«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаяу жүргеннің жасы ұзарады

0 264

Қазіргі заманның өмір сүру салты, яғни адамның қимыл-қоз­ғалысының азаюы салдарынан жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, простатит, бүйрек және бауыр аурулары т.б. көбейіп, қаншама есіл азамат ажал құшуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сүйенетін болсақ, бұл қорқынышты деректер жылдан жылға ұлғая бермек.

Әлемнің ғұлама ғалымдарының пікірін­ше, түрлі ауру-сырқаудан халықты құтқарудың ең оңай жолы, ең қолжетімді де әрі тиімді әдісі – күн сайын таза ауада жаяу жүру. Жапон ғалымдарының ойынша, әр күн сайын, тәулігіне 10 мың қадам (ол шамамен 6-7 км) жаяу жүрген адамдардың дендері сау, әрі жоғарыда аталған аурулардан ада болады. Ал Американың Онкологтар қауымдастығы қатерлі ісіктің алдын алу­дың тиімді жолы ретінде де жаяу жүруді ұсынады. Мұндай материалдар медициналық БАҚ-та, ғаламторда өте көп. Өздеріміз жүргізген зерттеулеріміз бен тәжірибелерімізді сараптайтын болсақ, шын мәнінде жаяу жүруді күнделікті дәс­түріне айналдырған азаматтар ішінде осы атал­ған ауруларға шалдыққандар жоқ екен.
Бірақ біздің азаматтар жаяу жүрмейді, таяқ тастам жерге де көлікпен жүргенді дұрыс көреді, өйткені көпшілігі жаяу жүрудің зор денсаулық кепілі екендігін, аталған аурулардың алдын алатынын білмейді, ал білетіндері жаяу жүру­ге ерінеді, оған ынта-ықылас та жоқ. Сон­дықтан халық арасында көп үгіт-насихат, түсінік жұмыстарын жүргізуіміз керек.
Қазақстанның жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру федерациясы жаяу жүруді халық арасында жаппай насихаттап, оны жалпыұлттық үрдіске айналдыруды жоспарлап отыр. Федерацияны дамыту үшін қатарымызға қалың бұқараны тартып, ерікті азаматтармен жұмыс істейтін боламыз.
Біздер, бір топ белсенді азаматтар – Отанымыздың патриоттары, халқымыздың денсаулығын жақсартуға өз үлесімізді қосу үшін осы федерацияны құрдық. Біз «Әр күн сайын – 10 000 қадам жүрейік» деп аталатын жалпыұлттық бағдарламамызды бұқара жұртшылыққа ұсынамыз. Біздің бағдарламамыз бір ғана сөйлемнен тұрса да, оның көтерер жүгі мен мән-мағынасы ұшан-теңіз. Яғни, федерацияның әрбір мүшесі күн сайын 10000 қадам жүріп өтуге міндеттенеді. Әрбір адамның осы мақсатты орындауы үшін федерация көмектесетін болады, яғни оларды оқытамыз, үйре­теміз, көмектесеміз, тиісті шаралар ұйым­дастырамыз және қажет болса арнайы дайындаймыз. Біз алдымызға осындай өте қарапайым да қолжетімді, бірақ халық үшін пайдасы аса зор мақсат қойып отырмыз. Шын мәнінде жаяу жүрудің адамның денсаулығын жақсартып, өмір жасын ұзартатындығы дәлелденген шындық.
Біздің елімізде жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру спорт түрі ретінде танылмаған, яғни республикалық спорттық тізбеде тіркелмеген. Сондықтан біздің алдымызда осы спорт түрлерін заңды түрде тіркетіп, ресми мойындалуы үшін жүргізілетін үлкен жұмыстар күтіп тұр. Скандинавияша жаяу жүру спорт түрі бойынша Финляндиядағы халықаралық скандинавияша жаяу жүру федерациясының стандарттары мен нормативтерін қабылдаймыз. Ал жаяу жүру спорты бойынша өзіміздің нормативтеріміз бен стандарттарымызды әзірлейміз және соған сәйкес өзіміздің тәртіптеріміз бен ережелерімізді жасап шығарамыз.
Баршаңызды біздің федерацияға кіруге шақырамыз. Жаныңа жақын жандардың дені сау болсын десеңіз, туыс-бауырларыңызды, достарыңыз бен жолдастарыңызды жаяу жүру федерациясына қосылуға шақыр, «дені саудың жаны сау» дегендей бақытты да салауатты өмір жолына түсуге кеңес бер, отандас.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Қазақстанның жаяу жүру және скандинавияша
жаяу жүру федерациясының басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды