Жауапкершілік жүгі

0 105

Әлемді жайлаған індеттің еліміздегі қазіргі екінші толқыны біздің қоғамда ұжымдық жауапкершіліктің нашар екенін көрсетіп берді. Яғни, ол әлі де қалыптасу үстінде. Себебі коронавирустан сақтанайық деп сонау наурыз айынан-ақ қанша ескертілсе де, жасыратыны жоқ, барлығымыз бір адамдай карантин талаптарын сақтаған жоқпыз. Жартылай сенбегендер болды, жартылай сенгеннің өзінде де оған үстірт қарағандар кездесті.

Соның бәрі қосылып келгенде, мемлекет тарапынан қанша қатаң талаптар қолға алынса да, ол тек уақытша ғана жемісін берді. Әрине, үкімет жағынан карантиндік шектеулер пандемияның бірінші толқынында аурудың қатты белең алып кетуіне тосқауыл болуға біраз әсер етті, нәтижесі көрінді. Бірақ жоғарыда айтқандай, ұжымдық жауап­кершілік факторы қалай болғанда да екінші толқынның басталып кетуіне себеп болды. Бұл біздің қоғамда осындай бір жаңаша көзқарасты қалыптастыру керек екендігін аңғартып кетті. Өйткені ұжымдық жауапкершілік – тәртіп пен бірліктің алғышарты.
Сондықтан да қазір, әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты мегаполистер коронавирустың «екінші толқынын» бастан кешіруде. Ол дегеніміз – ауруханаларда коронавирус жұқтырғандардың саны артып кетуіне байланысты орын жоқ. Тест сынамаларының саны аз, адамдардың бәріне бірдей жетпейді. Медициналық мамани ресурстардың қажуы. «Тас түскен жеріне ауыр», қазір медицина қызметкерлеріне бас иіп, алғыс айту керек!
Айналып келгенде, қазіргі таңда ауырып жатқан адамдар проблемамен бетпе-бет өздері қалып қойды. Бұрын мемлекет көмектес­кен кезде көпшілігі атүсті қараған болатын, енді «таяқтың екі ұшы бар» демекші, ұжымдық жауапкершілік толық сақталмағандықтан, салмақ қоғамның өзіне түсті. Ол науқас үшін бірінші кезекте психологиялық ауыр соққы болса, екінші кезекте қаржылық қиындықтар тудыруда. Өйткені тесттен өтудің өзі ақылы, дәрілерді де өзің сатып аласың. Отбасына жұқтырмау үшін бөлек үй жалдап кетіп жатқандарды естіп жатырмыз. Ал бұған дейін бастапқы кезеңде мемлекет өзі тексеріп, өзі емдеп, арнайы модульдер салуға ықпал етіп, кешенді шаралар қабылдаған еді. Бұл енді біздің азаматтарға сабақ болуы керек деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан да денсаулық сақтау саласында, қоғамдық тәртіпті нығайту бойынша да жандандыра түсер тұстары, әрине, өте көп.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =