«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жатақхана жайы қалай?

0 431

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» ел өміріне қажетті мәселелердің шешім жолдарын көрсеткен. Елбасы студенттердің жағдайын на­зардан тыс қалдырмай, жатақхана салуды тап­сырған еді. Сонымен қатар, жуырда Астанадағы мұғалімдерге де жатақхана берілетіні хабарланды.

Студенттер мүддесіне – 118 миллиард

Студенттер жатақханасы әлі күнге дейін өзекті болып келгені жасырын емес. Жоғары оқу орын­дарының, әсіресе 4-курс сту­денттері жиналып, пәтер жалдап тұруға мәжбүр болады. Мем­лекет басшысы осы мәсе­лені басты назарға алып, өз үн­деуіндегі үшінші бастамасында 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды ерекше тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасынан кейін тиісті мекемелер тез арада жұмысқа кірісіп кеткені де хабарланды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев студенттерге жатақхана салу жұ­мыстары биыл басталатынын, оны жергілікті әкімдіктер, жоғары оқу орындары, жеке компаниялар бірлесіп шешетінін мәлім етті.
Біз осы тұста студенті көп Еуразия ұлттық университетінің жатақханаларындағы жағдайды анықтап көрдік. Мұнда жатақха­наның құны жылына 70-80 мың теңге аралығын құрайды. Биыл оқу орнына 7 мыңнан астам студент түсіпті. Бұған қоса, жа­тақ­хана бойынша шешімін таппай тұрған біршама проблема да баршылық. Мәселен, былтыр №6 студенттер үйінің бір бөлмесіне сегіз адамнан орналастырылған кез болыпты. Ал 4-курс студент­тері арасында көп балалы отбасылардан шыққан, мүгедек секілді арнайы жеңілдігі барынан өзгесі биыл тағы да пәтер жағалап жүр. Былтырғы жартас әлі сол қалпында. Дегенмен университет басшысы алдағы жылдары бұл мәселе біртіндеп шешілетінін жеткізді. «2019-2021 жылдары 3 блоктан тұратын 2467 орындық жатақхана құрылысы басталмақ. Бұл – Елбасы тапсырмасын орындау жолындағы жауапты іс-шара» деді Ерлан Сыдықов есеп беру жиы­нында.
Ал студенттер үйінің құры­лысы үшін жұмсалатын қар­жы республикалық бюджет­тен бөлінбек. Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау мақсатында 118 миллиард теңге қарастырылған. Бірақ бұл сома алдағы бес жыл ішінде кезең-кезеңімен бөлініп отырады. Айта кетер бір мәселе, жатақханалардың салынуы оқу бағасына еш әсер етпейді.

Шағын пәтерлер де салынады

Қазіргі уақытта Астана әкім­­­­дігі мектеп мұғалімдерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесімен айналысып жа­тыр. Қалалық Білім бас­қар­масының басшысы Әнуар Жан­ғозиннің айтуынша, қазір 188-көшенің бойында орна­ласқан бір жатақхананың құ­рылысы аяқталып қалды. Мұн­­да әкімдік 250 маманды қоныс­тандырмақ. Олардың арасында еңбек өтілі жоғары, оқу орнын қызыл дипломмен бітірген ұстаздарға басымдық беріледі. Ал жатақханаға өтініш берген мұғалімдер арнайы құрылған комиссия арқылы іріктеледі. Бір өкініштісі, бөлмелердің тар болуы­на байланысты бұл жатақхана әзірге тек отбасын құрмаған ұстаздарға ғана беріледі.
Осы орайда тәжірибелі мұға­лімдердің көбі отбасылы жандар екені, оларға қандай көмек көрсетілетіні туралы ой келері анық. Астанаға жыл сайын өңірлерден 400-500 мұғалім келеді. Олардың бәрін бір мезетте жатақханамен қамтамасыз ету мүмкін емес. Басқарма бас­шысының айтуынша, хостелдер ұсынылмақ. Ал оның құны айына 35-45 мың теңгені құрайды.
– Аймақтардан келетін ұстаздар саны аз емес әрі олардың көбі – отбасылы жандар. Осыған байланысты әзірге өз саласында үздік атанған ұстаздарды жатақханаға орналастыруды жоспарлап отырмыз. Мысалға, университет түлегі болса, оның жетістіктері мен тағылымдамасы басты назарға алынады. Әрине, еңбек өтілі бар мамандар да ескеріледі, – дейді Әнуар Жанғозин.
Алдағы уақытта мектеп ұс­таз­дарына арналған шағын пә­терлердің құрылысын бастау да жоспарда бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды