ЖАУЫРЫН ЖЕР ИІСКЕМЕДІ

0 137

казакша курес

Қазақша күрестен Минск қаласында өткен әлем біріншілігінде біздің ұлттық құрамамыз барлық салмақ дәрежесінде үздік шығып, бес алтын алқа тағып қайтты.

28 елден жиналған 58 спортшының арасында біздің де он палуанымыз бар еді. Әр салмақ дәрежесі бойынша кілемге шыққан біздің жігіттердің жартысы өзіміздің ұлттық күрес федерациясы атынан, ал екінші жартысы халықаралық жекпе-жек ұйымының атынан сынға түскен болатын.

60 кг салмаққа дейін ақтық сында қырғыз палуаны Санжар Османа­лиевтің жауырынын жер иіскеткен Абзал Арыстанбеков бір алтынды сыйласа, 70 келіге дейінгі финалда Ерлан Естек Армения өкілі Армен Назарянды тізе бүктірді. Ал, келесі салмақтың шешуші кезеңінде өнер көрсеткен Ерсін Мұхамеджанов Бесарион Берулав атты грузин палуанынан айласын асыра білді.

Бір қызығы, 90 келіге дейінгі сал­мақтың финалында екі қазақ кездесіп, айыз қанарлықтай өнер көрсетті. Мұхит Тұрсынов пен Алпамыс Төкеев алысқан кездесу алғашқысының пайдасына шешілген болатын. Ал, түйепалуанды анықтау онша қиынға соқпады. Белорус палуаны Евгений Бедулиннен басым түскен Айбек Нұғымаров бесінші алтынды қоржынымызға салды.

Бұдан бөлек, қазақстандық палуан­дардың еншісінде 3 қола медаль бар. Амангелді Сатыбалдинов, Ерасыл Сәкенұлы, Әділжан Ыстыбаев – жартылай финалда сүрінгендер қатарында.

Жарыс қорытындысы бойынша, жеңімпаздар 1000, 500 және 300 АҚШ долларымен ақшалай сыйлыққа ие болды.

Нұрислам Құспанғали

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =