«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жауға жасын түсірген…

0 13

Елордада есімі елге таныс, еңбегі мен ерлігі көпке үлгі бірқатар танымал тұлғаларға ескерткіш қойылған. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған тұңғыш қазақ, авиация генерал-майо­ры Талғат Бигелдиновке арналған ескерткіш. Өткен жылы, яғни Жеңістің 76 жылдығын мерекелеу қарсаңында бас қаладағы Сарыарқа даңғылының бойына қойылған ескерткіш бұл күнде жас ұрпақты отаншылдыққа, ерлікке бау­литын ерекше орынға айналып барады. Өйткені 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын иеленіп, соғыс­та небір көзсіз ерлік көрсеткен Талғат Бигелдинов – қазақ ұландарына Отан қорғаудың өшпейтін өнегесін қалдырған өзгеше тұлға.

2021_05_08_04619bb92493ca87614b88a5ed7a9efc_1280x720

 

 

Биыл Талғат Бигелдинов­тің дүниеге келгеніне 100 жыл толды. Нақтылап айтсақ, 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысына қарасты Қорғалжын ауданындағы Майбалық деген шағын ауылда дүниеге келген. Бала күнінен ұшқыш болуды армандаған ол 13 жасында орыс тілді мектепке ауысыпты. Себебі ол кезде заман солай, орыс тілін білмесең көздеген көмбеңе жету қиын. Осылайша орыс тілін еркін меңгерген ол 1938 жылы Бишкектегі аэроклубқа оқуға түседі. Бірақ, ондағылар ұшақ кабинасынан бойы озбай тұрған тапал Талғатты қабылдағысы келмей, біраз бұлтаққа салса керек, ынталы бала жігіт алған бетінен қайтпай, өз білімі мен білігін қайта-қайта дәлелдеуінің арқасында оқуға қабылданады. Дегенмен отбасылық жағдайына байланысты Талғаттың бір жағынан оқып, бір жағынан жұмыс істеуіне тура келеді. Себебі Талғаттың отбасы өте кедей болған, екінші тұрғыдан, ол кез елде аштықтың азабы әлі сейілмеген шақ еді, бала Талғаттың аш қалып шөптің тамырын жеп күнелткен кездері де аз болмаған деседі. Аспанға аңсары ауған баланы бұл қиыншылықтар бөгей алған жоқ, оқуын үздік бітріп, білімін жетілдіру үшін Саратовтағы ұшу мектебіне оқуға түседі. Бұл арадағы оқуын тәмамдаған соң, Бигелдинов өз қалауымен Орынбор маңындағы бомбалаушы авиация мектебіне оқуға түседі, онда ауыр көліктерді жылдам игеріп, көп ұзамай ефрейтор дәрежесін алады. Кейін болашақ ұшқыштардың бір бөлігін майданға жіберу туралы бұйрық келіп, Талғат та майданға шақырылды. Осылайша, Шығыстан шыққан жалғыз ұшқыш әскерилер арасында «ұшқыш танк» деп аталып кеткен «Илюша» ұшағымен 1942 жылы майданға аттанады. Желтоқсан айында Калинин майданындағы 296-авиациялық дивизияның 800-шабуылдаушы авиаполкіне қосылған Бигелдинов фашистер «Қара ажал» деп атап кеткен «Илюша» ұшағымен 305 рет әскери шабуылға шығып, Берлинді алуға қатысты. Салыстыра айтсақ, Кеңес Одағының Батыры атағын 2 рет алған Анатолий Ефремов 244 рет ұшқан, ал Талғат Жақыпбекұлы одан 61 рет артық көкке көтерілді.

Талғаттың майданда көрсеткен ерліктері де аз емес. 1943 жылғы қыркүйек­те Днепр үшін ұрыста оқ тиіп зақымданған ұшағын жау техникасына соғып жарып, өзі қас-қағым сәтте ұшақтан секіріп үлгеріп, ерен ерлігімен әріптестерін таң қалдырса, сол жылы көктемде жаудың жойғыш ұшағын (истребитель) атып түсірген тұңғыш шабуылдау­шы-ұшқышқа (штурмовик) айналды. Ал «Мессершиттің» ішінде отырған адам – әуе шайқасының шебері, 108 ұшақты атып түсірген Испания, Франция мен басқа елде көрсеткен ерлігі үшін марапаттар алған капитан фон Дитрих еді. Жас Талғаттың бұл жаңа әдісі жоғары бағаланып, ол соғыстағы алғашқы марапаты – Екінші дәрежелі Отан соғысы орденін алды. 1944 жылдың 26 қазанында 22 жастағы лейтенант Бигелдиновке Знаменка, Кировоград қалаларын босату кезіндегі ерлігі мен әскери шеберлігі, әрі атып түсірген төрт жау ұшағы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылдың 27 маусымыда Талғат Бигелдинов екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Бұл жолы ол эскадрильяны шебер басқару мен Краков, Оппельн (қазіргі кездегі Ополе), Катовице, Бреслау (қазіргі кездегі Вроцлав), Берлин қалалары үшін шайқастардағы әскери ерлігі үшін марапатталды.

Талғат мінген ұшақта №13 саны таңбаланған. Бұған басқалар үрке қарайтын болса, ұшқыш өзі үшін бұл сан бақытты екенін айтады. Оның үстіне әуеге көтерілер алдында Талғат әрқашан әжесі үйреткен дұғаны оқиды екен. Айтуынша, осы дұғаның арқасында оған оқ дарымай, соғыстан аман оралды. «Балалық шағымда маған мейірімін аямай төккен жалғыз адам болды. Ол 101 жас өмір сүрген асыл әжем еді. Мен аэроклубта оқып жүргенімді білгеннен кейін «балам, саған бір дұға үйретейін. Жаңбыр жауса, найзағай жарқылдаса, соны оқы, сонда найзағай саған түспей, қасыңнан өтеді» деп, үйден, яғни сапарға шыққанда айтылатын дұғаны үйретті. Осы дұғаны айтпай ұшаққа мінген емеспін» дейді ол.

Соғыстан кейінгі бейбіт өмір басталғанда, Талғат Жақыпбекұлы 1956 жылға дейін КСРО Әскери-әуе күштерінде өз қызметін жалғастыра береді. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Тараз сынды көптеген қалаларда аэропорт салу ісіне өлшеу­сіз үлес қосты. 1968 жылы Мәскеу құрылыс-инженерлік институтын бітіріп, Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитетінің жүйесінде басшылық лауазымдарда қызмет етті.

КСРО 2-3-ші, 12-шақырылымындағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен жетім балаларға көмек беретін қайырымдылық қордың президенті болып жұмыс істеді. Өмірінің соңғы 40 жылында аты аңызға айналған ұшқыш омарташылыққа ден қойып, ара өсірген. Осы істі «ермек» пен «бейбіт эскадрилья» деп атап, оған бар бос уақытын арнапты.

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Батырдың денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды. Басына ескерткіш орнатылды. Талғат Бигелдинов туралы «Көкке самғау» сынды бірқатар фильмдер түсірілді. Батырдың өзі де соғыс пен әуедегі шайқас туралы «305-рейд», «Мәңгілік шыңында», «Илдер шабуылдайды» сынды үш кітап жазды.

2000 жылы Көкшетау қаласында Ұлы Отан соғысының даңқты батырының қола мүсіні қойылды. Ақтөбелік жоғары азаматтық ұшқыш авиациясына, сондай-ақ батырдың өзі қайырымдылық іс-шаралары аясында жиі көмек көрсеткен Қарағандыдағы республикалық әскери мектеп-интернатқа Талғат Бигелдиновтің есімі берілді. Сондай-ақ авиация генерал-майорының өмірінің соңғы жылдары өткен Алматыдағы Қонаев көшесіндегі үйіне батырға арнап ескерткіш-тақта қойыл­ды. 2021 жылы елордада мүсіні қойылды

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды