ЖАУАПТЫ ЖАЛТАРА АЛМАС ЖАҢА КОДЕКС

0 110

5511d73f31c90eba6313753db64bca91

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркельдің қатысуымен «Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің  реформасына» арналған брифинг өтті.

Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша Қылмыстық кодекстің жобасын әзірлеу қолға алынған болатын. Жиында Иоган Меркель жаңа жобаның жай-жапсарымен кеңінен таныстырды.

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекс жобасы 467 баптан тұрады. Ең бастысы, ірі ақшалай айып­пұл­дар салу, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі бас бостандығынан айыруға балама шараларды неғұр­­лым кең қолдануға назар аударылған. Мәселен, егер кінәлі адам келтірілген залалды толық өтейтін болса, экономикалық қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылмайды.

2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы бойынша сыбайлас жемқорлық үшін  жауаптылық күшейтілген көрінеді. Егер азамат  жемқорлық қылмыспен сотталса,  белгілі бір қызметтерді атқаруға өмір бақи тыйым салынбақ. Кәмелетке тол­мағандарға қарсы жасалған қылмыстардың санкциялары да күшейтілген. Жасөспірімдерге қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін сотталғандарға балалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын қызметпен айналысуға тыйым салады.

Кодексте медицина саласындағы қылмыстар да шет қалмаған. Қолдан жасалған дәрілік заттардың заңсыз айналымы үшін арнаулы тарау енгізіліп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, мас күйінде көлік апатын жасағандарға жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 10 жылға дейін ұзартылыпты. Ал, құрылыс қызметінің барлық саласында  кездесетін  абайсызда адам өліміне, не өзге де ауыр салдарларға әкеп соққан жағдайлар үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылды.

Сонымен, 2015 жылы 1 қаңтарда Қазақстанның жаңа Қылмыстық кодексі күшiне енеді. «Қылмыстық кодекске түбегейлi жаңа нормалар енгiзiлiп отыр. Оларды iске асыру үшiн қылмыстық iс жүргiзу органдарына, оның ішінде прокурорларға бiршама уақыт қажет. Халыққа ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыратын боламыз» дейді И. Меркель.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =