Жауыннан соңғы сілкініс

0 231

Жақында ел астанасында табиғат тосын мінез көрсетіп, толассыз жаңбыр жауғаны, бір күнде бір айлық көрсеткіштен асқаны, соның салдарынан біраз көшені су басып қалғаны жайлы газетімізге жазылды. Дегенмен қала әкімдігінің шұғыл іс-қимылы нәтижесінде 140-тан аса техника жұмылдырылып, олқылықтардың орны толтырылды. Қала басшылығы жаңбыр суы ағатын жүйе жедел қарқынмен салынатынын мәлімдеді. Екі-үш жыл ішінде осы бағытта үлкен жобалар іске аспақ. Міне, тағы да жауын жауып тұр. Біз осы тұста әлемнің бірнеше қаласында болған, осыған ұқсас жағдайларды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Себебі табиғат апаты тосыннан туындайды, оған шаһар шаруашылығы әр кезде тас түйін дайын болуы тиіс.

ПАРИЖ

Биыл мамырдың соңғы күні Франция астанасында толассыз жауған жаңбыр суы бірнеше көше мен стансаны алып кетті. Осының салдарынан жерасты жолы уақытша жұмысын тоқтатуға тура келді.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, табиғат апатынан қаланың оңтүстік-батысындағы Шатне-Малабри коммунасынан бас-аяғы 450 адам қауіпсіз жерге көшіріліпті.

КИЕВ

Биыл шілденің 25-іне қараған түні Украина астанасында болған тосын апаттан көптеген аудан су астында қалды. Кей көшелерде тіпті көліктердің қозғалуы мүмкін болмаған.
Эспланада көшесінің бойындағы «Гулливер» сауда орталығы алдындағы ондаған көлік су астында қалды. Бұған қоса, толассыз жауын жарнама тақталарын құлатып, маңайына зиянын тигізген. Кейіннен олардың судың қысымынан құлағаны анықталды. Бұған қоса, жерас­ты жолдарының суға толуына байланыс­ты жабылып қалған.

СУХУМ

Биыл бұлт Ресей жеріне үйіріліп, бар қаһарын төккендей. Бірер апта бұрын Сухум қаласында жауған күшті жауынның мөлшері 180 сантиметрге жеткен. Гулрыпш ауданының басшысы Аслан Барателияның айтуынша, Каштак, Багмаран, Мерхеул және Мачарка тұстары зардап шеккен. Мерхеулдегі көпірді су ша­йып кеткен.

ҮНДІСТАН,  Керала штаты

Үндістанның оңтүстігінде өткен аптада муссонды жаңбыр жауып, салдарынан 400-ден аса адам опат болды. Табиғат Керала штатына көбірек шығын келтірді. Уақытша лагерь алаңына 700-мыңнан аса тұрғын көшірілді. Жақында зардап шеккен аудандардың тағы бірінен 22 мың адам құтқарылды. Жауын бір аптадан кейін барып қана саябырлаған. Айта кетейік, аталған штатта 33 млн адам өмір сүреді.

ВОЛГОГРАД

Тосын апат футболдан әлем чемпионатын өткізген Ресей елін айналып өтпеді. 15 шілде күні Волгоград қаласында табиғат күтпеген мінезін көрсетіп, нәтижесінде жергілікті биліктің төтенше жағдай жариялауына тура келді.
Күн райының күрт өзгеруіне Волгоград қаласы дайын болмай шықты. Себебі жаздың алғашқы бөлігі құрғақ болғандықтан, мұндай ауа райын ешкім күтпеген болса керек. Аяқастынан жауған жауын бірнеше сағат бойы тоқтамай, мөлшері екі айға жуық нормадан асыпты. Жауын суы қаладағы ірі сауда орталықтарын алып кетті. Тіпті кейбір ғимараттардың шатыры шыдас бермей, қирап қалыпты. Бұдан бөлек, транспорт тоннельдері суға толып, белгілі бір уақытқа дейін қызметін тоқтатуына тура келді.
Ал «Волгоград Арена» маңындағы құмтөбешіктер шашылып, стадионға барар жолды жауып қалған. Сол сияқты қаланың негізгі магистральді көшелеріне де зияны тиді.

ХЬЮСТОН

Табиғаттың дүлей күші былтыр Құрама Штаттарға да зиянын тигізді. Техас штатындағы Хьюстон қаласында тамыз айында болған «Харви» дауылының арты нөсерге ұласып, салдарынан екі мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Техас штатының өзге аймақтарында жауын тоқтамай жауып тұрды. Губернатор Грег Эббот Хьюстон мен Корпус-Кристи қалаларында 50 см жаңбыр жауғанын, қосымша 40 см тағы жаууы мүмкін екенін мәлімдеген. Нәтижесінде аймақта төтенше жағдай тәртібі қабылданды.

СОЧИ

Ресей-Хорватия матчының алдында Сочиде тропикалық нөсер жауын жауып, қала тұрғындары мен қонақтарына айтарлықтай кедергі келтірді. Үлкен көліктер беліне дейін су кешсе, жеңіл автомобильдер жаңбыр астында қалды. Ал сыртта жүрген жандарға қолшатыр мүлдем көмектеспеген. Бір сағаттың ішінде айлық көрсеткішке тең жаңбыр жауған.

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =