«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жатақхана құрылысына жер бөлінді

0 174

Бас қалада баспана мәселесінен бөлек, студенттерге арналған жатақхана жайы да күн тәртібінде тұр.

Қазіргі уақытта елордада 90 мыңға жуық студент білім алуда. Ал қаладағы 32 жатақхана 14 мың сту­дентке ғана арналған. Осы мәселені шешу үшін Астана әкімдігі жоғары оқу орындарына жатақхана құрылысы үшін 15 жер телімін бөлді.
– Үш жыл жатақханада тұрдым. Әке-шешем жұмыс істемейді. Табысы жоқ туралы құжат өткіз­генім үшін жылда бір орын бұйырды. Ал менің группаластарымның көбі 1-курстың өзінде-ақ туыс­тарының үйінде тұрды немесе арзан пәтер жалдап жүрді. Соңғы курсқа жеткенде мен де жатақхананы босатуға мәжбүр болдым. Себебі бізде жо­ғары курс студенттеріне жатақханадан бөлме қарастырылмаған. Менің ойымша, студент болған соң жатақханада жатқан өте ыңғайлы. Сабақ үлгерімің тұрақты болады, оқудан да қалмайсың. Ал кейбір пәтер жалдап жүргендердің сабақ үлгерімі жақсы емес. Өйткені олар сабақтан тыс уақытында пәтерақы мен коммуналдық төлемдерді төлеу үшін қосымша жұмыс істеуге мәжбүр, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің түлегі Нұржан Жалғасұлы.
Жалпы, бұған дейін Елбасы студенттердің жағ­­дайын назардан тыс қал­дырмай, жатақхана са­­луды тапсырған еді. Өйт-
кені жоғары оқу орында­рының, әсіресе 4-курс студенттері бірігіп пәтер жалдайтыны ақиқат.
Егер Астанада 88 мың студенттің 14 мыңы жатақханада тұрса, тұрғын жаймен толық қамтамасыз ету үшін қосымша әлі 11 мың орын қажет. Президенттің үшінші бас­тамасы бойынша оқу орын­дары жатақханаларды салуға әкімдік жалпы ауданы 17 гектарды құ­райтын 15 жер учаскесі бөлінді. Бұл – бір ғана жолы. Мәселені шешудің екінші жолы да ұсынылды. Нақты айтқанда, жергілікті бюджеттен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі шеңберінде хостелдерге колледж студенттерін орналастыру. Бұл үшін айына жергілікті бюджеттен 19 миллион теңге бөлінеді. Айта кетерлігі, студенттер үшін де тиімді жоба. Айына пәтер иесінің бір бөлмесі үшін 20-30 мың теңге төлеп тұрғанша, хостелге 5 мың теңге төлеу әлдеқайда жеңіл. Хостелге төленетін қалған 22 мың теңгені әкімдік төлеп береді. Осылайша 860 студенттің оқу кезіндегі жағдайы жатақхана салынғанша жедел шешіледі.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды