Жатақханаға мұқтаждық қашан шешіледі?

0 28

Еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерде 85 мыңнан астам ­студент жатақханаға мұқтаж. Еске салсақ, Елбасы Бес әлеуметтік бастамасында 2022 жылға дейін студенттерге арнап 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырған болатын.Мемлекет басшысы нақты міндеттері мен орындалу мерзімі бар әлеуметтік бағдарламалар ұсынды. Құрылысты қаржыландыру толығымен инвестордың қаражаты немесе «инвестор + оқу орны» форматында консорциум құру жолымен оқу орындары тарапынан ішінара бірлесіп қаржыландыру есебінен жүзеге асырылады. Жатақхананы енгізгеннен кейін мемлекет әрбір студентке жылына 122 АЕК мөлшерінде мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастыруға кепілдік береді. Жергілікті атқарушы органдар мен оқу орындарының ақпаратына сәйкес, жаңа жатақханалардың құрылысы 169 жер учаскесінде жүзеге асырылады, оның 44-ін әкімдіктер бөлген, ­125-і – оқу орындары мен инвесторлардың меншігінде. Жобаны іске асыру шеңберінде жатақханалардан орын беруді кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған болатын. Яғни 2019 жылы – кемінде 5 мың орын, 2020 жылы – 15 мың орын, 2021 жылы – 25 мың орын, 2022 жылы – 30 мың орын. Өткен жылға жоспарланған 5000 жатын орынның тек 2810-ы ғана пайдалануға беріліпті. Оның жалпы құны 196 млн 397 мың теңгені құрады. Яғни өткен жылғы жоспар тек 57 пайызға ғана орындалып отыр деген сөз. Сол 2810 жатын орынның 1209 орны жаңа жатақхана салу арқылы пайдалануға берілсе, 1601-і қолда бар жатақхананы қайта жаңғырту есебінен студенттерге беріліпті. Дегенмен Елбасы тапсырмасында жатақханаларды жаңғырту емес, тек жаңадан салу мәселесі айтылған еді. Тиісінше бюджет те жаңа жатақханаларды салуға қарастырылған болатын. Сондықтан Елбасы бастамасы өткен жылы толық орындалды деуге ауыз бармайды. Себебі жаңа жатақханаларды қолданысқа беру тапсырмасы тек 25 пайызға ғана орындалды. Бүгінгі таңда ел бо­йынша 67 жоғары оқу орны мен 102 колледж студенттері жатақханаға мұқтаж.

Қарқын неге баяу?

Оған жоғары оқу орындары мен инвесторлар арасындағы келісімшарттың ұзаққа созылуы, жердің дер кезінде бөлінбеуі, жобалық-сметалық құжаттың ұзақ әзірленуі сияқты жайттар кедергісін келтірген-ді. Барлық аймақта жатақханалар құрылысы баяу жүріп жатыр. Ал «Нұр Отанның» республикалық партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев аймақтар мен орталықтағы ақпараттарда сәйкессіздіктер байқалатынын айтты. Жатақханалар құрылысының мерзімі көбіне бюрократиялық кідірістерге байланысты ұзаққа созылады. Кейбір жағдайларда университеттер басшылығы ескі ғимараттарды қалпына келтіру арқылы жаңа орындар жасадық деп көрсетеді. Білім ордалары жаңа жатақханалардың пайдалануға берілгенін хабарлағанымен, жұмыс тобы шын мәнінде жатақхана құрылысының әлі жүріп жатқанын анықтады. Алдағы уақытта көз­бояушылықпен айналысатындарды ерекше бақылауда ұстайтындарын жеткізді.
«Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынас­тары басқармасы» мемлекеттік мекемесі филиалының ақпараты бойынша 2019 жылы студенттер жатақханаларын салу үшін 4 учаске: көпбейінді колледж үшін 1 учаске және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін 3 учаске бөлінді. Бірақ жатақханалардың құрылысы еш жерде басталған жоқ, жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Сонымен қатар, ҚР БҒМ кестесінде 2019 жылдың төртінші тоқсанында Астана медицина университеті үшін 600 орындық жатақхана мен көлік және коммуникация колледжі үшін 340 орындық жатақхананы қайта жаңартуы, Қазақ гуманитарлық-заң университеті үшін 370 орындық жатақхана құрылысы аяқталуы тиіс екендігі көрсетілген. Ал іс жүзінде (2019 жылғы қараша) жоғары көлік және коммуникация колледжі үшін 340 орындық жатақхана және Қазақ гуманитарлық-заң университеті үшін 370 орындық жатақхана ғана пайдалануға берілген. Сонымен қатар, партия филиалы ұсынған Қазақ агротехникалық университеті үшін студенттік жатақхана құрылысы бойынша дайындық жұмыстары туралы ақпарат кестеде көрсетілмеген. Сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттеріне арналған 2464 орындық жатақхана құрылысы еш жерде жүргізілмеген. 2020 жылдың соңында елордада менеджмент және бизнес колледжі үшін 110 орындық және «Даналық» колледжі үшін 450 орындық жатақхана салу жоспарланған.

Елордада жатақханалар жағдайы қалай?

