©2020 Астана Ақшамы
Жауынгерлік парад өтеді
Қазақстан тарихында тұңғыш рет 2013 жылғы 7 мамырда – Отан қорғаушылар күні Қазақстан Қарулы Күштерінің Жауынгерлік парады өтеді.
Әскери парадта әскери қызметшілердің саптық дайындығы және техника мен қару-жарақтың кейбір үлгілері сандық жағынан көрсетіледі. Жауынгерлік парадта офицерлер мен сарбаздардың кәсіби дағдысы, бөлімшелердің іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ Қазақстан армиясының қарамағындағы қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техниканың жауынгерлік мүмкіндігі көпшілік назарына ұсынылады.
Гвардия гарнизонының полигонында әскери бөлімшелер Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің заманауи қару-жарақ пен техниканы пайдалануының мүмкіндіктерін тактикалық және тәжірибелік тұрғыда көрсететін болады. Сонымен бірге Каспий акваториясындағы Қазақстан Әскери-теңіз күштері кемелерінің жауынгерлік атысы онлайн режимінде таратылады.
Полигонда Құрлық әскерлерінің барлық қару-жарақ түрлерінен жауынгерлік атыстары жүзеге асырылады. Қазақстан Әскери әуе күштерінің ұшақтары мен тікұшақтарынан зымырандар нақты түрде жіберіліп, тәжірибе жүзінде бомбалау қолданылады, ұшқыштар өздерінің жоғары шеберліктерін көрсетеді.
Еліміздің Қарулы Күштерінің барлық түрлері мен тектерінің жеке құрамы құрлықтағы, әуедегі және теңіздегі кәсіби біліктіліктерін танытады. Мұнда әртүрлі құрамалардың, соның ішінде барлау және арнайы мақсаттағы әскери бөлімдер мен бөлімшелердің өзара іс-қимылы паш етіледі.
Офицерлер мен сарбаздар іс жүзінде Қарулы Күштердің қатарында нағыз патриоттар мен өз ісінің шеберлері қызмет ететіндігін және олардың «Мықты армия – мықты Қазақстан!» ұранымен Отанға қызмет ете беретіндігін дәлелдемек.
Жауынгерлік парадтың тағы бір ерекшелігі – бұл жолы оған қатысатын қару-жарақ пен техника түрлері әдеттегіден айтарлықтай көп болады.
Еркежан СӘТІМБЕК