құрылады, осының бәрін қосқанда халықтың әлеуметтік жағдайы көтеріледі.
Алдағы күндері «Триумф Астаны» мен «Триумфальный» тұрғын үй кешендері ортасында шағын бақ салу жоспарланып отыр. Қазір бұл жобаның техникалық үлгісін жасау жұмысы жүргізіліп жатыр. Таяуда тиісті талқылау өткізілді. Абай даңғылында веложол салу, қала әкімдігі алдындағы алаңды адамдарды тартатын аймаққа айналдыру жоспарлары да бар. Биыл аулаларды абаттандыру да жалғасады. Атап айтқанда, Кравцов көшесі, 1, 11/1 және Ш.Уәлиханов, 4 мекенжайларындағы аулалар көркейтіледі.

ҚЫСҚЫ ДЕМАЛЫС ТА ҚАПЕРДЕ

Урбанистика орталығы қаланы абаттандыруға қатысты 200-ден астам жобаны әзірледі. Соның ішінде жалпы ұзындығы 27 шақырымды құрайтын көшелерді көркейту жобалары дайындалды. Осы жылы «Атырау» көпірі арқылы өтетін веложол салу, Триатлон саябағы мен қаланың орталық саябағын қосу жоспарланып отыр.
Жазғы демалыс үшін ғана емес, қысқы демалысқа арналған жобалар да әзірленді. Тиісті құжат «Нұр-Сұлтан қаласында қысқы қоғамдық кеңістіктерді дамытудың» тұжырымдамасы деп аталады. Соның аясында сноубурдистерге арналған «Nur-Sultan Snowpark» ашылды. Атап айтқанда, К.Ататүрік атындағы саябақта шаңғымен және сноубурдпен сырғанау үшін тиісті жағдай жасалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 9 =