Политехникалық колледж ғимаратын тексеру кезінде көптеген жайсыз жағдайлар анықталды. Себебі колледж жатақханасының апаттық шығу есіктері жабық, терезелер ашылмайды және ғимарат ішінде тазалық сақталмаған. Жатақхана меңгерушісі Талғат Шаймерденовтің ғимаратты араламағанына көп уақыт болған сыңайлы. Ол сынған есіктер мен терезелерді көріп, бұрын мұндай жағдай болмағанын айтып ақталды. Жатақхана ғимараты 1966 жылы салынған, содан бері мүлде жөндеу жұмыстары жүргізілмегені белгілі болды.
Жатақханалардың көпшілігінде бөлмелердің жайсыз екені, еден тесіліп, есік тұтқалары сынғаны аңғарылады. Студенттердің киімін жинастыруға қажетті шкафтар мен бөлме жабдықтары жоқ. Сондай-ақ кереуеттерге төселген төсеніштер тым жұқа, төсек орны таза емес. Тіпті кейбір ер балалардың жастықтары жоқ. Дәретхана жағдайы айтпаса да белгілі. Бөлме қабырғалары ылғал, соның әсерінен жағымсыз иіс шығады. Кір жуатын орынды жатақхана қызметкерлері құлыптап қойған. Осыдан соң жастар қанаты өкілдері колледж басшылығына жағдайды тез арада ретке келтіруді тапсырды.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жатақханаларының жағдайы орташа. Студенттер үйінде көңіл толмайтын жерлер де жоқ емес. Қауіпсіздік басты мәселеге айналып отыр. Жатақхана жағдайымен Студенттер үйінің директоры ­Мерей Шаменов таныстырды. ЕҰУ-дің жатақханаларында асүй мәселесі жолға қойылмаған. Тамақ пісіретін орын лас. Қабырғаларға тамақ майы тиген. Жатақханадағы әр қабатта екі кішкентай тоңазытқыш пен бір ғана микротолқынды пеш бар. Студенттер тамағын жатын бөлмелерінде ішуге мәжбүр. Бұл санитария талаптарының сақталмағанын білдіреді. Терезелердің ашылуы қиын. Студенттер ашып айтпағанымен, жатақханада егеу­құйрық бар деген сыбыс жүр. Университет басшылығы асүйдегі тазалық жайын реттеу үшін жатақхананың әр ғимаратынан ақылы қызмет көрсететін асхана ашуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Дегенмен бұл жоспар әлі талқылануы тиіс.
– Біз 2020 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе аламыз деп уәде бермейміз. Баспалдақ кафельдерін ауыстыруға және оқу залдарын жиһазбен жабдықтауға болады, бірақ қалған құрылысты қажет ететін жерлерді күрделі жөндеу жұмыстары кезінде ғана орындаймыз. Бөлмелер мен асүйді студенттер өздері таза ұстауы тиіс. Ол үшін жастарға тазалық шараларын түсіндіретін боламыз, – дейді Студенттер үйінің директоры Мерей Шаменов.
Жастарға сапалы білім беру үшін студенттер жағдайын ылғи бақылауда ұстаған жөн. Жайсыз­дық болған жағдайда, студенттердің сабақ үлгерімі де нашарлайтыны анық. Алдағы уақытта да студенттерге арналған жатақханаларға тексеріс жүргізіліп отырады.

Мәселе бақылауға алынды

Еліміздегі жатақханалар құрылысының қарқыны туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова өз баяндамасында тапшылықтың әлі де басым екендігін айтып өтті.
«Нұротандықтар» министрлік өкілінің алдына жатақхана бөлмесін жалдау ақысы студенттерге арзанға түспейтінін де көлденең тартты.
– Бұрын жатақханаларда тұру үшін жалдау ақысының шекті құнын анықтайтын бұйрық бар еді. Алайда жатақханалардың қазіргі жай-күйінің төмендеуіне нақ осы құжаттың да әсері болғанын айту керек. Жатақханалардың басым бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Мате­риалдық-техникалық жабдықтауда да қиындықтар бар. Яғни жалға алудан түскен төлем нысандардың сапалы жұмыс істеуі үшін қаражат қалыптастыруды былай қойғанда, қызмет көрсетудің өз құнын да ақтамады. Мемлекеттік ЖОО үшін бұл түйінді мәселе болып отыр. Сондықтан қазіргі жалға алу құнын нарықпен реттеу дұрысырақ, – деді Бибігүл Асылова.
Сонымен қатар, осы жиында комитет мүшелері Білім ми­нистрлігінің бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланғанына да назар аударды. Партиялық бақылау комитеті келтірген мәліметке сү­йенсек, республикалық бюджетте студенттер, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыс беруге 15 миллиард теңге (2019 жылы – 1 млрд теңге, 2020 жылы – 4 млрд теңге, 2021 жылы – 10 млрд теңге) қарастырылған. Соған қарамастан, өткен жылы мемлекеттік тапсырыс аясында бар-жоғы 177 миллион теңге игеріліп, қаражаттың 70 пайыздан астамы қазынаға қайтарылған.
Мәжіліс депутаттары мен Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен жиында аталған мәселені Nur Otan партиясы өз қадағалауында ұстап, бақылауды күшейте түсетіндерін жеткізді.
Алдағы үш жылда екі жылда енгізілгеннен жеті есе көп орынды (70000 орын) іске қосу жоспарланып отыр.
2019 жылдың желтоқсан айының соңындағы жағдай бойынша 29206 орынды енгізу бойынша 76 жоба жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта 14530 төсек жабдықтарын енгізу бойынша 47 шарт жасалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды