ЖАУЫНГЕР ЖОЛЫ

0 180

ммма

Ат ауыздығымен су ішіп, ер етегімен қан кешкен сол бір сұрапыл жылдарда әрбір адамның аңсар-арманы, үміт-тілегі, ерлік-намысы Жеңіс деген сөзге жегілгендей еді. Мен осы орайда, елі үшін еңіреп, жауды қуған атамның ерлігі жайында айтқым келеді. Атам Оспан Сәдуақасұлы Жүсіпов – Ұлы Отан соғысының ардагері.

Көз тіксем сонау селді өткеліме

Сұстанам от сұрапыл шеккенге,

Ерлермен майдан зілін сілкідім бір,

Масайрап сол күн Жеңіс көктемінде.

Қалихан Бекхожин

Атам Оспан Жүсіпов 1941 жылғы 22  маусымның таңын ауыр күрсініспен еске алады. Сол күні курстастарымен табиғат аясында тағы да бір курсты аяқтағандарын атап өтпекші болған еді. Бірақ, сұрапыл соғыс басталып кетті. Ол барлық студенттер сияқты мерзімінен бұ­рын оқуын аяқтап, бірнеше рет өз қалауымен майданға аттанбақшы болды. Бірақ бір жылдан соң ғана үстіне солдат киімін киіп, қолына винтовка алып жауға қарсы жасақ қатарына кірді.

«Мен 68-жаяу полкінің 70-атқыштар дивизиясына түстім» деп бастайтын еді естеліктерін атам. Жауынгер атам Беларуссияны азат етуге қатысып, Курск түбінде жау әскерін жайратуға күш салды. Сол кезде жиырма шақты жарқыншақтан жарақат алып, госпитальге жіберілді. Көрсеткен ерліктері үшін оған Ұлы Отан соғысының 2-дәрежелі ордені тапсырылды. Жарты жыл өткен соң елге оралыпты. Аман-есен келген атам қазақ мектебіне орналасып, ауыл балаларының сауат ашу ісімен айналысады. Сол жылдары әжеммен танысып, шаңырақ құрады. Қазіргі сәтте атам мен әжем 5 қыз, 17 немере, 33 шөбере сүйіп, тәуелсіз елдің жетістігіне риза болып отыр. Содан бері 70 жыл өтсе де, атам ешқашан еленбей қалған емес. Билік тарапынан әрбір мереке қарсаңында құттықтаулар келіп тұрады. Бейбіт елде осындай қамқорлыққа ие болып отырғанына дән риза. Сұм соғысты көзбен көрген ол «енді әлемде тек бейбітшілік болсын» деп тілейді. Міне, мен осындай батыр да, батыл атамды мақтан тұтамын. Осындай ата-бабаларымыздың арқасында азат елдің ұрпағы болып отырмыз. Сол себепті «мен үшін елім не істейді деп емес, елім үшін мен не істей аламын» деген сұрақ әр азаматтың жүрегінде болуы тиіс. Атамның осынау ерлік істерін бағалай отырып мен жақсы білім алуды мақсат еттім. Биыл мектеп бітіргелі отырмын. «Алтын белгіге»  үміткермін. Бос уақытымды зая кетірмей көп ізденіп, білімді серік етіп келемін. Құрбыларыма, замандастарыма Тәуелсіздіктің қадірін жете түсінейік дегім келеді. Ел үшін, ұрпақ үшін от кешкен ата-әжелерімізді көзі тірісінде бағалай білейік!

 

Жансая ӘЛИ,

№61 орта мектептің 11-сынып оқушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 17 =