ЖАУЖҮРЕКТЕР ШЕРУІ

0 127

9 мамыр күні Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері ұрпақтарының қатысуымен «Жаужүрек полкі – әлемдік марш» атты шеру өтеді. Ал кеше Астана қаласы әкімдігінде биылғы шерудің дайындық барысы жөнінде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.

Жиынға қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Қаналимов, «Жаужүрек полкі» азаматтық бастамасы үйлестіру кеңесінің өкілдері Аида Баймақова, Әлия Сағымбаева және Қуаныш Жұматаев қатысты.
Басқарма басшысы Е.Қаналимовтың айтуынша, «Жаужүрек полкі» жалпыхалықтық азаматтық бастамасы 2012 жылы пайда болды. Қозғалыстың басты мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің ерлігін естен шығармау. Ал еліміздің белсенді азаматтары ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында Астана қаласындағы «Жаужүрек полкі» кеңесін 2014 жылы құрды.Жеңістің 70 жылдығына арнал­ған шеруге 1500 адам қатысқан болатын. Олар ардагерлердің порт­реттерін қолдарына ұстап, Жеңіс даңғылымен жүріп өткен еді. 2016 жылы 7000-нан аса адам қатысса, биыл алаңға 15000 қатысушы шығады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта «Жаужүрек полкі» әлемнің 60 мемлекетін біріктіретін халықаралық шеруге айналды. Шара барысында соғыс ардагерлерінің ұрпақтары Астана көшелеріне жеңіс туын желбіреткен батыр аталардың суреттерін алып шығып, өмірден озған соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетеді.Шеру «Қазақ елі» монументінен басталып, «Отан қорғаушылар» мемориалында аяқталады. Айта кетейік, осы жылы қашықтық 2,5 шақырымға дейін ұзартылды.Ескертетін жайт, маршқа қатысу үшін арнайы тіркеуден өтудің қажеті жоқ. Дегенмен қатысушыларға алаңды жарнама ретінде пайдалануға және транспаранттарда кез келген саяси, топтық және басқа да символдарды алып шығуға тыйым салынады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =